Аналар орталығы ашылды
Тарихта қолына қару алып, топ бастаған да, төрелік айтып, сөз бастаған да, отбасын ұйытып, ұрпағына мәуелі ағаштай өнегелі тәрбие берген де бірегей аналар өткен. Қазақы нақылымыз «жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан» дегеніндей, адам баласының тазалық тәлім бұлағынан сусындауы әкесінің тектілігіне ғана қатысты емес, анасының ақылына да байланысты. Қазақ әйелі әдептілік пен ибалықтан аттамаған, өзгені даттамаған, тек татулықты сақтап отырған – от Анасы, Ұмай Ана! Тағылымды ізді жалғамақ ниетте шыңғыстаулық әжелер бас қосып, ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртуды қолға алыпты.
Қарауылдағы елге тоқтау айтып, ісімен де, сөзімен де үлгі болған әжелердің басын қосып, ұмыт бола бастаған қазақы дәстүрлерді жаңғыртуды ойлаған Қаныша Нұрғалиқызы 2009 жылы «Нұр-сана» орталығын ашқан-ды.
Қаныша НҰРҒАЛИҚЫЗЫ, «Нұр-сана» аналар орталығының жетекшісі, зейнеткер әже:
– Еліміз Тәуелсіздік алып, тіліміз, дініміз қайта оралды. Қасиетті Абай елінің тумасы болған соң, Айпара, Зере, Ұлжан аналарымыздың қалдырған тағылымын өзім қатарлы замандастарыма, ұрпаққа үлгі етуді ұйғардым. Өмірден түйгені бар ұлағатты 14 ананың басын қосып, 70 жыл бойы санасы уланған қазақтың санасына Алланың нұры құйылсын деген оймен «Нұр-сана» орталығын аштым. Талай жыл аудандық әкімшілікте еңбек еткен азаматым Құмарғазы Балтабеков те бұл ойымды құптады. Ана иығында қаншама ауыр жүк, жүрегінде шексіз мейірім бар. Аналардың жақсылығымен дүние өзгереді, гүлденеді, қалыпқа келеді. Аналарға ой салу үшін зейнетке шыққан өнегелі әжелер бірігіп, шілдехана, бесіктой, тұсаукесер, сүндеттойларды Алла разылығы үшін ақысыз қазақы санамызға сай өткіземіз.
Ұрпаққа салиқалы тәрбиелік ой тастауды ғана діттеген әжелер өз зейнетақыларына ұлттық нақышта екі түрлі ұлттық киім тіктіртіпті. Үкі тағылған кимешек-жаулық және ою-өрнекті концерттік бағдарламаға арналған киім. Бұқар жырау жырында найзаның басына үкі тағып, халықты береке-бірлікке шақырғандығын ескерген аналар кимешектеріне үкі тағуын халықты береке-бірлікке, татулыққа шақырумен түсіндіреді. Аналық ұлағаттың «бісмілләсін» Құрбан айтта ел қарияларының басын қосып, құрбандық шалумен бастаған апалар дәстүрлі шағын тойларға атсалысып тұрады.
Қазір Абай ауданының бірде-бір тойы дәстүрді тірілткен осы әжелерсіз өтпейді. Абайдың 165 жылдық мерейтойында өмірге бала келуіне қатысты ұлттық дәстүрлерді сахналық қойылым арқылы көрсеткен аналарға аудан әкімшілігі ақылдасып, дайындалатын арнайы орынды бөліп берген екен. Аналардан құралған ансамбльдің жеке музыканты, тігіншісі де бар. Мектеп оқушыларының ұлттық санасын оятуды көздеген мектеп ұжымы «нұр-саналық» апаларды ашық сабақтарға арнайы шақыртып та тұратын көрінеді.