Аниматорлар жеке отау тігуді аңсайды
Отандық мультипликация саласын жандандыруды көксеген бір топ аниматор осыдан біраз бұрын «Қазақмультфильм» студиясын құру туралы мәселе көтерген болатын. Мамандар пікірінше, «Қазақмультфильм» еліміздегі анимация саласының ұстаханасына айналып, ұлт ұланының санасын жаулаған Наруто, Өрмекші адам, Спанч Боб және тасбақа Ниндзя тәрізді жателдік мәдениет жемістерін көгілдір экран төрінен біртіндеп ығыстырып шығуы тиіс. Сондай-ақ болашақ студияға кішкентай көрермендерін мейірімділікке, адамгершілікке тәрбиелеп, жақсылыққа баулитын жаңа қаһармандар туғызу міндеті де жүктелмек.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Қазақстан аниматорлары ассоциациясының президенті Ғали Мырзашев жаңа студия анимация жанрына жан бітіреді деп есептейді. Әрине, мультфильм – бізде кеше ғана пайда болған нәрсе емес, 45 жылдық тарихы бар, бағыт-бағдары, мақсат-мүдесі айқын сала. Әйтсе де Ғали Мырзашев «анимациямыздың бүгінгі жай-күйі зейнеткерлік жасқа жақындағанына қарамастан, тұрақты мекенжайы, тіркемесі жоқ баспанасыздың күйіне ұқсас» деген пікірде. Сөйте тұра өзі дәрменсіз бейбақтан анимация өнерінің теңдессіз туындыларын ұсыну, былайша айтқанда, жалаң қолмен жауды жеңіп, Америка ашу талап етілуде.
Ел аниматорларының көңіліне қонбайтын жайттардың бірі – түсірген фильмдерінің құқықтық меншігі толықтай мемлекетке тиесілі болатындығы. Меншік құқы өзінде болмағаннан кейін режиссердің фильм арқылы табыс табуы да мүмкін емес. Мысалы, шетелдік аниматорлар туындысын прокаттаумен-ақ байитын болса, бізде авторлардың қаржы-қаражат тұрғысындағы мүддесі мүлде ескерілмеген. Бұл ретте, Ғали Мырзашевті отандық анимация саласында қаржыландыру мен продюсерлік етуге байланысты да нақты бір жүйенің жоқтығы қынжылтады. «Егер кинематография саласын идеологиялық майдан деп есептейтін болсақ, бұл тараптағы жеңілісіміз жетіп-артылады. Шындығында, сол мультиктердің көмегімен-ақ жат мәдениеттің басқыншылығына қарсы тұруға болар еді. Бүлдіршіндерімізді Спанч Бобпен алдағанды қоятын уақыт жетті» дейді ол. Бір кезде бізде де «Қарлығаштың құйрығы неге айыр», «Ақсақ құлан», «Ашкөздіктің азабы» іспетті басқа да көптеген жақсы дүниелер болды. Бәсекеге қабілетті мультфильмдерді қазір де түсіруге болады. Бұған сенімді ассоциация президенті «егер де ойымды жүзеге асыруға мүмкіндік берсе, алдағы бес жыл ішінде анимация саласын айтарлықтай деңгейге көтерер едім» деп отыр. Нақты іске келсек, Ғали Мырзашевтің ойынша, қазіргі «Қазақфильм» территориясынан 4-5 млн долларға жаңа студия салып, толықтай жабдықтауға болады. Ал дайын ғимарат болған жағдайда Қазақстан анимациясы алдағы екі жыл көлемінде-ақ жұртшылық назарын өзіне аудармақ ниетте.
Дегенмен Ғали Мырзашевтің жеке студия ашу туралы ойына «Қазақфильм» мамандары «жақсы идея, бірақ оның уақыты әлі келе қойған жоқ» деп қарайды. «Себебі бізде сапалы мультфильм жасауға қажетті техникалық база жеткілікті. Мұның сыртында қазір Алматы мен Астанада және Көкшетауда бір-бірден, ал Шымкентте екі, яғни барлығы бес жекеменшік студия жұмыс істеп жатыр. «Қазақфильм» олармен тығыз байланыста. Анимация үшін бір орталықтың болғаны және барлық шығармашылық күштердің соның маңайына топтасқаны қажет. Қазіргі таңда ондай орталық – «Қазақфильм» болып отыр», – дейді киностудиядағы анимациялық бірлестік жетекшісі Жәкен Дәненов.
«Қазақмультфильм» студиясын құру туралы бастама көтерушілер Қытайда анимациялық киноның 20 студиясы бар екендігін, тіпті Моңғолия мен Башқұртстанда да бұлардың ара жігі әлдеқашан айқындалғанын айтады. Ал Ресей елінде «Мосфильм» мен «Союзмультфильм» – әрқайсысы өз бағыт-бағдары бар, екі бөлек шығармашылық ұйым. Отандық анимацияға оңаша отау тігуді көксейтіндер осыны мысал етсе, бұған қарсы топ «қаржының әр қазанға жеке құйылуы жақсылыққа апармайды. Мұндай жағдайда нәтиже сұйылып, ақырында сұрауы болмай кетеді» дегенді қауіп етеді. Бірақ қалай дегенмен де, жеке анимациялық студия ашу – кез келген елдің арманы екендігін ешкім жоққа шығармайды. Алайда ол үшін, ең біріншіден, қомақты қаражат, екіншіден, сапалы өнімдерді жүйелі түрде ұсынып отыратын, кәсіби шеберлігі жоғары мамандар қажет. Өкінішке қарай, бізде ондай мамандар саусақпен санарлықтай ғана. Мұның себебін Жәкен Дәненов: «Анимация 1967-1991 жылдар аралығында, яғни кеңес дәуірінде қатты дамыды. Одақ тараған кезде өнердің бұл түрі де тоқырауға ұшырады. Тек араға он жыл салып барып қана еңсесін қайта тіктеді. Бірақ ол кезде шынайы мамандардың дені өнерден қол үзіп кеткен болатын» деп түсіндіреді.
Ал «Қазақмультфильм» студиясын құру туралы ұсыныстың ұйытқысы Ғали Мырзашев өз ой-пікірін тиісті мекемелерге, яғни Мәдениет министрлігіне, тіпті «Нұр Отанға» да жолдаған. Содан бері де үш-төрт ай өткеніне қарамастан, билік тарапынан әзірге жауап жоқ. Бірақ өз алдына жеке шаңырақ көтеруді көксеген аниматорлар бұл мәселе оң шешімін табады деген үмітте.