Әнмен өрілген өмірге ескерткіш қойылды
Алматыда қазақ музыкасы мен драма мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан әнші, дәстүрлі ән өнерінің көрнекті тұлғасы, фольклорымыздың дарынды насихаттаушысы Жүсіпбек Елебековке ескерткіш қойылды. Енді Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжіне келген адам ең алдымен оның еңселі мүсініне жолығатын болды.
Заманында қазақтың әнін күллі Еуропаға танытқан Әміре «Жүсіпбектен асқан әншіні әлі естіген емеспін» деген ғой. Әміреден бата алған табиғи талантқа тағдыр қазақтың ән өнерінің жанашыры, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырушы болуды жазды. Қарқаралыда, Арқаның әншілік дәстүрінің ортасында туған Жүсіпбек бес жасында ағасы Жақыпбек Балғабайұлынан бастап, есейіп, азамат болғанша осы қасиетті даланың дарабоздары Ғаббас Айтбаев, Қали Байжанов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақовтардың өнегесін алды. Өткенді жаңғыртуды, жалғастыруды ойлай жүріп, жетілдіруді, жас ұрпаққа жаңаша үйретуді де естен шығармады. Сөйтіп, есімі ұмытылған халық әнші-сазгерлерінің, кейін ұлы Абайдың, әннің бекзаты – Ақан серінің, жаны сұлу Біржан салдың, ән өнеріне өзіндік бағыт берген Жаяу Мұса мен Балуан Шолақтың, Мәди, Естай, Майра, Ыбырайлардың шығармаларын қара домбырасымен жалпақ жұртқа насихаттап, олардың қай-қайсысына да Елебековше әр беріп отырды. Халықтың бай музыкалық мұрасын орындаушылық жағынан классикалық деңгейге көтеріп, оларға зерттеушілердің көзқарасын аудара білді. Ел аузындағы шығармаларды нотаға түсіріп, құнды дүниелер қатарына қосты. Жүсіпбектің сахнадағы өнері ұлттық драматургияның, оның ішінде, қазақ операсы мен балетінің ешкімге жалтақтамай өріс алуына ықпал етті. Ал оның педагогикалық қызметі тіпті ұшан-теңіз. Жезтаңдай дарыннан тәлім алған небір жас халық әндерін орындаудың қас шеберлері атанды. Мәдениет Ешекеев, Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов, Ғалым Мұхамедин, Мырзахмет Мүкаманов, Тұрсынғазы Рахимов, Келденбай Өлмесеков сияқты Жүсіпбек мектебінен шыққан дүлдүлдер кейін дәстүрлі ән өнерінің талай-талай талапты өкілдерін туғызды. Бүгінде олардың өзінің шәкірттері бір-бір тұлғаға айналды.
Рамазан Стамғазиев, әнші, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
– Жүсекең – ғасырлардан ғасырларға жеткен қазақтың әншілік дәстүрінің аты аңызға айналған өкілі. Жүсекең атындағы колледжді бітірген барлық дәстүрлі әншілер, осы әншілік дәстүрді қадірлейтін басқа да тұлғалар бүгін жиылып, қойылған мүсінге ризашылығын білдіріп жатыр. Жүсекеңнің жары – Хабиба апамыз бен сол кісілердің өкшесін басқан қазақтың халық әртістері, еңбек сіңірген әртістері, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты атанған алдыңғы буын аға-апаларымыздың бәрі бүгін Жүсекеңнің мүсініне тағзым етіп, дүбірлі кештің көрігін одан әрі қыздыруда. Жүсекеңнің еткен еңбегі халықтың есінде мәңгі сақталады, өнердегі дәстүрі әлі де жалғаса береді!
Халық әртісі атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің кіреберісіне қойылған ескерткіштің ашылуына дәстүрлі ән саласының, ұлттық сахна өнерінің майталмандары тегіс жиналды. Төрде күміс көмейдің адал жары, 95-тегі кейуана, бүгінгі театр әртістерінің анасы – Хабиба Елебекова отырды. Ашылған ескерткіш әп-сәтте құшақ-құшақ гүлге толды. «Жобамен жарты жыл бойы жұмыс істедік. Эскиздерін колледж басшылығы Хабиба апаймен бірге қарап, ұсыныстарын айтып отырды. Алдымен макеті ғаныштан жасалды, кейін мүсінді Қордайдың гранитінен соғып, орнаттық. Жүсіпбек Елебековпен бірге жүрген ақсақалдардың айтуына қарағанда, мүсін ол кісінің табиғатына дәл келеді. «Жүсекеңнің бет-әлпеті ғана емес, ішкі сезімі де көрініп тұр» деп айтып жатыр. Мүсіннің сәтті шығып, лайықты орнына қойылғаны мен үшін өте қуанышты», – дейді мүсіннің авторы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының мүсін кафедрасының оқытушысы, профессор Мәлік Жүнісбаев. «Жүсіпбек Елебековті «ұлттық өнеріміздің пайғамбары» десек, артық болмайды. Мұндай адамдардың қайтып тууы екіталай. Жүсекеңдердің, Ғарекеңдердің, Қаллекилердің ізін ала Шәкен Айманов бастаған таланттар буыны келді. Жүсекең Шәкенді ерекше жақсы көріп, «Хабиба, Шәкеннің сыбағасын сақтап қой» деп отырушы еді. Шәкеннің амандасуға қолы тимей кеткен күндері «Әй, ана бала қайда жүр?» деп сағынып отыратын. Ұлыларды ұлы махаббат табыстырады. Мен Жүсекең, Ғарекең сияқты ұлыларды көріп қалғаныма өзімді бақытты санаймын», – деп, өзінің лебізін білдірген актер, режиссер, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов ел ішіндегі талантты қарадомалақтардың жолын ашу мәселесіне көпшіліктің назарын аударды. «Республикалық эстрада-цирк колледжі – шынымен де, өнердің бір керемет ордасы. Талай таланттар осыдан шықты. Мына жерде Білім және ғылым министрлігінің өкілдері отыр, сіздерге айтарым, бұл колледжге, өнерге көбірек көңіл бөліңіздер! Оқуды ақылы етіп, өнер мен білімді саудаға салуды қойыңыздар! Таланттың бәрі ауылдан шығады. Ал ауылда ақша жоқ! Сөйтіп, талант сол күйінше қалады. Сондықтан, керісінше, талантты балаларды көп қабылдап, оларға шәкіртақы беріңіздер! Байлардың дарынсыз балаларын оқытудан колледждің беделі төмендейді! Бұл колледжді, тіпті өнер саласында жоғары білім беретін оқу орнына айналдыру керек. Осындай оқу орындарын аймақтарда ашу қажет. Бұл іске меценаттар көңіл бөлуі тиіс!» деген Әшімовке студенттер қауымы қол шапалақтап, айрықша қошемет көрсетті. Асанәлі ақсақалдан кейін Жүсіпбек әншінің көзін көргендер мен тәлімін алғандар кезек-кезек шығып, сөз сөйледі.
Әшірбек Сығай, театр сыншысы, аудармашы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері:
– Әдемі әнмен өрілген өмір еңселі де биік тұғырға қонды. Қазақ халқының басына көтеріп, маңдайына басқан дүлдүл әншісі бүгін тағы да өз халқының ортасынан үн қатып тұр. Ол филармониялық, концерттік орындаушы ғана емес, драма әртісі, опера әншісі де еді. Операда «Қыз Жібектегі» Төлегенді айтса, драмада «Еңлік-Кебектегі» Жапалды ойнады. Бұл сонау Қарқаралыдан келген қарадомалақ баланың жан-жақты қырын, ішкі бай әлемін, биік рухын көрсетеді. Мен бірде «Екі жақсы қосылмайды» дегенді қазақтың қымыз ішіп отырып айта салған бопса сөзі деп жазып едім. Сол сөзімнің дәлелі – екі жақсы қосылмайтын болса, Жүсекең қазақтың тамаша қыздарының бірі – Хабиба апайға қосылар ма еді?! Екеуінің ғұмыры – эстетикалық гармония. Қазақтың әнін жүрегімен, кеудесімен, тұла бойымен, тамырымен айтқан Жүсекеңнің мектебі мәңгілік. Жүсекең Біржан, Ақандардың, Қали Байжановтардың құнды дүниелерін алып қалып, бері жылжытты. Қайрат Байбосынов пен Жәнібек Кәрменовтер және кейінгі буын Жүсекеңнің сол жеткізіп берген мұрасын әрі қарай дамытты.
Тұңғышбай Жаманқұлов, актер, режиссер, Қазақстанның Халық әртісі:
– Қазақ халқының бағы аспандап тұрса, тарихта ізі қалып жатса, неше ықылым замандарда өзінің атын өшірмей, бүгінге жетіп жатса, онда, ең бірінші, бұл Жүсекеңдер сияқты жүйріктерінің арқасы ғой деп ойлау керек. Халықтың өнері – елдің маңдайындағы асыл тасы, басындағы алтын тәжі. Ол тәж жарқыраған сайын халықтың да мерейі өсе түседі. Жылдан-жылға жан-жағымызға бажайлай қарағанда, осыған көзіміз жетіп келеді. Халықтың есінде «цементтеліп» қалған Жүсіпбек, Манарбек, Ғарифолла ағалар – кейінгі ұрпаққа қазақтың қазақ екенін ұмыттырмайтындай ерекше әсер еткен тұлғалар. Міне, бүгін ұлы тұлғамыздың өзінің құттыхана «мешітінің» алдындағы мүсіні қара домбырасын құшақтап, ел-жұртқа халқының өнерін, мәдениетін аманаттап, соны биік ұстауға шақырып тұрғандай. Жүсекең эстет әнші болатын. Бұл кісінің жүріс-тұрысы да өнеріне сай, таза, тағылымды еді. Ал Хабиба апамыздың Жүсекеңді ұлағаттап, табынып жүруі бізге қазақ халқының ұлы азаматын, өнерпазын ұлықтаудың мысалын көрсетті.
Хабиба Елебекова, Ж.Елебековтің жары, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
– Шіркін, бұл дүниеде өнерге жететін ештеңе жоқ деп білемін. Өнер бар жерде өмір бар. Өнерсіз өмірдің сәні жоқ. Сол көркем өнердің ішінде адамның бойын тез елітіп, өзіне еркін тартып алатыны – ән. Мен бұл өнерді қадірлеп, түсініп айтатын азаматтарға алғысымды айтқым келеді. Жүсекеңнің мүсінін жасаған азаматқа да алғысым үлкен. Жиналған қауым, бәріңізге осы істі қолға алғандарыңызға рақметімді айтамын! Қазақ халқына тыныштық берсін! Кең жазира даланы халқым ешкімге бермей сақтап өткен. Бірақ бізді Ресейдің өзі «қайсақ», «қырғыз» дейтін. Ал бүгінде әлемде қазақты білмейтін халық жоқ. Азғантай жылдың ішінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзін де, халқын да жер жүзіне танытты! Мен бүгін соған қуанамын!