Әнші Баян туралы баян
Баян – әні мен сәні жарасқан қарапайым қазақ әйелі. «Апырау, бұл қай Баян?» деп таңырқап отырған боларсыздар. Бұл – бүгінде алпысқа келсе де, ажары таймаған, асқан әншілігімен аты Алты Алашқа танылған өнер иесі Баян Сағымбаева. Жастайынан өзінің табиғи әсем дауысымен көпшіліктен дараланған Баяндай талдырмаш қыздың классикалық халық әні «Гауһар тасты» нақышына келтіре орындағанын тыңдаған жұрт оны Баян емес, Гауһартас деп атайтын. Сондай-ақ ол он алты жасында Мұхтар Әуезовтің «Каракөз» спектакліндегі Қаракөз рөлін, Мәскеу сахнасында Бейімбет Майлиннің «Жалбыр» пьесасындағы Хадишаның рөлін шебер ойнап, талайды таңдай қақтырған еді.
Республика сарайында екі күннің бірінде болатын концерттерге көрермен рухани жан азығын алуға, күйкі тіршіліктен бір уақыт болса да, демалуға барады. Алайда бүгінде залға жиналған қауым сахнадағы әншінің жарқылдаған киіміне, билеген қимылына алданып, әннен әсер ала алмай, ұзын сонар концерттің соңында бастары ауырып, шаршап шығатыны шындық. Ілуде бір концерттерде ғана көрерменнің сахнадағы әншімен іштей сырласқандай, ұйып тыңдап отырғанын байқасың. Жүрегінен шыққан әнді тыңдарманының жүрегіне жеткізе білетін әншілердің бірегейі – Баян Сағымбаева. Абайды дүниеге әкелген топырақтың перзенті әнші Баян өзінің жеке концерттерінде оркестрдің сүйемелдеуімен халық әндерін, фортепианоның сүйемелдеуінде романстар орындайды. Әдеттегідей бір әншінің жеке концертінде бірнеше әншінің ән салуы да Баянның ән кешінде кездеспейді. Оның өнерін бағалайтын жұрт концерт бітсе де, әншіні сахнадан жібермей, әсем әндерін жалғастыруға қолқа салып жатады. «Әнші үшін халықтың ықыласынан артық атақтың қажеті жоқ. Кейде концертіме келген адамдардың ағыл-тегіл жылап отырғанын байқаймын. Олардан «Мен қайғыратындай ән айттым ба, неге жыладыңыз?» деп сұрасам, тіпті көз жасына неге ерік бергендерін өздері білмей жатады. Өз басым қайғылы ән айтып, жеке тағдырымды халықтың алдына шығарғым келмейді», – дейді әнші.
Қазақтың дүлдүл әншісі Жәнібек Кәрменовпен өнер жолын бірге бастаған Баян Сағымбаева тәңірі сыйға тартқан талантының арқасында жауқазындай шағында-ақ талай биікті бағындырса да, қазақ әйеліне тән биязылықтың шегінен аттамады. Ол тек өнердің ғана өрінен көрінуге әрекет етпей, әйел бақыты мен ана болу бақытын бәрінен жоғары қойды. Нәзікжанды әйел адам үшін әрі өнеріңді ақсатпай, әрі бала тәрбиесіне көңіл бөліп, отбасының берекесі болып отырудың қаншалықты қиын екенін өнер адамдары жақсы түсінеді. Баян апай өмірлік серігінен ерте айырылып, балаларын жалғыз жүріп жеткізді. Шығармашылық еңбек жолының алғашқы жылдарында Баян Сағымбаева Алматыдағы «Қазақконцертте» біраз уақыт жұмыс істеді. Кейіннен балаларының қамымен өзінің туған жеріне оралды. «Шығыс елінің бозторғайы» атанған Ертістің ерке қызы Баян – бүгінде мәпелеп қыз өсіріп, екі ұлынан немере сүйіп отырған ардақты әже.
Биыл өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Баян Сағымбаева жақында еліміздің рухани астанасы Алматыға шығармашылығына қатысты шаруаларымен келіп, өзінің дос-жарандарымен кездесіп қайтқан еді. Шығыс Қазақстан облысы Мәдениет басқармасының басшысы Махмұт Тойкенов сынды өнерге жанашыр азамат Баян Сағымбаеваның мерейтойына орай біраз қаржы бөліп, әншінің бірнеше жаңа ән жазуына мүмкіндік жасаған екен. Алматыға келген сапарында сәті түсіп, біздің редакциямызға да ат басын бұрған Баян апаймен кездескенімізде, ол кісінің ән өнерінің бүгіні мен болашағына алаңдаулы екенін аңғардық.
Баян САҒЫМБАЕВА, әнші:
– Қазір жердегі «жұлдыз» деген аспандағы жұлдыздан да көбейіп кетті ғой. Табиғи дауысы жоқ, ырғақ пен дыбыстан хабарсыз, соған қарамастан, компьютердің күшімен дауысын өңдеп-жөндеп ән айтатын әншілер жетіп артылады. Қазіргі орындалып жүрген әндердің көбінде мән-мағына жоқ. Мысалы, біз «Қайықта» деген әнді салғанда, өзіміздің қайықта отырғанымызды елестететінбіз. «Түнгі самал егін басын тербейді» дегенде, көз алдыңа жайқалып тұрған егін елестейтін. Сезім, бейне, сурет жоқ әндер бүгінде тек «жаным», «күнім», «өртеніп барамын» деген арзан сөзге құрылады. Сондай-ақ бүгінде қайғылы әндер көбейді, «сен басқаға кетіп қалдың», «неге мені тастап кеттің», «сенен айырылып қалдым» деген зар көп. Осындай әндерді тыңдап отырып, қазіргі жастардың махаббатқа өте тұрақсыздығына таңғаласың. Тағы бір менің жаныма бататыны – жастар небір ғажап әндерді, кең тынысты халық әндерін бұзып айтады. Өзбектің сарынына салуға құмар. Осындай концерттерге баратын көрерменге де таңым бар. Теледидардан қарасаң, концерттерде зал толы отырады. Кейде тіпті өзімді заман ағымынан қалып қойдым ба деп те ойлаймын. Бірақ бір ән жазып алып, джинсы шалбар киіп, жанарыңды көлегейлейтін кепканы жапсырып алып, сахнаға шыға беру мәдениет пе? Дәл осы менің артта қалғандығым емес шығар деп тағы ойлап қоямын. Тума таланттар, жақсы әншілер жоқ емес. Бірақ қазіргі заманда қанша мықты әнші болсаң да, қалтаңда ақшаң болмаса, кімге керексің?
Есте қалған естелік....
Әлі есімде, Алматыдағы үлкен театрдың сахнасында 16 жасымда мен ұлы жазушы М.Әуезовтің «Қаракөз» спектакліндегі Қаракөзді ойнадым. Сол уақытта қойылымды тамашалауға марқұм Жәнібек те келіпті. Спектакльде Қаракөздің жынданатын жерінде Жәнібек мені шынымен жынданып кетті екен деп шошып кетсе керек, қойылым аяқталғаннан кейін жаныма жүгіріп келіп, қолымнан қайта-қайта қысып, «Баян, Баян, бәрі дұрыс па?» – дей береді. Режиссерге: «Жас қызға мұндай рөлді неге бересіздер?» – деп қояды. Осы спектакльден кейін мен Фарида Шәріпова, Серке Қожамқұлов, Әзірбайжан Мәмбетов сынды өнер майталмандарының көзіне түсіп, маған Алматыда қалуға ұсыныс түсті. Бірақ балалығым ғой, туған жерден жыраққа шығып, ата-анадан алыстап көрмегендіктен, мен бұл ұсынысты қабыл алмадым. Өмірімдегі тағы бір есімде қалған сәттердің бірі – 1979 жылы Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанып, Мәскеуден келе салысымен, ашық алаңда халықтың алдында үзіліссіз 17 ән айттым. Бұл менің алғашқы жеке концертім еді. Сонда халықтың мені сахнадан жібергісі келмегені мен үшін үлкен баға болды.
Баян апай өнер адамы ретінде әнге, оның мәтініне қалай ерекше талап-талғаммен қараса, адам бойындағы рухани тазалықты, терең білімді де солай бағалайтынын байқамау мүмкін емес. «Бәріміз пендеміз, мінсіз адам болмайды. Көрешекті көріп, жердің батпағын басып жүргеннен кейін ғана адам тұлға болып қалыптасады», – дейді әнші.