Әнші мен автордың «Саз сұхбаты»
Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы, сазгер Ілия Жақановтың «Саз сұхбат» атты ән кеші өтті. Онда ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Кенжеғали Мыржықбай ән салып, сазгердің шығармаларын орындады.
Ұлттық өнерімізді біраздан бері зерттеп жүрген белгілі тарихшы һәм сазгер І.Жақановтың осы уақытқа дейін көптеген еңбектері жарық көрді. Оның ішінде «Қайта оралған ән», «Екі жирен», «Бірінші концерт», «Кертолғау», «Ықылас», «Қобыз» және тағы басқа кесек-кесек туындылар бар. Автордың «Әнің болып төгілемін», «Ғашықтық әндер» және «Доссор вальсі» атты ән жинақтары кәсіби әншілердің репертуарында кеңінен орын алып, ондағы шығармаларды ән сүйер қауым әлі күнге дейін шалқыта шырқап жүр. Қазақ теледидарында қызмет еткен кезде, І.Жақановтың бастамасымен Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Естай, Жаяу Мұса, Мәди, Майра, Балуан Шолақ, Қазақстанның танымал композиторлары – Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди, Сыдық Мұхамеджанов, Қапан Мусин, Бақытжан Байқадамовтың портреттері, сондай-ақ «Шоқан және музыка», «Жамбыл және музыка», «Сәкен және музыка» атты телебағдарламалар қазақ теледидарының алтын қорына енді. Ал қазақ радиосында «Бурабайдың бауырындай», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Біржан сал өмірінен», Гете, Лермонтов, Бетховен, Чайковский, Штраус, Шуберт, Шопенге бағышталған радиоинсценировкалар дүниеге келді. «Ілия Жақанов – жиһангез, бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Республикамыздың төрт құбыласында, іргедегі Ресей, Қытай, Моңғолия, Иран, Ауғанстан, Түркия қазақтарында болмаған атырап шамалы. Сонда ел аралап іздегені – ылғи өлең-жырлар, ән мен күй. Осы ұзақ жылдар бойы жүргізген зерттеулері нәтижесінде ол қазақ әндерінің арғы-бергі тарихын қозғайтын еңбектер және әлем қазақтары ғасырлар бойы шырқаған ән-жыр, қиссалар жинақтап, тиянақты түрде жұмыс жүргізуде. Ілекең – 200-ден астам ән жазған адам. Олардың бәрі, «Түркістан», «Қырғызстан», «Балқантау», «Атырау» болып сала-саламен бөлініп, терең сырлы сезімдерден құралған. Әсіресе, Ілекеңнің вокалдық туындылары ішіндегі шоқтығы биік шығармалардың бірі – Лермонтовтан Абай аударған «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз» атты хор-капелласы мен жеке дауысқа арнап жазған поэмасы. Белгілі композиторлар оған жоғары баға берген», – дейді К.Мыржықбай.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор К.Мыржықбай өзі болса, осы уақытқа дейін ұлттық опера өнерінде талай танымал образдарды сомдап, сахна майталманы атанғанын халық жақсы біледі. Абай мен Пушкиннің кәусар жырларын жұртшылыққа жеткізу шеберлігін де біз жоғары бағалаймыз. «Кенжеғалидың артықшылығы сол, қай сахнада ән салса да, тыңдаушысын өзіне тез баурап алады. Өйткені ол – әннің тамырын түбірінде сақтап, қаймағын бұзбай орындап жүрген санаулы әншілердің бірі. Кәсіби шеберлікпен жоғары деңгейде өнер көрсететін сахна саңлағына құрмет пен қошеметтің ерекше болатын себебі содан болса керек», – дейді әншінің замандастары. Осы жолы да Шығыс Қазақстан облысының тумасы көрермен қауымның көңілін бір сергітіп тастады. Бұрын шырқап жүрген әндерінің өзі Елена Сахноның рояльдегі сүйемелдеуімен өте тұшымды өрнекте жаңғырып, құлақ құрышын қандырды. Түрлі жанрдағы музыкалық шығармалар көрерменді жалықтырған жоқ. Кенжеғалидың жалғыз өзі сахнаны өнердің сайын сахарасына айналдырып, кесек-кесек шығармалармен келген жұрттың жанын марқайтты. Ал кешті жүргізген сазгер Ілия Жақанов салиқалы сұхбат құрып, өз шығармашылығы мен қызметін сан алуан сырлар шертіп отырды.
Ілия ЖАҚАНОВ, мәдениет қайраткері, жазушы, сазгер:
– Мен жүрегімдегі барлық сазды әуездерді қазақтың «елім-ай» мен «еркем-айларынан» алдым. Анамның сүтін қалай емсем, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Естай, Жаяу Мұса, Мәди, Майра және қазақтың кейінгі композиторларының шығармаларын солай емдім. Менің бойымдағы тағы бір колорит, ол – қырғыз колориті. Қазақ әнін қалай зерттесем, қырғыз әуеніне де солай ендім. Шыны керек, біз өз кезімізде батыстың музыкасынан, адамның жан дүниесін тоздыратын экспансиясынан аман өстік. Ал бүгінгі жағдайда қазақтың классикалық әні ешуақытта жазылмайды деп ойлаймын. Біз болсақ, соңғы дәтіміз біткенше, өз әнімізді жазып кетуге тырысамыз.
Фариза ОҢҒАРСЫНОВА, Қазақстанның халық жазушысы, ақын:
– Ашығын айту керек, бас кезінде Еуразия ұлттық университеті ашылған кезде, бұл жерде сан алуан шығармашылық кештер мен белгілі ақын-жазушылармен кездесулер жиі өтіп тұратын. Бұл жер Астанадағы өнер ордасы болып еді. Соңғы жылдары оның бәрі сұйықтала бастады. Ал «Саз сұхбат» сияқты ән кешін өткізу арқылы Еуразия университеті өз абыройын қайта көтергендей болды. Қазақ қанша ғалым, қанша бизнесмен болсын, оның бәрі түк те емес. Қазақтың өнері мен әдебиеті жасамаса, ұлттың ұлт болмасына кепілдік беремін.