Әнші туар, тыңдаушы тумай қор болады-ау!
Алаш аспанын әуелеген әнімен тербеп, жиырмаға толмай-ақ талайларды мойындатып, жаны «аласа» жандарға ұлылық ұғымын ұқтыруға ұмтылған дара тұлға Жәнібек Кәрменовтің өмірден озғанына он жеті жылдың жүзі болыпты. Нағыз қамал алар шағында қайран ер өзі талай әнін шырқаған Ақанның Құлагерінің жолын құшты. Дәстүрлі ән додасында желдей жүйткіп келе жатқан жүйріктің ажалы автомобиль ішінде отыр екен... Амал не, алпыс жылдығын алаш жұрты Жәнібексіз қарсы алды.
Әуелеген әнімен, қайталанбас үнімен қатар, әншінің артында үш баласы мен жары қалып еді. Алпыс жылдық мерейтой қарсаңында Жәнібек Кәрменовтің отбасының жағдайын білуді біз өзімізге парыз санадық. Асыл жары Тұрар Байгенқызы мен Әсет, Ақбота, Шаһкерім сынды ұл-қыздары және немерелері бізді құшақ жая қарсы алды.
– Көңіл құсы құйқылжып отырған сәтінде Жәнібек Біржанның «Айтбайын» салушы еді, керісінше еңсесі түсіп, жанын мұң торласа, Абайдан жұбаныш іздейтін. Ал ең алғаш оның аузынан естіген әнім Иманжүсіптің «Ерейментауы» болатын, – деп бастады әңгімесін Тұрар апай.
– Мен жасымда, жігіттер, топтан астым,
Менменсіген талайдың көңілін бастым.
Қасыма ерген жолдасқа олжа салып,
Бір күнде сегіз қызды алып қаштым, –
деп әнге салғанда, сенесіз бе, сенбейсіз бе, 18 шаршы метрлік бөлменің терезелері сықырлады. Өкінішке қарай, мені өзіне ғашық еткен Жәнібектің осы әнін сақтай алмадым. «Теміртастың» да таспасы қалмапты...
Осылайша мезгілсіз өлімімен өзгелерге орны толмас өкініш арқалатып кеткен ол өмір ерте есейткен ерекше жан еді. Жәнібектің бойындағы жылт еткен ұшқынды алғаш байқап, оны Жүсіпбек Елебековтей жез таңдай әншіге алып барған Кәрім Нұрбаев, Кәмен Оразалин, Бәтташ Сыдықов, Орынғали Сыдықов, Молдабек, Мейрамбек Жанболатовтар сынды Абай өңірінің ел ағалары еді. 1967 жылы Алматыдағы өнер студиясының Жүсіпбек Елебеков сыныбына қабылданған Жәнібектің «аяқтан шалушыларға» күйініп, ауылға тартып тұрғанында, Ішкі істер министрі Шырақбек Қабылбаевтың «24 сағаттың ішінде әнші бала Алматыда болатын болсын» деп бұйрық беруі де біраз жайды аңғартқандай. Ерекше дарын иесінің осыдан кейін екінші тынысы ашылғандай жаңа бір «жұлдызды» шағы басталды. «Жүсіпбектің жас шәкірті» деген атақ ауыздан-ауызға тарап, өнерге жаны ғашық Қонаевтың құлағына да жетсе керек. Жәнібекті арнайы шақыртып алып, әніне тамсанған Димекең сол жылдың соңында үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс етеді. Міне, нағыз талантты қолдау, дәстүрлі әнді құрметтеу!
– Баяғыда Біржан серілік құрып, Абай еліне келіпті, – деп жалғастырды әңгімесін Тұрар Байгенқызы, – ел-жұрт болып оның әнін тыңдап, бірнеше күн қонақ еткен. Содан қайтатын кез де келіпті. Қимастықпен қинала шығарып салып тұрып Абай: «Паһ шіркін, Біржан аға, енді қайтып сіздей әнші қазақта туар ма екен, тумас па екен?» – депті. Сонда Біржан: «Әй, шырағым Абайжан-ай, алтын құрсақ қазақ аман болса, мендей әнші туар-ау, бірақ дәл сендей тыңдаушы тумай қор болады-ау!» – деген екен. Сол айтылғандай, Жәнібектің шын бақыты – тыңдаушысын тапқандығында. Бірақ Біржан болжаған заман дәл қазір болып тұрғаны даусыз. Себебі қоңыр домбыраны серік етіп, Ақан, Біржан, Әсеттердің үнін өшірмей, аспандағы аққуға әнін қосқан өнер иелеріне құрметтің жоғы бүгінде анық байқалады. Жәнібек тірі болғанда осындайда, бәлкім, Абайдан жұбаныш іздер ме еді деймін кейде?!.
Өмірден өтер тұсында біртүрлі тұңғиық ойға беріліп, томаға-тұйық күй кешкен Жәнібектің бір алданышы сол кезде жаңа туған сәбиі Шаһкерімнің жөргегінің иісі болса керек. Қайтыс боларын сезген ол жан сырын тек досы Тұрсынға айтса керек. «Осы мен биылдан қалмайтын сияқтымын. Өйткені апам түсіме еніп жүр» деп сөз соңын: «Керімнің есінде қалар ма екем?» – деп бітіріпті. Сөйткен Шаһкерімі бүгінде жиырмаға жетіпті. Бір қызығы, балаларының ішінен әке жолын қуғаны да осы кенжесі екен.
Шаһкерім Жәнібекұлы:
– Әкем менің санамда адамгершіліктің эталоны ретінде сақталыпты. Кейде өзімнен үлкен Әсет пен Ақботаға қарап отырып, қызғаныш сезімі туады. Олар әкемнің қасында жүріп еркелеп өсті, ал мен болсам әкем кеткенде тіпті есімді де білмейтін сәби болдым. Сондықтан өмірдің қыспаққа алған кейбір сәттерінде әкемнің құшағын, алақанының жылуын іздеп, «тым болмаса түсіме енсе» деп тілеймін. Дегенмен «жақсы әке жаман ұлға қырық жыл азық» дейді ғой, шынымен, әкем бізге әлі күнге рухани азық болып келеді. «Жәнібек Кәрменовтің ұлы» деген – мен үшін ең үлкен құрмет!
Керек дерек
Сәуле Жанпейісова, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының халық әні кафедрасының меңгерушісі:
– Жез таңдай әншінің құрметіне біз сәуірдің 23-інде дәстүрлі әншілер байқауын өткізбекпіз. Байқауға қатысушыларға қойылатын басты шарт – Жәнібек Кәрменовтің «Бабалар» және «Ойламаңдар, жігіттер» атты екі толғауымен қатар, әншінің репертуарынан бір әнді нақышына келтіріп орындау. Сондай-ақ осы күні кешкісін Ғалымдар үйінде Жәнібек Кәрменовті еске алу кеші болмақ. Оған Рамазан Стамғазиев, Әділет Мұса, Секен Сыздықов, Мейіргүл Нұрмағамбетова, Дүйсенбек Өмірәлиевтер сынды Жәнібек Кәрменовтен дәріс алған шәкірттерімен қатар күміс көмей әншіге толғау арнаған белгілі дәстүрлі әнші Тұрсынғазы Рақымов қатысады.
Түйін:
«Алаштың аяулы ұлы алпысқа келіпті. Елең еткен ел жоқ. Етіміз өліп кеткен бе? Әлде тұрмыспен бірге аңсарымыз да ауысып кеткен бе?..» – деп ұстазының мерейтойының өткізілуіне көңілі толмаған Бекболат Тілеухан баспасөзге үн қатып еді, кешікпей Мәдениет және ақпарат министрлігінен мынадай мәтіндегі жауап хат келіпті:
«...Кәрменовтің ұлттық мәдениет пен өнерге сіңірген еңбегін ескере отырып, министрлік тарапынан Астана, Алматы, Семей қалаларының әкімшіліктеріне әншінің шығармашылық еске алу кештерін, Семей қаласында Кәрменов атындағы дәстүрлі орындаушылардың байқауын тұрақты түрде өткізу туралы ұсыныс берілді. Бұған қоса әнші туралы мемлекеттік теле-радио арналарында арнайы хабарлар ұйымдастыру, әндерін дыбыстық бейнетаспаларға түсіру және ағымдағы жылы әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару бағдарламасы бойынша Кәрменовтің әдеби мұрасының үш томдығын 2009-2011 жылдар аралығында жарыққа шығару жоспарланып отыр. Биыл мамыр айында өткізілетін VII Республикалық Ә.Қашаубаев атындағы жас әншілердің дәстүрлі ән байқауында Ж.Кәрменов атындағы арнайы жүлде тағайындалатын болды. Сондай-ақ елордамыздың бір көшесіне Ж.Кәрменовтің есімін беру туралы мәселе ҚР «әкімшілік, аумақтық құрылыс туралы» заңының 13-бабы, 14-тармақшасына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде болғандықтан, министрлік аталған қаланың әкіміне бұл мәселенің оң шешімін табуы жөнінде хат жолдайды...»
«Айтылған сөз – атылған оқ» болса жарар еді...