Әншілер бесік жырын айта бастады
Жақында Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында бүлдіршіндерге арналған «Құлыным» аудиодискісі шыққанын естіп, қуанып қалдық. Бұл балаларға арналған бесік жырлары жазылған екінші жинақ. Алғашқы дискі осыдан бес жыл бұрын жарық көрген болатын. Бұл жолы «Құлыным» қайырымдылық жобасы бір адамда екі аудиодискі шығарып отыр.
Бірінші жинаққа қазақстандық эстрада әншілерінің орындауындағы бесік жырлары жазылған еді. Енді балақайлар түнгі ұйқы алданда Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Мақпал Жүнісова, Батырхан Шүкенов пен Асылбек Еңсепов секілді әнші апа-ағаларының орындауындағы бесік жырларын тыңдайтын болды. Ал тағы бір дискіге Алтын сақа, Айдаһар секілді қазақтың халық ертегілері басылған.
Жапон ғалымдары «бала анасының құрсағында жатқанда әдемі әуен тыңдап, дүниеге келген алғашқы алты айында жып-жылы ана сүтін қылқ-қылқ жұтып жатып, ана жүрегінің дүрсілін естісе ғана дені сау, өмірге құштар азамат болып өседі» дейді. Ал мұны біздің ата-бабамыз баяғыда-ақ дәлелдеп, жаңа туған нәрестені ана сүтіне жарытып, тап-тұйнақтай етіп құндақтап, бесікке бөлеп, әдемі әнмен тербеткен. Өсе келе қазақ баласы ата-әжесінің ертегісін, батырлар жырын тыңдап өсетін болған. Кейінгі жылдары балалар анасының бесік жырын тыңдамақ түгіл, ақ сүтін емуге зар болды емес пе?.. Ал бесік жырының қазіргі заманға сай өңделіп, дискілерге жазылуы қуантарлық жағдай. Бұл да болса, біздің ата-бабаларымыздың ұрпақ тәрбиелеудегі ерекшелігінің қайта жандануына септігін тигізбек.
Жәмилә АЙЫМБЕТОВА, Жобаның ұйымдастырушысы:
– Мұндай жинақты шығарудағы мақсатымыз – сәбилер санасына кішкене күнінен ана тілі мен ұлттық мәдениет, салт-дәстүрімізді бесік жыры мен төл ертегілеріміз арқылы дарыту. Осы жоба арқылы жетім балаларға қолдау көрсеткіміз келеді. Жинақты сатудан түскен қаражат түгелімен Республикалық балалар және сәбилер үйлеріне аударылады.