Аңызға айналған қазақ киносының кейіпкерлері қашанғы елеусіз қала бермек?
Биыл «Менің атым Қожаға» – 50 жыл деген ақпарат тарай бастағалы, ең бірінші, осы тақырыпта ең тұшымды дүние жазған журналист Сәкен Сыбанбай ағамыз болды. Басқасын айтпағанда, тіпті «Қымбатты Милләтжан» деген Қаратайдың бірауыз сөзінің өзі әлі күнге ауыздан түспей келе жатқанынан-ақ осы бір фильмнің қазақ баласының жүрегін де, санасын да тегіс жайлағанын байқауға болады. «Сабаққа кешігіп келетін кім? Қожа. Сөмкеге бақаны салған кім? Тағы да Қожа», болмаса «Жасай берсін, Жұмағұл» секілді сөздер күні кеше естігендей есімізде. Жарықтық Абдолла Қарсақбаев ағамыздың қазаққа тастап кеткен мәңгі өлмес мұрасы қандай мақтауға болсын әбден лайық!
Алайда бүгінде Парламентте жас қазақстандықтарды, олардың денсаулығына және дамуына зиян келтіретін ақпараттардан қорғауды қарастыратын, тыйым қоятын заң жобасы қаралып жатқанда, «Менің атым Қожаны» көрсетуге тыйым салуы мүмкін деген сыбыстар шыға бастады. Сондағы киноның «кінәсі» Қожаның, Майқанова апайының сөмкесiне бақа салып жіберуі, Жантасқа рогаткамен сия лақтыруы, көршiсінің ауын ұрлап, сабақ кезінде мектепте емес, көлде балық аулап жүруі, темекі шегуі, тағысын тағылар болса керек. Алайда әзірге осы заңды пысықтайтын, жұмыс тобына жетекшілік ететін ұлтжанды депутат Алдан Смайыл осыған қарсы үдерген қоғамның ашуын басып, «оған жол берілмейді» дегендей қылды. Жә, әңгіме ол жайында емес, негізгі айтпағымыз, кейіпкерлердің кейінгі тағдыры туралы еді.
Белгісіз жайттар өте көп. Себебі фильмдегі Қожа – Нұрлан Сегізбаев ағамыздың жалғыз өзі ғана көрінгені болмаса, ол туындыны дәмдірек ете түскен Сұлтан, Жантас пен Жанарлар жайлы еш жерде айтылып, жазыла бермейді. Олардың өзі көрінбек түгіл...Қожаны сомдаған Нұрлан Сегізбаев ағамыздың өзі соңғы бес-алты жылдың көлемінде журналистер қауымының іздеу салуының арқасында бой көрсетті деуге болатындай. Шынын айту керек, қазақтың атын дүркіреткен «Менің атым Қожаның» кейіпкерлері соған лайық құрмет көрмеген сыңайлы. Бұған дәлел – басты рөлдегі Нұрлан Сегізбаевтың бертінге дейін жатақханада тұрып келуі. Актер еңбегін бағалап, соған лайық құрмет көрсетіп, пәтердің кілтін ұстатқан Иманғали Тасмағамбетов ағамыз болса керек.
Ал енді Абдолла Қарсақбаевтың басқа кейіпкерлеріне келсек, Сұлтан – Марат Көкенов медицина институтында оқып жүргенде белгісіз жағдайда қаза болса, Жантас – Ерлан Құрмашев айдың-күні аманында жоғалып кеткен. Жантас пен Қожаның жүрегін жаулап алған Жанар – Гүлнар Құрабаева мүлдем басқа салаға кетсе керек. Жалпы, кейіпкерлердің жеке тағдыры жақсы бола қоймаған сыңайлы. Ары қарай кино саласына кеткен ешбірі жоқ. Олар тіпті содан кейін бір-бірін іздемепті де. Жанар – Гүлнар Құрабаеваның қазақ киносы тарихындағы аңызға айналған осы фильмге басты кейіпкер ретінде түскенін бертінге дейін тіпті жалғыз ұлы да білмей келіпті. Білгенде таңғалған. Бұл туралы «Айқын» газетінен іздеп барған әріптесімізге Гүлнар апамыздың өзі: «Ну что, осыдан жарты ғасыр бұрын ойнадым. Қазір киноға кім түспей жатыр?» десе керек.
Мүмкін, Жанар қыз – Гүлнар Құрабаеваның бұл сөзі «іздегіш болсаңдар осыған дейін қайда қалдыңдар?» деп кейігеннен, өкпе мен реніштен туған сөзі шығар?! Себебі қазақ киносы, киногерлері, жалпы, Алашқа өкпелі болған кейіпкерлер бір ол емес. Қазақ киносының классикасына айналған «Көксерекке» түскен Қамбар Уәлиевті елеусіз қалдырып, ақыры ағамыз сол құса болған күйі көз жұмды емес пе? Сонда біз соншалық бейқам, барлығына тек «ас ішерде...» деп қана қарайтын халық болғанымыз ба? Немқұрайдылық түбімізге жетпей тұрғанда, оянсақ етті. Бұл – жалғыз киногерлер ғана емес, жалпы, баршамыз бас қатырарлық мәселе. Себебі қазақ «атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деп текке айтпаған...