«Ақ сиса» екі тілде жарық көрді
Қазақтың көрнекті ақыны, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Ресей Жазушылар ұйымының Сергей Есенин алтын медалінің иегері Ғалым Жайлыбайдың «Олжас кітапханасы» баспа үйінен «Қазақ поэзиясының шеберлері» айдарымен «Ақ сиса» («Белый ситец») атты жаңа жыр жинағы қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді.
«Ақ сиса» поэмасы – әдеби сыннан өз бағасын алған кесек туынды. Бұл еңбекті мәскеулік ақын-аудармашы Сергей Мнацаканян тәржімалап, өткен жылы Башқұртстанның астанасы Уфа қаласында өткен Түркі дүниесі ақындары поэзия аудармаларының «Ақ торна» фестивалінде бірінші орын иеленген еді.
Ай нұрын аялаған асыл күйдің,
Рухынан от оранып, жасын кидім.
Аттыны ат үстінен домалатқан
«Ақ сиса» аруағыңа басымды идім,
– деп келетін төгілмелі де орамды шумақтарға толы, қазақ тағдырынан көрініс беретін Жаяу Мұса туралы поэманың тілі шұрайлы, мазмұн ауқымы кең. Кітапқа осы еңбектің екі тілдегі нұсқасы және ақынның орыс, қазақ тілдеріндегі бірнеше жырлары енгізілген. Жыр кітабының алғы сөзін заманымыздың озық ойлы ақыны Олжас Сүлейменов жазған. Сондай-ақ кітапқа ақын, мәдениеттанушы Бақытжан Абызовтың «Ақ сиса» поэмасын талдаған «Құлагер» көзін ашқан күн» атты мақаласы енген.