Ақпарат кезінде ең сорлы жанр болатын

Ақпарат кезінде ең сорлы жанр болатын

«Сөйлесу – бірлесіп қамал соғумен тең» деген екен ғұламалардың бірі. Осы өлшеммен қарасақ, журналистер қауымы соққан қамал санының есебіне жету қиын шығар. Әдетте әңгімені бастау тізгіні — осы мамандық иелерінің қолында. Ал сол журналистердің өзін сұхбатқа тартса, қалай болар екен? Таяуда есімі елге белгілі журналист, «Хабар» арнасының тілшісі Тілеуқабыл Мыңжасардың «Жаһанды жаулаған жанр» атты кітабы жарық көрді. Біз осы оқиғаны негізге ала отырып, баспасөз саласының ардагерін әңгімеге тарттық.

– Тілеуқабыл аға, есіміңізге ел қанық тұлғасыз, жақында «Жаһанды жаулаған жанр» атты кітабыңыз оқыр­манға жол тартты. Бұл үнемі жаңалық жеткізуші журналистің өзінің де бір уақыт «жаңалық тудырайыншы» деген ойы ма?
– Жалпы, мен 1993 жылдан бері жаңалық саласында тапжылмастан 18 жыл қызмет істеп келе жатқан адаммын. Не продюсер, не бас редактор болмай, тек осы жаңалық жеткізуші болудан табан аудармай келе жатқан республикадағы жалғыз адам мүмкін мен шығармын. Бірақ оған қуанбасам, еш өкінбеймін. Санап отырсам, осы жылдар аралығында шамамен 3000-ның үстіндегі репортаж жасаппын. Еңбек жолында өзі бір жалындап, бар күшіңді жұмысыңа арнап, жемісті еңбек ететін кездер болады ғой. 1995 жылдары менің нағыз сондай жылдарым болған сияқты, сол тұста бір айда 45 репортаж жасаған кездерім болды. Кейін уақыт өзгерді, журналистер саны өсті, бүгінде айына жақсы деген он-он бес репортаж берсем, соның өзі жаман болмайды. Бүгінде жаңалыққа қойылар талап күшті, ал бұрынғы заманда жаңалық партиялық үгіт-насихат, саяси идеологияның құралы ғана болда да, жанр ретінде ешкім назар аударған жоқ.
Ал енді кітабыма келсем, «жаңалық туғызайыншы, кітап жазайыншы» деген мақсатым болған жоқ.
– Жаңалық деген жанр жайлы жазуыңыздың өзі жаңалық деуге болады. Бүгінде жаһанды жаулағанға дейінгі осы жанрдың тағдыры қалай өрбіді?
– Жаңалық қазір ең бірінші кезектегі ел асыға күтетін жанрға айналса, кезінде, яғни кеңестік заманда сол ең сорлы жанр болатын. Неге дейсіз ғой? Өйткені оны жаңалық деп есептеген жоқ. Өйткені олар тек қана «КПСС Орталық Комитетінің бәле­нінші съезінің тарихи шешімдерімен жіберілген бәлен облыс мақта өсірушілері бәлен көрсеткішпен жоспарды орындап шықты» деген секілді дүниелерді жай ғана халыққа жеткізіп, есеп беру қызметін ғана атқарды. Одақтың кезінде осы талапқа сай нағыз жаңалықтың жүгін арқалаған ең үлкен бір-ақ редакция болды, ол — Мәскеу­дегі орталық телеарнаның «Время» бағ­дар­ламасы. Сол заманда ел бір-бірімен сөйлес­кен­де әңгіменің әуел басын «сіз кешегі «Времяны» көрдіңіз бе?», «Кешегі «Времяда» айтты ғой» деп бастайтын. Сондай-ақ «Правда» газетінің түкірігі жерге түспей тұрған заман еді ғой. Одақтас біздің республикалардағы бірде-бір жаңалықтар қызметі айрықша маңызға ие бола алмады-дағы, сондықтан оларда салалық редакциялар, айталық, насихат бөлімі, өнер, әдебиет, құрдастар, жастар, музыкалық секілді редакцияларға көп күш түсті.
Тәуелсіз ел болғаннан кейін, өз билігіміз өзімізге тиіп, өз мәселемізді өзіміз жазатын болдық. Сол тұста жаңалықтарды жұрт көре­тіндей ету үшін әуелі жаңалық деп нені айту керек екендігін анықтап алу қажеттілігі туды. «Елді немен елең еткізуге болады?» деген, яғни, жаңалыққа тән детальдарды іздеу журналист қауымының алдындағы бірінші міндет болып қойылды.
– Ақпарат өзі қарапайым болға­нымен, қалтарысында талай қызық, талай құпияны жасырып жатқан жанр ғой. Сол жанрдың жуан ортасында жүр­ген сардар ретінде көрген-білген­деріңізбен бөліссеңіз...
 – Мәселен, мына Балқаш ауданында тұратын Бейсетай Дәуренбеков деген ағамыз бір замандары 12 баланы суға кетіп қалған жерінен құтқарған. 1972 жы­лы 18 желтоқсанда ымырт түскен шақта Іле өзенінде қайық аударылып, мектеп-ин­тернаттың 15 оқушысы суға құлаған. Желтоқсан, ызғар, өзі Күн ұясына қонған кеш болса, елестетіңізші, қандай суық?!. Қараңғы болып барады. Міне, сондай қиын шақта 12 бірдей ағып бара жатқан баланы бір өзі құтқарып қалған Бейсетай ағамыз. Араға 30 жыл салып, 2002 жылы Балқаш ауданына іссапармен барғанымда «осы жерде баяғыда бір оқиға болып еді, соның қаһарманы бар ма?» деп елден сұрастырып ем, тауып берді. Аралтөбе деген ауылда елеусіз ғана күн кешіп жатыр екен. Соны тауып, репортаж жасадым. Содан кейін қозғау болып, ел назарына ілікті, үй де алды, қазір тіпті «Халық қаһар­маны» атағына ұсы­нсақ қайтеді?» деп жатыр, биылғы Олимпиадада алау алып жүгірді. Сондай-ақ, «Тақиялы періште» фильміндегі Тайлақ рөліндегі актер. Киноның өзін көреміз, ал соның «кейіпкері қайда жүр?» деген сұрақ көрер­меннің бірін болмаса, бірін алаңдатары сөзсіз ғой. Ал оны мен қалай таптым деңізші? Менің үлкен ұлым мен Әлімғазы ақсақалдың кіші ұлы «Ұланда» әскери борыштарын өтеді. Соны әңгімеден әңгіме шығып, бір күні балам айтып қалды ғой, «анау «Тақиялы періштедегі» Тайлақтың баласы бізбен бірге әскери борышын өтеп жатыр» деп. Содан адресін алдым-дағы, «Талдықорған қай­да­сың?» деп тартып тұр­дым. Сөйтсек, ки­нодағы «сүрбойдақ» ке­йіпкер өмірде он баланың әкесі, 14 неме­ренің атасы болыпты. Қан­дай қызық! Ал сол кісі Тал­ды­қор­ғанда Ең­бек­шіқазақ деген ауылда өмір-бақи жұ­мыс­шы болып, қара жұмыс істеп жүріпті ғой. Ол кісі де теле­дидарға шыққан соң, бас­шы­лықтың да, елдің де назарына ілініп, біршама жақсылықтарға бөленіп жатыр. Міне, жаңалықтың құдіреті!
– Көптеген әлем елдерінде іссапармен болдыңыз, ондағы журналистерді оқыту әдістерін де байқап, өзіміздің елдегі журналистерді тәрбиелеу ісімен салыстырған шығарсыз?
– Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін «Хабар« арнасы ашылар тұста Англияға біздерді арнайы оқуға жіберді. Олардың сабақ өткізу формасы біздікінен мүлдем басқа. Құдды бір қойылым секілді. Мысалы, бір күні сабақта отырмыз, мұғалім бізге, ортаға тақырып тастады. «Н. деген қаладан шыққан пароход бәлен қалаға жақын қалғанда кенет өрт шықты. Ішінде 300-дей адам бар. Пароход қалаға жақын­дап келеді, ал өрт басылу орнына, қалың­дап барады. Осыдан репортаж жасаңдар, уақыт 5 минут», — деді. Әркім әртүрлі жасайды ғой. Сосын талдайды оқытушы. Лекция оқып, судыратып өткеннен гөрі, осындай тәсіл жақсы екен, бір-бірімізден көп нәрсе үйрендік. Және бір ұнағаны, тәжірибелі ұстаздар сабағында бірде-бір адамды елеусіз қалдырмайды. Бір тақырып қозғалып жатса, ойламаған тұста атыңызды атап «сіз қалай ойлайсыз?» деп сұрап қалуы мүмкін. Сондықтан «өз атым атал­ғанда үндемей қалмайын» деп күн сайын дайындалып келуге тырысасың.
– Жаңалық жанры жаһанды жаулап алды дейік, сұхбат та түрленіп, үлкен сұранысқа ие, ал енді керісінше, қандай жанр қолданыстан қалып барады деп ойлайсыз?
– Журналистік зерттеу жанры жоғалып бара жатқандай. Елдің жадынан өше бастаған жандарды іздеп табу, сабан арасынан ине іздегендей болса да, сондай жанкештілікпен, табан ақы, маңдай термен бір жаңалық ашып жатқан журналист жоқ секілді. Сонан соң очерк жанры көзден бұлбұл ұшқандай. Әйтпесе, біз баяғыда очерк жазушыларды анау-мынау жазушыдан кем көрмейтінбіз. Міне, сондай очерк­шілер жоқ қазір. Бәлкім, бұған ол жанр­дың заман талабына жауап бере алмай, сұра­нысқа ие бола алмауы да себеп шығар.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста