«Ақселеу академиясынан» өткіңіз келсе...
Сүйінші! Қазақтың маңдайына біткен, қазақ фольклоры мен этнографиясының тұнығын қанып ішкен жазушы, этнограф Ақселеу Сейдімбектің алты томдық шығармалар жинағы оқырманға жол тартты. Кеше Ақаңның аманатына қиянат жасамай, уәдесінде тұрған мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің өзі келіп, кітапты жұртқа таныстырып шықты.
Жинақ – Ақселеу Сейдімбектің өмір бойғы жазған-сызғанының таңдамалысы. Өзінің көзі тірісінде екшеп, елеп, өзі сұрыптап, дайындап, жіктеп, жіліктеп жасап беріп кеткен дүниесі. «Ақаң қазақ прозасына этнографиялық прозаның қазақша үлгісін алып келді. Сондықтан да оны этнографиялық прозаның классикалық өкілі деуге болады», – деген министр оның этнографиялық дүниелері ешбір ғылыми атағы жоқ кездің өзінде тарихшы, ғалым Әлкей Марғұланның назарына іліккенін айтты. «Ақаңның Қарағандыда, былайша айтқанда, провинциялық журналист болып жүрген кезінде жазған шығармаларын, мақалаларын оқыған Әлкей Марғұлан Ақаңның аңшылық дәстүрге байланысты, Орталық Қазақстандағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-жапсарына қатысты пікіріне сілтеме жасап: «Ақселеу Сейдімбек осылай деген, мен оның пікірімен келісіп, осыны осылай толықтырамын», – деп жазған. Ал Әлкей Марғұлан – анау-мынау доктор, профессорды менсінбейтін адам. Сол кезде ешқандай ғылым кандидаты болмаса да, Ақселеу Сейдімбектің терең ғылыми пайымдауларының қазақ ғылымының «Геродотына» айналған үлкен академик Әлкей Марғұланның назарына ілігуі – Ақаңның сол кездің өзінде де терең тынысты шығармалар жазғанының белгісі», – деді ол.
Кітаптың бірінші томында жазушының көркем туындылары, очерктері мен ән-күйлері берілген. Екінші томына қазақтың дәстүрлі мәдениеті мен өнеріне, фольклоры мен этнографиясына қатысты әр жылда жазған еңбектері кірген. Үшінші томында «Қазақтың күй өнері» атты монографиялық еңбегі жинақталған. Төртінші томында «Қазақтың ауызша тарихы. Шежірелік деректерді пайымдау» атты зерттеу еңбегі топтастырылған. Бесінші томына әр жылдары жазылған мақалалары, пікірлері, тұлғалар туралы толғамдары және сұхбаттары енген. Ал алтыншы томына Ақселеу Сейдімбектің бірыңғай аударма еңбектері кірген.
«Ақселеу Сейдімбектің қазақ халқының рухани байлығына қаншалықты қазына қосқанын кез келген оқырман осы шығармалардың мазмұнына қарап-ақ аңғара алады. Жинақтың ішінде «Қазақтың ауызша тарихы» дейтін Ақаңның еңбегі бар. Онда қазақ мемлекетінің, қазақ халқының ішкі құрылымының қандай екенін, қалай құрылып, қалай өркендегенін және болашақта қалай болуы керек екендігін ғылыми тұрғыда талдап, саралап көрсетіп кеткен. Этнологиялық, этнографиялық институттардың зерттеп жазатын дүниесін Ақаңның өзі жасап шығарды», – дейді тарихшы Қойшығара Салғараұлы.
Осы жинақты шығару кезінде редакторлық қызметті атқарған «Фолиант» баспасының жауапты редакторы Қуат Құрмансейіт: «Алты томдық шығармаларды бастан-аяқ оқи отырып, «Ақселеу аға академиясы» деп айтуға тұратын үлкен бір мектептен өткендей болдық», – дейді. Оның айтуынша, кеңестік заманда, қызыл империяның қылышынан қан тамған кезеңде айтарын айта алмай, жазарын жаза алмай ішқұса болған кезінде Ақаң жазбаларын күнделігіне түсірген. Ол да жинаққа еніп отыр.
Жинақ «Фолиант» баспасында жеке-жеке емес, тұтастай сатылады, бағасы – 12 мың теңге.
Бекболат ТІЛЕУХАН, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Ақселеу ағаның жершілдігі мен рушылдығы ешкімнің де жүйкесіне тимейтін. Ол кісінің тіліне қарап отырсаңыз, рушыл сияқты, бірақ шын мәнінде ол өте ұлтшыл, қазақшыл болатын. Сөзіне қарасаңыз, жершіл сияқты, бірақ шын мәнінде ол мемлекетшіл болатын. Ал кейбір адамның тіліне қарасаңыз – мемлекетшіл, үңіле кетсеңіз – жершіл, сөзіне қарасаңыз – ұлтшыл, үңіле кетсеңіз, рушыл болып шығады.