Ақсу ақындарды күтіп отыр
Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай еліміздің барлық аймағында ауқымды мәдени шаралар қолға алынып, бұл іске әсіресе қоғамдық ұйымдар белсене араласуда.
Соңғы жылдары қазақ әдебиетінің қарашаңырағы саналатын Қазақстан Жазушылар одағы руханият әлеміндегі жақсы бастамалардың өзегіне айналып, кешегі мен бүгінгі әдебиеттің дәнекері қызметін атқаруда. Бірер уақыт бұрын ғана өзінің 75 жылдық тарихын атап өткен, қазақ қаламгерлері бас қосатын шығармашылық отауында бүгінде қалыптасқан дәстүр бойынша көптеген игі шара ұйымдастырылып жүр. Қазіргі әдебиет болса заманға қарай икемделіп, жаңарған қоғамның келбеті тың шығармаларға арқау болып келеді. Бұл ретте технологиялық жетістіктер алға озған бүгінгі ақпараттық қоғамда ұлт әдебиетінің туын жықпай, рухани құндылықтарымызды дәріптеп, қазақ сөзін биік мінбелерден айтып жүрген қаламгерлер қауымының еңбегі өлшеусіз екені сөзсіз. Осы орайда шығармашылық одақ тағы бір бастаманың ұйытқысы болып отырғандығын тілге тиек ете кетейік.
Атап айтсақ, таяуда Қазақстан Жазушылар одағы мен Алматы облысы Ақсу ауданы әкімшілігі бірігіп, Ақсу ауданының 80 жылдығына орай жазба ақындардың республикалық «Ағынды менің Ақсуым» атты жыр мүшәйрасын жариялады. Осы жобаның заңды жалғасы ретінде Алматы облысы мен Ақмола облысының ақындары арасында «Сараның сіңлілері – Біржанның інілері» деп аталатын республикалық ақындар айтысын да өткізу жоспарланған.
Бұлар – тамыры тереңде жатқан бай әдеби мұрамызды халық арасында кеңінен насихаттау арқылы жас ұрпақтың бойына отаншылдық дәнін егіп, рухани тынысымыздың ашылуына септігін тигізетін жобалар. Аталған екі жоба да алдағы 7-8 мамырда Алматы облысы Ақсу ауданының 80 жылдық мерейтойы күндері қорытындыланбақ. Мүшәйра мен айтысқа қатысуға ниетті шығармашылық иелері қосымша ақпарат алу үшін 8(727) 2 61 12 52 телефонына хабарласуына болады.
Мүшәйра жөніне келсек, оның негізгі мақсаты – Алматы облысы Ақсу ауданының шежірелі тарихын, өткені мен бүгінін, елден шыққан тұлғалардың бүтін бітімін жыр тілімен насихаттау, жұртшылықтың поэзияға деген құштарлығын арттыра отырып, өлең сөздің құдіретін жанымен сезініп, жүрегімен түйсінуге ықпал ету, Ақсу ауданының әлеуметтік әдеби-мәдени саладағы табыстарын жырға қосу. Жыр жүйрігі Ілияс Жансүгіров 45 жасында өмірден озғандықтан, мүшәйраға 45 жасқа дейінгі ақындар қатыстырылады. Мүшәйраға ат қосқан ақын үш өлеңін жолдауы тиіс. Оның біреуі – Ақсу ауданына, екіншісі Ақсу ауданының тумасы, қазақ поэзиясының құлагер ақыны Ілияс Жансүгіровке арналып, үшінші өлең еркін тақырыпта болуы міндетті.
Бәйгеге ұсынылатын туындылардың көлемі бес беттен аспауы шарт. Шығармалар 2011 жылдың 28 сәуіріне дейін қабылданып, мүшәйра қорытындысы Ақсу ауданының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында шығарылады. Жүлдегер ақындар мерейтойға арнайы шақырылады.
Бәйге мөлшері:
Бас бәйге (біреу) – 300 мыңтеңге;
Бірінші бәйге (біреу) – 200 мың теңге;
Екінші бәйге (екеу) – 150 мың теңгеден;
Үшінші бәйге (үшеу) – 100 мың теңгеден;
Ынталандыру бәйгесі (бесеу) –75 мың теңгеден.
Қазылар алқасының шешімі қайта қарауға жатпайды.
Мүшәйра жүлдегерлері төсбелгі-медальдар мен дипломдармен және Ақсу өңірінен шыққан әдебиет пен мәдениет қайраткерлері Ілияс Жансүгіров, Қабызшы Молықбай, Ғали Орманов, Сайын Мұратбеков, Құдаш Мұқашев, Қанипа Бұғыбаева, Өтепберген Ақыпбеков, Жамау Бұқарбаев, Ораз Жұмашев, Сағынболат Тінтаев, Свет Оразаев атындағы арнайы сыйлықтармен марапатталатын болады.
Жазушылар одағы ұйытқы болып отырған екінші жоба – «Сараның сіңлілері – Біржанның інілері» деп аталатын республикалық ақындар айтысы да өз деңгейінде өткізілмек. Қазақтың атақты ақын қызы Сара Тастанбекқызының туған өлкесінде тарихта із қалдырған әйгілі «Біржан мен Сара айтысын» жаңғырту, дәстүрлі қыз бен жігіт айтысын дамытуға үлес қосу, елден шыққан тұлғалардың бірегей болмысын сара сөз арқылы насихаттауды мақсат тұтқан айтыс та өз тыңдаушысын табады деген сенім бар. Алдын ала іріктеуден соң айтысқа қатысқан «Сараның сіңлілері» мен «Біржанның інілеріне» қазақ өнерінің белгілі тұлғалары – Біржан мен Сара атындағы және Ақсу ауданының аузымен құс тістеген суырыпсалма шайырлары – қарт Толғамбай, Қуат Терібаев, Иманғали Қалиасқарұлы сынды халық ақындары атындағы арнайы қаржылай сыйлықтар табыс етілмек. Шығармашылық одақ пен жергілікті әкімшіліктердің бірлесіп қолға алып жүрген мұндай игі бастамалары мен руханиятымызға дем беретін жобалары алдағы уақытта да өз жалғасын тауып отырса деген тілек бар.