Ақтөбе көрмесі – Түркістанда
Ақтөбе облысының 80 жылдығына орай, Түркістан қаласында «Құтты мекен – арайлы Ақтөбе» атты көрме өтіп жатыр. Оны Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ұйымдастырды. Түркістандықтар енді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайынан бір ай бойы Ақтөбе облысынан әкелінген тарихи құнды жәдігерлерді тамашалай алады.
Көрмеге «Ақтөбе өңірінің ежелгі тарихы», «Ақтөбе – батырлар мекені», «Атақты жерлестер», «Ақтөбе – өнеркәсіп алыбы» тақырыбы аясындағы археологиялық, этнографиялық, тарихи сәулет ескерткіштері мен жәдігерлер, Әбілқайыр хан туралы кітаптар қойылған. Әбілқайыр хан сүйегін Хан моласына қайта жерлеу рәсімі кезіндегі суреттер планшет арқылы көрсетілді. Нұрпейіс Байғанин мен Шығанақ Берсиевтің тұтынған жеке заттарын, Тама Есет Көкіұлының кіреуке сауытын, Қобыланды батыр кесенесінің кірпішін қолымен ұстап көріп, Абат Байтақ кесенесінің макетін тамашалауға болады. Тек Ақтөбе облысында кездесетін сақ, сармат дәуіріндегі сүйек қасық пен домбыра, Бесоба шынтас қорымынан табылған құрбандық шалу ыдысы да бар. Батыр қызымыз Әлия Молдағұлова, шығыс қыздарының арасынан шыққан тұңғыш кәсіби композитор Ғазиза Жұбановадан басқа, атақты Ахмет Жұбанов, Виктор Пацаев, Жансен Кереев туралы құнды мәліметтерді оқып, көп нәрсені білуге болады.
Бақытжан ЕШБАЙ, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры:
– Ақтөбе өңірі – тарихта ізі қалған Әбілқайыр хан, Әйтеке би және Бөкенбай мен Есет Көкіұлының, Асау мен Барақтың атамекені. Сондықтан кейінгі ұрпақ біліп өссін деген ниетпен тарихи маңызы зор жәдігерлерімізді апардық. Қазіргі таңда мұражай қорында 103 мыңға жуық жәдігер болса, соның ішіндегі ең құнды дүниелерді осы көрмеге қойдық. Мәселен, Түркияның Анкара, Стамбул қалаларында өткен көрмелерге қатысып, жұртшылықтың қызығушылығын тудырған белдік, сақина секілді отызға жуық бұйымдар бар. Олардың барлығы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мешітіндегі Үлкен Ақсарай бөлмесіне қойылды. Қалың жұртшылықтың емін-еркін кіріп танысуына жағдай жасалған. Жалпы, көрме өткізу – мұражайдың ең негізгі жұмысының бірі. Дегенмен мұндай көрмелерді басқа облыстар аймағында жиі өткізіп, тәжірибе алмасып тұрғанның да маңызы зор.