Ақтөбелік зергердің туындылары араб шейхтерінің де қызығушылығын оятуда
Ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдар жаңа әдіспен көпшілік назарына ұсыныла бастады.
Ақтөбелік зергер Болат Атыраубаевтың жаңа көрмесі облыстық тарихи өлкетану мұражайында ашылды. Бұл жолы шебер туындыларына қыстағы қыраудың әдемі көріністерін енгізіпті.
Болат Атыраубаев алғашында портрет салып, гобилен де тоқыған. Кейін осы зергерлікке ден қойды. Асқан табандылық пен ыждағаттылықты қажет ететін зергерлік өнерді үйрену оңай емес. Арал өңіріндегі Құдайберген ұстадан көрікпен жұмыс істеудің әдісін игеріпті. Кәнігі шебердің батасын да алды. «Этнобұйымдардың тарихы мен зергерлік өнер туралы көп іздендім», - дейді шебер.
Болат Атыраубаев, зергер:
- Өнер жолында жүргеніме 20 жылдан асып кетті. Ата-бабаларымыз күмістен шолпы, шекелік, т.б. жасаған. Мен күміспен қатар өзге металдар да қолданамын.
Зергердің қолынан шыққан сақина, білезіктер, жүзік пен сырғалардың түр-түрі көрмеге келген көптің көлінен шығуда. Мұнда XIX ғасырдағы қайта өңдеуден өткен жүзіктер де бар. Көрмеге өнер иесінің 200-ге тарта туындысы қойылыпты. Лағыл, маржан, ақық сияқты бағалы тастармен безендірілген бұйымдардың жалпы құны 20 мың АҚШ долларына теңеседі.
Айнұр Мақсатқызы, облыстық тарихи өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі:
- Сонау тарихы тереңде жатқан қазақ халқының ұлттық өрнектерінен бастау алады. Мысалы, қолымдағы жиынтықты арнайы жасатып алдым. Автордың қолтаңбасымен жасалған дүние.
Халқымыздың қолданбалы өнерінің жемісі, көркем ойының көрінісі саналатын зергерлік бұйымдарға бүгінде сұраныс жақсы. Ақтөбелік шебердің туындыларына дүниежүзілік өнер фестивалінде араб шейхі қызығушылық танытқаны және бар. Ол Болат Атыраубаевтан шолпы, құдағи жүзік, бес білезік пен бірнеше сақинаны мұражай үшін сатып алған. Шебердің қолы ортақ. Талғампаздық пен тазалыққа тәрбиелейтін, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан көненің көзі – зергерлік өнер елімізде жаңаша қырынан осылайша дамып отыр.
Авторлары: Нұргүл Қонақбаева, Александр Степаненко, Айбек Дәуітов