Ақылбек Жеменей костюміне Адайдың таңбасын салып, сөзге қалды
Әнші Ақылбек Жеменей 15 сәуірде Алматы қаласының Республика сарайында жеке кешін өткізеді. Үлкен шоу жасауды мақсат тұтқан әнші жеке концертіне дайындықты біраз уақыт бұрын бастап кеткен. Тіпті тыңдармандары арасында Iphone 5 және Iphone 6 маркалы ұялы телефондарына ұтыс жариялап, концертке билеттер ойнатып жатыр.
Концертке дайындаған арнайы костюмдерінің арасында Адай руының таңбасы салынған костюмі бар екенін мақтанып, Инстаграмдағы жеке парақшасына салған әнші сөздің астында қалды.
Әншіні руластары мен жерлестері қолдап, таңбаны костюміне салғаны үшін қошеметтеп жатса, өзгелері әншіні бөлініп жатыр деп айыптады.
«Адай ғана қазақты жер бетіне танытқан жоқ қой. Неге руға бөлініп шыға келеміз? Қазақ деген бір ұлт болып қалуды армандаған жоқ па бабаларымыз?», «Ия, Адайлар ғана жер бетінде өмір сүріп жатыр ғой, неге қарапайым қазақтар десек болмай ма, Қазақтың бір баласындай... Дегенмен, мен де Қазақтың қызымын, бөлінбейік Ағайындар!!!! Бауырлар! Жұртым! Қазағым! Елім!!!!!!! ЕЛІМ!!!!!» - деп жазды қолданушылар.
Ал әншінің жерлестері болса, маңғыстаулық диалектпен әншіні жаппай қолдауға кірісті. «Адай жөнінде бірдеңе болса, біреулер бөлініп жатсыңдар деп шыға келеді екен... Өзіңнің тегіңді құрметтегенің бұл еліңді құрметтегенің, бұл жерден адай бөлінді деген сөз көріп тұрған жоқпын. Баяғыда әр қазақ өзінің тегін көрсетіп отырған, таңбасын тасқа қалдырған, сонысымен танылған! Тегіңді білу, оны құрметтеу ТЕКТІЛІК! "Бөлінгенді бөрі жейді - деп" өтірік білгішсінбей - ақ қойың! Басқа жаққа бұрмалауды қойың!» - деп жазды көпшілік.
Айта кетейік, әншінің Жеменей деген лақап аты да руының атауы. Әнші Адайдың ішіндегі ең үлкен ру Жеменейден шыққандықтан осындай лақап ат таңдап алған. «Осыдан 5-6 жыл бұрын сахнаға алғаш шығып жүргенімде белгілі сықақшы Марат Көккөзовпен концертте бірге болдым. Адайдың ішіндегі Жеменей екенімді біліп, сол кісі тегімді ауыстыруға ұсыныс жасаған болатын. Содан бері осылай келе жатырмын» деген әнші сұхбаттарының бірінде.