Ақын, әнші-сазгер Елена Әбдіхалықова: "Жастар шын өнер мен еріккеннің ермегін ажырата білсе..."
- Құрметті Елена апай, өзіңіздің әсем де сыршыл әндеріңізбен алматылықтарды бір қуантпақ екенсіз. Желтоқсанның 5-іне жоспарланған кешіңіз туралы айтып берсеңіз.
- Бұл менің Алматыдағы екінші кешім. Алғашқысы осыдан 14 жылдан аса бұрын Ғалымдар үйінде өткен болатын. Оны қазақтың қайраткер қызы, өнер жанашыры, сол ғалымдар үйінің директоры Ғайникен Айдарханқызы Бибатырова сонау Қызылордада шаңның арасында жүрген кезімде хабарласып, тауып алып, өзі ұйымдастырып өткізген болатын. Ғалымдар үйі шағын болса да, арнайы қосымша орындықтар қойып, зал лық толған еді. Одан бері талай су ақты, талай тас қалды демекші, менің де шығармашылығым артты. Сол шығармашылығымның жаңалықтарын бөліскім келіп, осы кеш-концертімді жасауға тәуекел еттім. Концерт толығымен жанды дауыста үлкен ұжымдардың қатысуымен өтпек. Қалғанын бара көрерсіз.
- «Әннің де естісі бар, есері бар» демекші, бүгінде есер ән есімізді алып жатқан кезде есті әндерді тыңдағысы келетін талғамы жоғары тыңдармандарыңыз үшін қандай жаңа әндер жаздыңыз?
- Осы кештің 80 пайызы дерлік жаңа әндер, жырлар. Бұл кеш менің шығармашылық бенефисім болмақ.
- Сіздің әндеріңіз өз орындауыңызда өте тамаша. Дегенмен әншілер қауымы сіздің әндеріңізді орындауға құштар. Осы шығармашылық кешіңізге қазақ эстрадасының әншілерінен кімдерді шақырдыңыз?
- Құштар болып әнімді сұрайтындар бар, бірақ, көбісі жеріне жеткізіп айта алмайтын сияқты. Бұл жас әншілерге қатысты. Кезінде Мәдина Ерәлиева, Мақпал Жүнісова айтқан әндерім осы күнге дейін халық жадында. Десек те, өзім шығармашылығын, дауыстарын жақсы көретін Жұбаныш Жексен, «АртКлассик» тобы, Дәурен Сейітжанов, Айгүл Иманбаева секілді танымал әншілермен бірге елдің ішінде көп көріне бермейтін, бірақ таланттары жоғары сонау Маңғыстаудан Аида Байгелова, түу Өскеменнен Радион Немцов секілді және т.б. жақсы жас әншілер қатыспақ.
- Әдетте өнер адамдары өзінің шығармашылығына уақыт таппай жатады. Ал сіз уақытты бағалай білетін адамдардың қатарындасыз ба?
- Мүмкіндігінше бағалауға тырысамын. Кейде шақырған түсірілімдер мен хабарлардан бас тартып, өз-өзіммен қаламын. Оқимын, ізденемін, ойланамын. Әйтпесе, ана жақта концерт, мына жақта телехабарлардың түсірілімі, барлығына жүгіремін деп, шығармашылығымыз жетімсіреп, тіпті, қолға қалам ұстауға уақытымыз болмай кететіні жасырын емес. Ондай сәтте өзімді қатты жек көріп кетем.
- Елена апайдың күн тәртібі қандай, алдын ала жоспарланатын күндер көп пе?
- Менде қатып қалған күнтәртібі жоқ. Халықтың адамы болған соң, сол халықтың сұранысына икемденесің. Біреу тойға шақырады, біреу концертке шақырады, аймақтарда өнер көрсетемін. Болмаса бір жерде жиынға қатысуға тиісті боламын. Кеш келетін, кейде ұйықтамайтын, таңды таңға ұрып жүретін кезім болады. Тіпті тамақтануға уақыт болмай, түскі асты, кешкі асты ұшаққа мінгенде ғана ішіп, жүгіріп жүреміз. Сондықтан, менде күн тәртібі ойқы-шойқы.
- Әдебиетті сүйетін адамның жаны сұлу болады ғой. Сіздің әндеріңіздің әдемі, әсерлі болуы ең алдымен сіздің әдебиетпен сусындағаныңыздың әсері болар?
- Әннің сұлу болмағы оның мәтінінен деп ойлаймын. Менің негізгі мамандығым - әдебиетші. Тіл маманымын. Сөздің қадірін ұғып, пайымына барған соң, әндер де солай туады. Сондықтан, ән жазатындар сөздің парқын білсе деймін. Алдымен сөздің дертімен ауырса деймін.
- Қазақтың қай ақын жазушысын жата жастанып оқисыз?
- Бұрынғы ауыз әдебиетінен бастап, күні бүгінгісін қалдырмаймын. Жалпы, менің жақсы көретін жазушым Мұхтар Әуезов пен Әбіш Кекілбаев! Ақындардан классик ақындарды: Абайдан бастау алатын Төлеген, Жұмекен, Мұқағали, Сағи, Фариза, Кеңшілік, Қадыр.... Тыныштықбек, Ұлықбек, Ғалым, Светқали, Сабыр, Маралтай, Жанна, Жанат, Асылзат, Ақберен ... болып кете береді.
- Бойына сөз өнері мен сазгерлік, әншілік бірдей дарыған жанда арман жоқ шығар... Дегенмен әйел адам үшін өнердің ауыр жүгін арқалап жүру оңай емес қой. Отбасыңыз демеу білдіріп отыра ма?
- Армансыз адам болмайды ғой. Әсіресе, өнер адамы романтик болып келеді. Менде де арман жетерлік. Құдай берген сол азды-көпті өнерімізді аман - есен халыққа жеткізіп үлгерсек дейміз, жүрген жерімізде абыройлы болсақ дейміз, осыны бағалап, қадірімізге жететін халық аман болса дейміз. Көп қой арман! Әйел болып жаралған адамның жүгі бірнеше есе ауыр болатыны тағы бар. Кейде қиналған шақта Құдайдың маған осынша өнер беріп несі бар деп күпірлік қылып, жылайтын кезім де жоқ емес. Ондай кездерім жастау кезімде көбірек болған. Сол кезеңдерден анам марқұмның арқасында шықтым. Маған қанат бітірген, қиын кезде мені тек өзі ғана айта алатын сөздерімен демеу болған анам - Сақыпжамал еді.
- Сіз ұстазсыз. Баланы тал бесіктен тәрбиелейтін ата-бабамыздың жолынан адасып қалған жоқпыз ба? Қазіргі ұл мен қыздың тәрбиесі қандай деңгейде деп ойлайсыз?
- Қазіргі жастарды тәрбиесіз деп сөгуден аулақпын. Меніңше тек қадағалау аздау сияқты. Ол да түсінікті. Өйткені ата-ана бала-шағасын асыраймын деп күндіз-түні жұмыс жасауға мәжбүр. Қазіргі таңда баланы қалыптастыру үшін, оған заманға сай жан-жақты тәрбие беру керек. Ол қаржыны талап етеді. Ата-ана оны тауып беруге міндетті. Сол себепті отбасы тәрбиесі бір жақта қалып жатады. Қазіргі біздің қоғамда балалар теледидар мен ғаламтордың тәрбиесіне көбірек бой ұруда. Бұл дұрыс емес. Баланы алдымен ата-анасы, сосын мектебі, оқу орны тәрбиелеген дұрыс. Бұл үлкен әлеуметтік проблема.
- Шығармашылығыңызға қайта оралсақ, сіздің төлқұжатыңызға айналған «Есіңе мені алғайсың», «Көздеріңе ғашықпын» әндері қазіргі тілмен айтқанда хит әндер болды. Сондай-ақ сіздің Табылды Досымовқа арналған «Доспен қоштасу» әнге түсірілген бейнеклипіңіз, «Қазақ елі» атты патриоттық әніңізді де көрермен өте жақсы қабылдады. Алда басқа әндерге клип түсіру жоспарда бар ма?
- Бұлардан басқа «Есіңе мені алғайсың» атты әніме Жұбаныш екеуміз клип түсірген болатынбыз. Әрине, қаржы шешілсе, неге түсірмеске... Қазір барлық мәселені қаржы шешеді ғой.
- Жұбаныш Жексенұлы екеуіңіздің орындауындағы әндеріңіз де жүректі тербейтін әндер. Сіз кейде осы әнімді мына әнші орындаса, табиғатын жақсы ашады деп өзіңіз ұсынатын әншілер бола ма?
- Өзім біреулердің ізін аңдып, жалынып ән ұсынып көрген емеспін. Ондай қасиет менің болмысыма жат. Әрі өзім де бір кісідей ән саламын. Менің әндерімді орындайтын әнші менен асырып орындаса, неге бермеске?! Негізі әнші өзі ізденуі керек. Өкінішітісі сол, өзі ізденетін, нағыз өнер жасаймын деген әнші бізде өте аз. Көбісі тойдың тарсылдаған әнін айтып, көбірек тиын табу үшін ғана фонограммамен «әнші» болып жүргендер.
- Сіз үші «қазақ шоу-бизнесі» деген ұғым бар ма?
- Біздің шоу-бизнес деңгейсіз, талғамсыз секілді. Әлемдік аренаға шығаратын ештеңеміз жоқ. Ол жерде қандай ұғым болмақ?!
- Өнер саласында жүрген жастарға қандай тілек айтар едіңіз?...
- Шын өнер мен еріккеннің ермегін ажырата білсе, сөз парқын таныса, қазақтың көркем әдебиетін оқыса деймін. Осыларды білмей тұрып, «мен-жұлдызбын» демесе екен!
- Үлкен рахмет! Шығармашылық табыс тілейміз!
Айнұр Сенбаева