Ақын ауылындағы «Ақбота»
160 бүлдіршін ғана емес, мыңдаған тұрғын қуаныш құшағына бөленді. Мемлекет басшысының республикамызда балабақшалар санын көбейту мақсатындағы «Балапан» бағдарламасы Қарағанды облысында мүлтіксіз орындалып, көп жыл бойы зарыға күткен халықтың көңілінен шығып келеді.
Өткен жылы мектеп жасына дейінгі мекемелерді пайдалануға беру көрсеткіші 72-ден 83 пайызға өссе, биыл мемлекеттік һәм жекеменшік түрінде Қарағанды қаласында – 11, Теміртауда төрт балабақша ашылмақшы. Аудандарда іске қосылатыны да аз емес.
Облыста бірінші болып Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында шахтерлер астанасы маңына орналасқан, Бұқар жырау ауданына қарасты атақты айтыскер ақын Доскей (Әлімбаев) атындағы ауылда жаңа балабақша салтанатты түрде ашылды.
– Бүгін балғын бүлдіршіндерге есігін айқара ашқан «Ақбота» балабақшасы, – деді салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Арман Оразбайұлы Қырықбаев мырза.
– Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған тамаша тарту деп білемін. Мұндай киелі мекемелер биыл көптеп салынып жатыр. Бұл – Елбасымыздың арнайы тапсырмасының бұлжытпай орындалатындығының жарқын мысалы.
Арман Оразбайұлы облыс әкімі атынан жаңа балабақшаға түрлі-түсті теледидар мен проектор табыс етті. Ардагер-педагог Ғалымтай Бақтияров сәбилерге бата берді.
Бұқар жырау ауданының әкімі Шагурашид Қалиұлы Мамалинов мырза бізбен әңгімесінде соңғы жылдары салынған балабақшалардың ішіндегі әдемісі, қазіргі заманға лайықтысы «Ақбота» екендігін жасырмады. 300 млн теңгедей қаржы жұмсалған осы мекеме үйі үш қабатты. Музыкалық және спорт залдары бар. Сегіз топқа 12 тәрбиеші қызмет көрсетеді.
Балабақша меңгерушісі С.Жайлаубаева, жетекшілер – музыкадан Е.Зават, дене тәрбиесінен А.Досмақова, қол еңбегінен З.Бәкіжановалар облыс әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев пен басқа да қонақтарға «Ақботаны» таныстырып, ерекшеліктерін көрсетті.
Сөйтіп, Орталық Қазақстандағы биылғы алғашқы балабақша ашылып, жұртшылықтың ырзашылық, алғысын иеленді.