Ақын мұрасына барлау
Биыл халық ақыны, айтыскер әрі жыршы Нұрпейіс Байғаниннің туғанына 150 жыл толып отыр. Осы шараның насихатталуына бағытталған түрлі шаралардың өтуі – Нұрпейіс ақынды жаңа қырынан танытты. Жыршының шығармашылық мұрасы туралы ақынның немересі Ерболат Байғанин: «Ақынның 15-тен астам поэмасы, бірнеше айтысы мен көптеген өлеңдері, толғаулары бізге жетіп отыр», – дегенді айтады.
Таяуда ақын мұрасына арналған дөңгелек үстелге қатысушы филология ғылымының докторы Серік Негимов: «Нұрпейіс Байғанин 1860 жылы Ақтөбе облысы Темір ауданына қарасты Сүлікті деген жерде дүниеге келген. Әкесі Байғана – шаруа адамы, ал анасы Үміт әнші әрі күйші болған. Нағашы жұртына тартқан Нұрпейіс бала кезінен қолына домбырасын ұстап, көнекөз қариялардан естіген күйлерді аз уақытта меңгеріп алатын болған. Осылайша, 15-16 жасында-ақ «күйші бала» атанып, сол кездің өзінде той-томалақтарды ән-жырымен бастап отырған», – деп ақынның өткеніне үңілді. Сегіз қырлы, бір сырлы талант иесінің 17 жастан Шернияз, Махамбет, Қашаған сынды ақын-жыраулардың толғауларын жатқа айтқаны ақынның даналығын көрсетсе керек. Нұрпейіс ақын «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Қырымның қырық батыры» сияқты 50-ден астам эпосты жырлап, олардың елеусіз қалмауына зор еңбек сіңірген. Ғалым Серік Негимовтің айтуынша, «Нұрпейістің ақындық жолына Әбубәкір Кердерінің де үлкен ықпалы болған. Бұл туралы 1974 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Нарқыз» жинағындағы Қуандық Шаңғытбаевтың естелігінде айтылады». Нұрпейіс ақынның әдеби хатшысы болған Қуандық Шаңғытбаев былай деп жазып қалдырыпты: «Өлеңнің кілтін мен Әбубәкір Кердеріден үйрендім» дейтін Нұрекең. Ол оқыған адам еді ғой. Мен болсам, қысқа жіп күрмеуге келмей, оқусыз қалдым. Әттең, қолыңа қалам алып, ойыңды ақ қағазға емін-еркін төгіп отырғанға не жетсін! Домбырамен айтқан ақынға обал-ақ! Басқаны қайдам, өлең айтқанда өзім көтермешілердің ортасына түскен бәйге аты сияқты болып отырамын. Бір жағынан, домбыра асықтырады, бір жағынан, көңілдегі ойың ұйқасқа сыймай қинайды…». Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдығына орай ақынның мұрасын жан-жақты таныту мақсатында Нұрпейіс Байғанин атындағы мәдени қор жұмысын сәтті жасап келеді. «Нұрпейіс Байғанин» атты жиырма төрт минуттық деректі фильмнің жарыққа шығуына осы қор мұрындық болыпты. Басқосуға келген меймандардың ішінен «Қазпочта» АҚ өкілі ретінде Қайрат Камалов ақынның 150 жылдығына арнайы дайындалған пошталық мөртабанды сыйға тартты. Қайрат Камалов: «Мөртабан келешекте филателистерге үлкен құндылық болып қалмақ», – деп ақынның мұрасын толықтырды.
Ерболат БАЙҒАНИН, Қазақстанның халық ақыны Нұрпейіс Байғанин атындағы мәдени қордың жетекшісі, ақынның немересі:
– Маған атам түсімде аян берді. Мен аянның түсуіне үлкен жауапкершілікпен қарадым. Содан атамның көркем туындылары біздің мәдениетіміз үшін қаншалықты маңызды да құнды екенін түсіндім. Кәсібімнің басқа арнада болуына қарамастан, мен атамның құнды мұраларының жанданып жалғасуына міндетті түрде атсалысамын деп өзіме-өзім сөз бердім. Бүгінде атамның үш поэмасын жарыққа шығардық. «Нұрпейіс Байғанин» деп аталатын жиырма төрт минуттық деректі фильм түсірдік. Ғалымдар тарапынан ақынның мұралары әлі де зерттеліп жатыр. Келесі жылы ақынның үш томдық шығармаларын жарыққа шығару жоспарланып отыр.
ДЕРЕК
Нұрпейіс Байғаниннің ең алғаш жарыққа шыққан өлеңі «Біздің көл» деп аталады. Бұл өлең 1938 жылы 18 наурызда облыстық «Социалистік жол» (қазіргі «Ақтөбе») газетінің №63 санында жарық көрді. 1946 жылы орыс тілінде «Избранные произведения» деген атпен Байғанин шығармалары орыс тілінде (аударған – А.Никольская) жарыққа шыққан. Бұл жинаққа «Нарқыз», «Ақкенже», «Қарасай, Қази» дастандары енген. 1950-1990 жылдар аралығында да Нұрпейіс кітаптары бірнеше мың данамен жарыққа шығып тұрды. Мысалы, 1974 жылы Ізтай Мәмбетовтің құрастыруымен «Нарқыз» деген атпен шыққан Нұрпейіс ақынның дастандар мен өлеңдер жинағының таралымы 25 мың дана болған. Ал 1991 жылы Оразгүл Нұрмағамбетованың құрастыруымен жарыққа шыққан «Таңдамалы шығармаларынан» кейін, 15 жыл бойы оқырмандар Нұрпейіс Байғаниннің жаңа кітабын көрмепті…