Ақын зираты қараусыз жатыр
Қазақтың біртуар ақыны Сәбит Дөнентаевтың Семейдегі зираты осы күні күлтөбеге айналып барады. Бейіт маңайында өскен ағаштар жазушыға арнап қойылған ескерткіш тақтаны түгелдей дерлік жауып тастаған. Сорақысы сол, зират маңындағы темір қоршауларды белгісіз біреулер қолды етіпті. Қазір мазар маңы қаңғыған иттердің мекеніне айналған.
Біз бұл мәселені осыған дейін де көтерген болатынбыз. Бірақ ақынның бейітіне мойын бұрған жан баласы табылмады. Ол аздай екі жылдан бері бейіт қараусыз жатыр. Себебі жауапты мекеменің оны жөндейтін қаржысы жоқ көрінеді.
Гүлбарам ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, «Рембыттехника» ЖШС директоры:
– Біз енді 20-25 жыл болды қарап тұрдық. Соңғы екі жыл қараған жоқпыз. Өздеріңіз көріп отырсыздар, енді немене болып жатқанын. Қаламызда, ақша бар ғой, Сәбит Дөнентаев біртуар тұлға болғандықтан, зират қаладағы мәдениет бөлімінің қарауына алынса деп ойлаймыз. Ескерткішті өздерінің балансына алса дұрыс болар еді. Мәдениет бөліміне осындай шараларға қаржы бөлінетіні белгілі.
Ал, мәдениет басқармасының мазарды бақылауға алуға мұршасы жоқ. Айтуларына қарағанда, ақынның қорымын жауапты мекеме қарауы тиіс. Сондықтан «Рембыттехника» ЖШС-нің басшылығына қатаң талап қоятын боламыз деп құтылды. Тіпті зиратты жөндеуге сонша қаржы кетпейтінін де айтты.
Құсмілия НҰРҚАСЫМ, Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы:
– Жүрегінде Алаштың оты лаулаған ақын Сәбит Дөнентаев Семейдегі ескі зираттардың бірінде жерленген. Тарихи ескерткіш деген сөз ғой. Осыған байланысты Кеңес үкіметінің кезінде-ақ бұған үлкен мән беріліп, облыстық атқару комитеті ондай ескерткіштердің барлығын белгілі бір мекемелерге бекіткен. Кейіннен қазақ үкіметі орнағаннан соң қайтадан жаңғыртып, қайтадан бекітіп берген. Жалпы, бұл мәселе, яғни зираттың қаралмауы жөнінде талай рет көтеріліп жүр. Сәбит Дөнентаевтың зиратын сол «Рембыттехника» ЖШС-ға тапсырған. Сондықтан осылардың салғырттығы. Сол себептен «Рембыттехника» басшылары бұл іске жауаппен қарау керек деп ойлаймын. Біз оны және талап етеміз де.
Осылайша, ақын бейітінің әзірше бақылауға алынбайтын түрі бар. Екі мекеме бір-біріне сілтеп, жауапкершіліктен қашудан әріге аса алмай отыр. Ал Керекуде дүниеге келіп, Семей топырағында жерленген Сәбит Дөнентаев ұлты үшін ұлы істер тындырса да, оның аруағы әлі күнге дейін тиісті деңгейде құрметтелмей келеді.
Ақын Сәбит Дөнентаевтың зираты Шығыс кентінен шыға берісте орналасқан. Бүгінде ол жерге баратын жол күл-қоқыстан аяқ алып жүргісіз. Айналаға төгілген қап-қап коқысқа ит-құс әбден үйір болып алған. Ал бейіттің қазіргі кейпі жантүршігерлік. Маңайдағы ағаштардың барлығы қаулап өсіп, бүгінде ескерткіш тақтаның бетін мүлде қалқалап тастаған. Бұзақылар зираттың темір қоршауларын да жұлып әкетіпті. Оны қойып ақын бейіті құлаудың аз алдында тұрған жер үйдің іргесінде тұр.