Ақын зиратында мал жайыла беретін болды
«Алаш айнасының» 5 мамыр күнгі санында («Ақын зиратында мал жайылып жүр», №67) Алаш ақыны Сәбит Дөнентаевтың Семейдегі зираты осы күні күлтөбеге айналып бара жатқаны жайлы мәселе қозғалған болатын.
Бұдан Семей қаласы басшылығы газет оқымайды, немесе оқыса да «көрмес түйені де көрместің» кейпін танытуда деп ой түюге болар еді. Ақынның зираты мен ескерткіші сол апатты жағдайда тұрғаны тұрған. Биыл семейліктер Сәбит Дөнентаевтың 115 жылдығын қыркүйек айында атап өтетінге ұқсайды. «Ұқсайды» дейтініміз, соның нышаны ең алдымен ақын зиратын ретке келтіруден басталу керек еді ғой. Алайда селт еткен шенеунікті, елп еткен елді көрмедік. Қайта Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Құсмиля Нұрқасым ақын зираты жөнделмей-ақ тойлауға болатынын айтып отыр.
Осындайда семейліктер сірә, бір кезде Сәбит Дөнентаев атына көше атын бергенге тоқмейілсіп жүр ме деген ой қылаң береді. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Зәкия Қонысбаеваның айтуынша, Семейде Сәбит Дөнентаев атына көше 1964 жылы 18-желтоқсанда беріліпті. Өкініштісі сол, бүгінгі зиялы қауым өкілдері де, шенеуніктер де ол көшенің қай ауданда орналасқанынан бейхабар болып шықты.
Ал ақын зираты Шығыс поселкесінен шыға берісте орналасқан. Ол жерге жету де бір қиямет. Мазарға апаратын жолдың бойы қазір күлтөбе. Зираттың айналасына төгілген қап-қап коқысқа ит-құс әбден үйір болып алған. Ақын зираты құлаудың аз алдында тұрған жер үйдің іргесінде тұр. Бұл күндердің күні құдды Сәбит ақын дүниеде болмағандай, оның да үйін күл басатындығын аңдатса керек. Сонда семейліктер Сәбит ақынның 115 жылдығын не бетімен тойлағалы жүр деген сауал өз-өзінен туындайды. Ең құрығанда зират басын жөндеуге жарамаған соң бұл тойдан қандай ой түюге болады?
Мұрат Сұлтанбеков, жазушы:
– Шыны керек, тұрғындардың көбі бұл кісінің зиратын былай қойғанда, өзін де білмей жатады. Өзім кейде зират ортасымен өтіп бара жатқан адамдардың ақын басына бұрылып, құран бағыштағанын көргенде кәдімгі жас баладай қуанамын. Ал ақынның туыстары жайына келсек, ол кісінің ет жақындары Павлодар жақта шығар. Семейде туыстары барын естімедім.
Әйгерім Аюпова, тұрғын:
– Біздің үй Сәбит ағамыздың мазарымен қатарласа орналасқан. Түнгі уақытта бұзақылар келіп, зираттың темір қоршауларын, орнатылған жарты айды, тіпті кірпіштерді де бұзып жымқырып кетеді. Тіпті осы зираттың ортасында бірнеше рет мал баққан адамдар жүрді. Содан бірден учаскелік полицияға хабар бердім. Кейіннен ғана тыйылды. Оның үстіне мола маңында тілсіз жау талай рет орын алды. Бұл жерді бұзақылардың орны десе де болады. Үйіміз ескі, алты балам бар. Бәрі кәмелетке де толмаған. Өзіміз «шықпа, жаным, шықпамен» отырмыз...
Құсмиля Нұрқасым, Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы:
– Біз Сәбит Дөнентаевтың 115 жылдығын қыркүйек айында қала деңгейінде атап өтеміз. Сәбит Дөнентаевтың кейінгі мерейтойы республика көлемінде өтетін шығар деп ойлаймын. Олжас Сүлейменов басына құран оқып кеткеннен кейін асығыс, апыл-ғұпыл басы көтерілген. Бізде ұмытылып кеткен Кемпірбай-Наркемпірбайдың зираты қазіргі ет комбинатының астында қалған. Оның орны да жоқ. Ондай оқиғалар қазақтың тағдырында көп. Осы сияқты адамдардың зиратын қайта жаңғырту – уақыт еншісінде. Бәрі бір күнде жасалмайды. Біз күзде, қыркүйек айында әдеби кеш өткіземіз. Ал басын жаңартуға болмайды. Ол жоспарда да жоқ. Өйткені қаражат тапшы.