Ақын жүрегі жырлаған кеш
Былтырғы жылы еліміз ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық тойын республика бойынша кең көлемде атап өткені белгілі. Мерейтойлық шаралардың заңды жалғасы ретінде биыл да еліміздің әр өңірінде ақын құрметіне арналған іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жақында ғана Алматыдағы Оқушылар сарайында «Жырлайды жүрек» атты III республикалық байқау өз мәресіне жетіп, қазақтың қара өлеңін ұлықтаған әдеби-сазды кеште Қазақстан Жазушылар одағында және Студенттер сарайында мәнді де мазмұнды сипатта болып өтті.
Қалыптасқан дәстүр бойынша жыл сайын 9 ақпан – Мұқағалидың туған күнінде Жазушылар одағында шығармашыл жастардың қатысуымен «Жырлайды жүрек» атты поэзия кеші ұйымдастырылып келеді. Бұл жолы да ақынның туған күнінде алдымен таңғы сағат 10.00-де Алматыдағы ескерткіші алдында гүл шоқтарын қою рәсімі болып, Мұқағалидың көзін көрген қаламгерлер естелік айтып, сонда жиналған жастар өлең оқиды. Осы бір игі дәстүрдің жыл сайын түрленіп, дамып келе жатқандығын айта кеткен жөн. Қазақ поэзиясын төрге оздырған бұл кеште ақынның жырлары оқылып, өлеңдеріне жазылған әндері орындалды. Кешке қазақтың талантты ақындары мен танымал эстрада жұлдыздары қатысты.
Аталған шарадан кейін Мұқағали ақынның бай шығармашылығын арқау еткен үлкен концерттік шара 11 ақпанда «Соғады жүрек» деген атпен Студенттер сарайында табысты өтті. «Хантәңірінің мұзбалағы» атанып, қара өлеңнің қара нарына айналған ақын шығармашылығын арқау еткен осынау ән-жыр кешін Қазақстан Жазушылар одағы, «Еламан» продюсерлік орталығы және «Халықаралық Мақатаев қоры» бірлесіп ұйымдастырды. Концерттік шараға белгілі қаламгерлер мен қазақ өнерінің жарық жұлдыздары қатысты.
Ақиық ақынның әдеби мұрасын сазды әуенмен әспеттеп, өлеңдерінен театрландырылған көріністер ұсынған кеш бағдарламасы алдында келушілерге Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына байланысты арнайы фотокөрме ұсынылды. Ақынның сөзіне жазылған әндердің арасында ұсынылған көріністерді Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының талантты жастары орындап шықты. Көрмеде ақын өмірін көз алдыңа алып келетін сирек суреттер мен кешегі дүбірлеп өткен 80 жылдық мерейтойдың есте қалған ерекше сәттері бейнеленген. Бір күнде екі мәрте өткізілген концертке халық та көп жиналды. Ақын шығармашылығын өзек еткен бұл концерттік бағдарламаны «Қазақстан» ұлттық телеарнасы бастан-аяқ түсірді. Қалың көпшілік кештің барысын алдағы уақытта осы арнаның эфирінен көретін болады. Бұл әдеби-сазды концерттік кеш дәстүрлі түрде келер жылы да халыққа ұсынылатын болады.
Жеңіс ЫСҚАБАЙ (фото)
Бақытгүл Қыдырбайқызы, М.Мақатаев атындағы халықаралық қоғамдық қордың президенті:
– Биылғы ұйымдастырған концерттік бағдарламамызда бүған дейінгі жіберген қателіктерді қайталамауға тырыстық. Бұл жолы Мақатаев қоры бар жауапкершілікті тікелей өз мойнына алды. Алдын ала сценарийін тиісті адамдармен ақылдасып, сахнаның ақындық рухқа сай безендірілуіне аса мән беріп, Әсия Малимова сынды талантты режиссерлермен бірге театрландырылған поэтикалық көріністер әзірледік. Сахналық декорацияны кітап пен қалам түрінде жасатып, жарық эффектілерін де орайлы пайдаландық деп ойлаймыз. Бұған қоса, Студенттер сарайының фойесінде ақын өмірінен сыр шертетін бірнеше тақырыпты қамтыған үлкен фотокөрме дайындадық. Осы жұмыстардың бәріне қор мүшелері бір кісідей атсалысты. Жазушылар одағы мен «Еламан» продюсерлік орталығы да концертіміздің ойдағыдай өтуіне көп септігін тигізді.
Айтмұхан Сқақов, «Еламан» продюсерлік орталығының жетекшісі, продюсер:
– «Соғады жүрек» әдеби-сазды кешін мүмкіндігімізше Мұқағали атына сай етіп өткізуге күш салдық. Продюсер ретінде бұған дейін де «Наурызнама» сияқты түрлі деңгейдегі үлкенді-кішілі концерттерді ұйымдастыруға мұрындық болғанмын. Бірақ бұл жолғы концерттің артар жүгі өте ауыр болды. Бүгінгідей бірінен-бірі аумайтын кештер көбейген уақытта тың дүниелер жасап, жаңаша шешімдер қабылдау оңай емес. Шара барысында жаңа шығармалар мен жаңа есімдерді шығаруға ұмтылдық. Бірыңғай ән болып кетпесін деп, сценарийге поэзия, сахналық өнер мен пластикалық би түрлерін енгіздік. Дегенмен концертті ұйымдастырған шығармашылық топ біраз ізденістерге барып, нәтижесінде көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.