Ақындарды «адамзаттың асылы» деп өтірік дәріптеуді доғару керек

Ақындарды «адамзаттың асылы»  деп өтірік дәріптеуді доғару керек

Рахат Қосбармақ, ақын:

– «Ақындық – ардың ісі» деп жатады. Ендеше, ардың ісі – жанның ісі. Сіз­дің жаныңыз қалаған ақындық сізге не берді, не үйретті, неден түңілдірді?
– «Әдебиет – ардың ісі» екені рас. Бірақ әдебиетпен шаруасы жоқтардың бәрі арсыз тірлікпен айналысып жүр деуге тағы болмайды. Бізде бір сондай тенденция бар: ақындарды жаннан асқан нәзік, сәл жамандық көрсе, ауырып қалатын, адам­затқа тән емес, мүлде басқаша жаратылған болмыс иесі, бөлек бір натура көреді. Олар­дың аспаннан салбырап түскен еш­теңесі жоқ. Сондықтан басқа адамдардан бөле-жара, ақындарға алабөтен қарап керегі жоқ. Бәрі де – ет пен сүйектен жаралған пен­де. Тек ақындардың жүрегі сәл сезім­тал­дау, көңілі басқалар байқай қоймаған­ды аңғарғыш, ойлау қабілеті өзгелерден сәл сұңғылалау болуы мүмкін. Ал ондай ерекшелік тек ақын ғана емес, басқа да өнер иелерінде бар ғой.
Әрине, адам болған cоң, оның үстіне Алла тағала аздап ақындық қабілет берген соң, көргеніңді айтпай, сезінгеніңді жазбай тұра алмайсың. Бірақ солай екен деп, ақын болғанның жөні осы екен деп, жалған дүниенің жұмбағын жалғыз өзі шешкендей жалған көлгірсіп, аспан мен жердің арасында асылып тұрып алып немесе жұлдыз­дың ар жағынан жұмақ іздеп, өтірік әуейі­леніп, өзінше ақын болғандарды жек көре­мін. Ақындық маған не беруі керек еді? «Ақын ғұмыры пешенесіне жазылған адам елден асқан бай да бақуатты, асып-тасып, шалқып өмір сүрген шалқар дәулет иесі болыпты» дегенді осы күнге дейін естіп көрмеппін.
Алайда кейбіреулер сияқты «ақындық маған азапты ғұмыр ғана сыйлады» деп өтірік жәдігөйси алмаймын. Сәтті шыққан әрбір өлеңіңді жазып бітіргеннен кейінгі шығармашылық адамына тән шынайы ләззатты, рухани шалқуды екі дүниенің де ешқандай тәтті сезіміне теңестіруге болмайды. Міне, егер «ақынның бақыты» дейтін ұғым бар болса, осы шығар...
– Әдетте ақындар жыр мүшәйра­ларында сынға түсіп, өз мүмкіндіктерін танытып жатады. Осындай жыр додаларында бақ сынап көрдіңіз бе?
– Мен қазір мүшәйраларға мүлде қа­тыс­паймын. Өйткені қазіргі таңда ашық сауданың алаңына айналған бәйгелерден әбден көңілім қалған. Өкпе-қақпамды айт­қаным емес, мүшәйраның өз ақындары бар. Солар жыл сайын тұрақты түрде, әр­қай­сысы өз кезегімен жүлде алып тұрады. Сондықтан өзінің талантынан басқа сенері жоқ басқа да ақын іні-қарындастарыма айтарым: лас нәрсеге бойларыңды былғап, босқа әлекке қалмай, шама келгенше тап-таза қалыптарыңды сақтаңдар. Мүшәйра­дан орын алмағаннан өліп қалған немесе өшіп кеткен ақын көрген жоқпын. Ал аламан бәйгеден аты озып келгеннің бәрі бірдей мықты ақын емес.
– Қарапайым оқырман ретінде кімдерді оқисыз? Қандай жастардың аяқ алысы қуантады?
– Бәрін бірдей қадағалап оқып жүремін деп айта алмаймын. Ал ара-тұра көзіме түс­кенде көңіліме жырлары жып-жылы бо­лып тиетін Жанар Нұрғалиева, Әлібек Шегебай, Алмас Темірбай, Нұргүл Маулина, Мұхам­бетберді Сүйітов, Сандуғаш Шор­танова, Жандос Демесін сияқты ақын іні-қа­рындас­тарымды ілтипатпен атай кетейін.
– Сізді қатарластарыңыздың ішінде «9-сыныпта оқып жүргенде-ақ «Пионер» журналында «Бұрым» атты өлеңі­мен өзіне мойын бұрғызған Рахат Қосбармақов» деп айтқаны бар және «мек­теп оқушысының өлеңінен балаң­дық емес, жарқ-жұрқ жарқылы көп, сан қырлы жақұт көрініп еді» дейді. Ол қандай өлең, қалай дүниеге келді?
– Бұл айтып отырғаның журналист Айгүл Аханбайқызының (біз оның Назгүл Халықова екенін білетінбіз, кейінгі кезде осындай әдеби псевдониммен шығып жүр, қазір ол «Халық сөзі» газеті бас редак­то­ры­ның орынбасары) «Жоқ боп кеткен жүй­ріктер» атты мақаласында айтылған ойлар ғой. Назгүлдің жанашырлық білді­ріп, мені жоқтап, іздегеніне мың да бір рақ­мет! Бірақ бұл өлең «Пионер» емес, 1989 жылы «Жалын» журналында жария­лан­ған болатын. Сол жылы мектепті бітіріп, ҚазМУ-дың журналистика факультетіне документтерімді тапсырып, Алматыда аби­туриент болып жүрген кезімде «Жалын» журналы редакциясының алдынан өтіп бара жатыр едім. Қарсы келе жатқан алпамсадай ірі денелі, сары өңді жігіт мені көріп, қалт тұра қалды да:
– Сен Рахат Қосбармақов емессің бе? – деп сұрады.
– Иә, – деген маған:
– Ой, айналайын! Жақында ғана сенің «Бұрым» деген өлеңіңді жарияладық қой. Мен сені сондағы суретіңнен бірден таныдым, – деп, ағалық тілегін білдіріп, айна­лып-толғанып жатты. Бұл сол кездегі «Жалын» журналының жауапты хатшысы Ермек Аманшаев ағамыз еді.
Назгүлдің мен туралы айтқанда «Бұ­рым­ды» есіне алып, ең алдымен ауызға алуы да дұрыс. Өйткені сол өлең мені біраз жұртқа танымал етіп, бірталай жерге апарды. Тіпті сол «Бұрым» «Жалында» жария­лан­ған соң, өлеңнің кейіпкері, ұстазым Лұқ­панова Гүлжанның жолдасы Әбілшеев Қой­шығұл ағамызды ауылдастары қаума­лап, арнайы барып, жақсылап «жудыр­ғаны» да есімде. Тіпті содан кейін біраз адам­ның мені көргенде: «Ә, сен анау ұста­зының бұрымына ғашық баласың ба?» – деген де кезі болды.
– Осы сізді «үлкен әдебиетке араласпай кетті» дейді. Рас па? Үлкен әдебиетке араласу деген бұрқыратып өлең жазу ма әлде ақиқатты айтып, алдаспан жырмен атойлау ма?
– «Үлкен әдебиет», «кіші әдебиет» деген не өзі?! Үнемі өткізілетін республикалық мүшәйраларға үзбей қатысып, дүркіретіп, дүркін-дүркін жүлде алу ма? Әлде әдеби басылымдарда өлеңдерің жыл он екі ай бойы жарияланып, жасық та болса жыр­ларыңмен жалпылдап, көпшіліктің көз алдында жүру ме? Соңына түсіп, қуалама­ғанмен, мен де өз әлімше өлеңімді жазып жатырмын. Әрине, олардың бәрі бірдей жауһар жыр бола қоймас. Бірақ олар – менің жан сырларым. Әрі-беріден соң мен өлеңді өзім үшін жазамын. Өлең жазсам – өзім үшін. Сондықтан өзімнің таным-түсі­нігім мен ой-пікірімді де ешкімге тық­паламаймын. Күнделікті дағдыға айналып кеткен, күніне қалайда қадалып отырып, он шумақ өлең жазу деген жоспарым жоқ. «Жазбауға болмайтын кезде ғана жаз» дегендей, әбден толғағы жетіп, пісіп-жеті­ліп, ішіме сыймай кеткенде ғана қағаз бен қаламды қолыма аламын және оның бәрін жер-жерге жіберіп, жариялата бергенді де жақсы көрмеймін. Дегенмен жазғандарым жарияланбай жатыр деп зар илей беруге тағы болмайды. Реті келгенде, анда-санда болса да, облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып тұрады. Енді орта­лықтан жырақ жүрген соң, шалғайдағы қа­лам­герлердің көзден таса, көңілден қағажу қала беретіні бұрыннан бар, белгілі жайт қой. Оған бола қаламыңды ортасынан қақ бөліп, қаңғып кететіндей күн туа қойған жоқ. Қорыта айтқанда, менің әде­биетте бар-жоқтығымды елеп-ескермеді деп ешкімге өкпе артпаймын. Мені іздейтіндер, мені білетіндер үшін мен әдебиетте бармын, мені танымайтындар үшін жоқ­пын.
– Қазіргі ақындардың кейбірі ға­лам­торда сайт ашып, өлеңдерін сол ар­қыл­ы танымал етуге құмар. Әде­биет­ті таны­тудың осындай заманауи үлгілеріне қалай қарайсыз?
– «Келер ұрпақ әдебиетті тек қана кітаптан оқысын» деген қатып қалған кон­серваторлық көзқарастағы адам емеспін. Қазіргі заманғы технологияның жетіс­тік­терін пайдаланып, интернет арқылы да рухани азық алса, онда тұрған не бар?! Шамасы келсе, ақындарымыз жеке сайтын ашып жатса, аша берсін. Әркім өзінің қолы жеткен мүмкіндігіне қарай заманауи технологияны пайдаланып жатса, оны сол үшін «анау – агент-ақын», «мынау – ком­мент-ақын» деп жазғырып, сөгудің қажеті қанша?!
Кезінде 2008 жылы Тимур Бектұр деген інім менің атымнан да WordPress ашып, біраз өлеңімді жариялаған. Бірақ сол жеке блогты өзім пайдаланып қарық қылған жоқпын. Өзімнің рұқсатыммен менің атым­нан Тимур інім біраз уақыт жүргізді. Соған қарап отырып, түйгенім: ақындардың танымал болуына жеке сайт ашудың да, интернетке өлеңдерін жариялаудың да белгілі бір дәрежеде көмегі бар екенін жоққа шығаруға болмайды.
– Ұяламын бүгінде мақтануға,
Ұрпақтары ұсақтап кеткені үшін... – деп аяқтаған өлеңіңіз бар. Біздің ұсақтығымыз неде деп ойлайсыз?
– Кісілік қасиеттеріміздің төмендігінде. Кез келген мүсәпірлік күйкі сана мен өрісі тарлықтан, жетесіз пақырлықтан туады.
Менің ең жек көретінім – жағымпаздық пен жалған сөйлеу. Қазіргі күні қария жасындағы жәдігөй шалдарымыздан бастап, мектеп оқушысының бойына дейін жұққан, күні үшін күліп, күштінің алдында күйбең қағып тұратын жарамсақтық, өзінің қайығын судан өткізіп алу үшін өтірік сөй­леп, әке-бабасының аруағын саудаға салудан да тайынбайтын арсыздық, аярлық де­ген жаман әдеттер қарадай қаныңды қай­на­тып, амалсыз ашу-ызаңды қозды­рады. Адамдар арасындағы риясыз сезім мен адал көңіл сұйылып, сенім артар кісің қалмай бара жатқандығы – аса қауіпті құбылыс. Сондықтан мұның соңы адам­зат­тың ақырзаманын жақындата түсетін, түбі апатқа апарып соқтыратын аса қатерлі нәрсе екенін ұғынып, келе жатқан кесапат­тардың алдын алып, қазірден бастап қам жасауға тиіспіз.
– «Ақындар – айрықша мінез иесі, оларды түсініп болмайды» десіп жатады. Сіздің бойыңызда да өзге түгіл, өзіңіз түсініп болмайтын қасиеттеріңіз бар ма?
– Бізде бір сондай, қатып қалған шаблон сияқты қасаң ұғым бар: ақындарды адамзаттың асылы, күнәдан пәк періште немесе елден бөлек есер, жынды көреді. Тағы да қайталап айтайын: ақын мұның екеуі де емес. Ақынның басқа адамдардан артықшылығы Алла тағаланың сәл өзгеше­леу ойлайтын сана мен сезім, сосын аздап сөз бергендігі шығар. Адамға тән нәрсенің барлығы ақынға да тән. Сондықтан барлық адамда бар мінез бен қасиет, оған қоса күнә мен кінә ақындарда да болады. Қол­дан Құдай жасауға болмайды. Бұл – үлкен күнә, діннен шығу. Сол себепті ақындарға адамзаттан ай­рықша жаратылған бөлек бір каста сияқты қарауды доғару керек! Қиялдан туған идолдардың, пұт-құдай­лардың тас мүсін­дерінің тас-талқанын шыға­рып, миф пен шындықтың арасын жа­қындатып, нақты өмірмен ғұмыр кешетін уақытымыз жеткен жоқ па?!
– Әңгімеңізге рақмет, шығарма­шылық табыстар тілейміз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста