«Ақырзаман» авторы майялықтар ма?
Мәлімнен гөрі беймәлімге сенгіш, көрінетіннен гөрі көмескіге құмар адам баласы ұлу жылын үлкен үмітпен қарсы алып, үрейлі үдеріспен шығарып салды десе болғандай. Үрейлі үдеріс деп отырғанымыз – «21.12. 2012» деген сандар тізбегіне қатысты ақырзаман айтысы. «Болады-болмайды, сөнеді-сөнбейді, төнеді-төнбейді» – қып-қызыл айтыс, қызылкеңірдек емей немене, шындығында, ол анау-мынау емес, алты миллиардтың алауыздығына алып келсе... Күн сөне қалса, аспаннан тас төне қалса деген қорқыныштан қолына шырағданын ұстап, азық-түлік толы қоржынын арқалаған алты миллиардтың тең жартысы далбасалап, сәл болмағанда жұмыр жерді тастап қашуға әзір болғаны да өтірік емес. Соның бәрі бір ғана «Майя күнтізбесінің» кесірі...
«Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай»...
«Жер ғаламшарының күні бітуге таяу, күллі тіршілік атаулының жүрегі тоқтап, ақтық демі шығатын күн – 2012 жылдың 21 желтоқсаны» деген сәуегейлер сөзі жетпеген түкпір қалмаған шығар. Тіпті «топан су басады» десе де, «алдымен бассын да, сосын көреміз» дейтін ең бейқам қазекемнің ауылында қозғалыс басталды емес пе?! Ауылдың аңғалдығы-ай, ақырзаманды тек қалада болатын құбылыс көріп, «балам, ақырзаман біткенше ауылға келе тұрсаң қайтеді?» деген де апалар табылғаны анекдот емес, шын оқиға. Енді, расында, өйдемей қайтсін ақырзаман дегенді кім көріпті? Оның шын мәнінде, қашан, қалай боларын тек Алладан басқа ешкім білмейді ғой. Бірақ «2012» деген фильмді түсіргендер соны өздері көргендей қылып көрсетті емес пе? «Қашайын деп тұрған киік еді...» дегендей, онсыз да дүниенің әр бұрышынан әр күн сайын әртүрлі дүмпу шығып, аяқ астынан әлекке түсіп жатқан адамзатқа бұл кәдімгідей ой салды. Оған онша мән бермей жүргендерді көп ұзамай «Майя күнтізбесінің» дабылын қағушылар дүрліктіруге көшті. Жеті қат көктің ар жағында не болғанын көзімен көріп, қолымен ұстап тұрғандай сөйлеушілер «Ғаламшарлар шеруін» алға тартып, «Нибуру атты жұмбақ планета 3600 жылда бір рет жерге жақындайды. Ол жақындаған кезде, тартылыстың әсерінен жер бетінде...» деп, үрейлі сценарийді алға тартқан астрономдар мен физик-ғалымдар да табыла кетті. Тіпті сол майялықтардың обсерваториясының жанына барып, сол жерден сараптама жасаған тележобалар да қаптап кетті. Желтоқсанның 21-і таяған сайын, жаналқымнан алуға көшті. Әншейінде теледидарға сеніп, киноға тіпті еніп кететін жұмыр басты пенде емеспіз бе, ақырзаманға кәдімгідей иланды ел. «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» деп, Абай айтқандай, биыл сол екі ай жай «қыстың басы бірі ерте, біреуі жай» болған жоқ, дүкендерде балауыз шам мен қалбырдағы еттің саудасы қызған кез болды. «Әй, сен балауыз шам алдың ба?» деп қарап тұрмай әйелдер ойда жоққа ой салып, одан сайын ақырзаман жайлы отқа май құя түскені, иланғанымыз емей немене... Күлеміз бе, жоқ жылаймыз ба, сол дүрлігу кезінде тіпті ақирет күнін қарсы алуға арнайы ядролық бомбылардан қорғанатын бункерлерден орын сатып алған да әлемнің бақуатты адамдары болған. Ресми емес дерек көздеріне сүйенсек, ресейлік қалталылар «ақиреттік үй» үшін 3 миллион рубльдерін аямай лақтырған көрінеді. Енді ше, жаннан артық дейсіз бе дүние? Ондай орындар алты айға дейін автономды жүйеде жұмыс істейді екен, Ішінде демалыс бұрышы, кітапхана, кинозал т.б. бөлмелері бар көрінеді. Алты миллиардтың қатарында өліп кетпей, алты ай болса да артық өмір сүрейік деп ақшасын құйғандар желтоқсанның 21-ін қандай қорқынышпен күткенін өзіңіз есептей беріңіз... Өте құпия түрде бір ғана Мәскеу облысында 2 мың адамға, ал АҚШ-тың Юкотан штатында да «400 гектар жерге құпия бункер салыныпты-мыс» деген деректер бар, бұдан да өзге әлемнің қай түкпірінде қанша бункер салынғанын бір Алла біледі...
«Ақырзаманнан» кейін...
Кейбіреу үреймен, кейбіреу күлкі, кейбіреу үмітпен күткен 21-і де жетті. Күн кәдімгі қалыппен көкжиектен күліп атып, құстар кәдімгі таңғы әуенін шырқап, өзен-сулар өз арнасында ағып, киік қырында, бақа көлінде, сексеуіл шөлінде, ең бастысы, адамзат аман-есен тіршілігіне кірісті. Күн сәл кешіксе балауызын тұтатқалы жатқан, бәлкім, бункеріне жайғасып та үлгергендер болса, өздерінің әлдебір мазаққа алданғандарына ыза болған шығар. Себебі олар «алданды» ғой?! Алдаған кім? Майялықтар ма?
Ақиқатқа жүгінсек, адамзаттың иманын үйіріп, ақтық сәтін санауына майялықтардың түк те қатысы жоқ. Сонау ежелгі заманнан бері қарай жер бетінен құрып кетпей, тіршілік етіп келе жатқан бұл көне тайпа мұрагерлерінің саны бүгінде 6 миллион шамасында. Ең бастысы, олар «біздің бабаларымыз осылай болжап кеткен» деп ешкімнің ұйқысын қашырып, үрейін асырмай-ақ өз беттерінше бейбіт ғұмыр кешуде. Ендеше, ай мен күннің аманында «Ақырзаман» атты алып туындыны дүниеге алып келген кім? Бұл ретте өмірінің 40 жылын майялар күнтізбесіне арнаған неміс математигі Йоахим Риттштиг былай дейді: «Осыдан 13 жыл бұрын өмірден өткен америкалық зерттеуші, бүкіл ғұмырын майя тайпасының жазуларын, пирамидаларын зерттеуге арнаған Линд Шелен үлкен қателік жасады. Ақырзаман жөнінде майя тайпасының күнтізбесіне қарап айтқан сол. Ал, шынында, майялықтар ешқандай да ақырзаман жөнінде ауыз ашпаған. Олар тек өз өркениеті дәуірлеп тұрған тұста, бірде Күн тұтылып, қатты жер сілкінісі болғаны, әлгі табиғи апаттың салдары қалай соққаны туралы қабырға тасқа жазған. Соны Линд Шеле қате оқыды. Адамзатты алда қасірет күтіп тұр, ол мыңыншы жылы болады деп қате пікір білдірді. Қазіргі ғылым сол Шеленің айтқандарын пайдаланып, саналы тіршілік біткенді ақырзаманмен үркітіп бітті» дейді.
Майя күнтізбесінің тағы бір зерттеушісі Виктор Талах болса, майялықтар 2012 жылдың 21 желтоқсанында өз күнтізбелерінің бесінші дәуірін жабатын уақытын ғана көрсетті. Одан кейін жаңа «Алтыншы Күн дәуірі» басталатынын айтқан-ды. Алайда беймәлім біреу осы деректі ұршықша үйіріп әкетіп, дүйім дүниені дүр сілкінтті» дейді.
«Мегажәрмеңке»: балауыздан бункерге дейін...
Ендеше, осы тұста біз «Апокалипсис-2012»-нің алып жоба болғанына көз жеткіздік. Ақылдылар о бастан-ақ солай екеніне күмәні болмаған, сондықтан балауыз да сатып алған жоқ, ешқайда жиналмастан, кәдімгі тіршілігін жасап жүре берді. Екінші бір топ «не болса да көнеміз», яғни «қайда барсаң Қорқыттың көрі» деп үндемеді. Ал үшінші топ «қақпанға» түсті. «Жәрмеңкені» қыздырған да солар. Жәрмеңке болғанда да қандай ауқымды, яғни «мегажәрмеңке» деңізші: балауыздан бастап, бункерге дейін сатылды... Бәлкім, бір жағынан бұған «ұрыны қарақшы тонайды» деп, яғни әншейінде жетім-жесір, жарлы-жақыбайға жаны ашымай, тіпті солардың несібесін тартып алып байыған бақуаттыларды өз тәсілдерімен алдап, арам ақшасын әшкерелеу де болған шығар... Бәлкім, біраз тойып секіргенді тәубесіне келтірген ақырзаман туралы аңыздың қайырлы жағы болған шығар... Ал ақиқатында «ақша, дүние – қолдың кірі», яғни күллі дүниенің байлығы уыста тұрса да, Әзірейіл төніп келгенде бір сәттік ғұмырды да сатып ала алмайтыныңыз анық. Алайда психикасы ауытқуға түсіп, «ақырзаманнан құтқарайын» деген оймен өз баласын бауыздап тастаған да ана болды ғой, сол бейкүнә сәби тағдырына кім жауапты? Соның бәріне «Майя күнтізбесі кінәлі» деп құтыла салмақпыз ба әлде?
Бірақ бір нәрсе анық, ақырзаман түбінде болатын құбылыс, бірақ Құдайға сенгендер «Майялықтардың күнтізбесінде» айтылған ақырзаманға миығынан күле қарады. Себебі адамзаттың шын ақыреті қашан болары тек бір Аллаға аян. Оны тіпті адамзатқа жіберілген соңғы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) өзі білмейтіні Құранда анық жазылған. Ендеше, «2012 – ақырзаман» туралы аңыз мынадай теорияға әкеп тіреді – «Құдайға сенбегендер, қауесетке сенеді».