Ақжолдың ән жолы
Ол ең алғаш тілі шыға бастағанда-ақ естіген әндерін былдырлап, өзінше бір саз-ырғақпен айтуға құмар болды. Әдемі ән мен күйдің әсерлі үні шықса, секіріп билей жөнелетін. Үйдегілер музыканың дауысын басып, магнитофонды өшірсе болды, бұртиып қалады екен. Ата-анасы «осы баламыз түбінде әнші болатын шығар» деп, оған үмітпен қарап, бетінен қақпай, талантына тұсау салмай өсіруде.
Айтса айтқандай-ақ, бүгінде жеті жасқа аяқ басқан Ақжол есімді дарынды бүлдіршін қазірдің өзінде сүйкімді дауысымен көпшіліктің көңілінен шығып келеді. Аяғын тәй-тәй басқаннан бері өнерге құлшынып өсіп келе жатқан балдырған отбасында алдыңғы ағаларынан кейін, ата-анасын ұзақ күттіріп 17 жылдан соң дүниеге келген. Ол өмірге келгенде қуанышы қойнына сыймаған әкесі ақын болмаса да жүрегіне шабыт ұялап:
Аян беріп бір Алла,
Ақжол қой деп есімін,
Ұл сыйлады өзіңдей,
Аямай-ақ несібін!
Аман болшы, Ақжолым,
Баталы ұлсың, ақ жолың.
Туын ұстап Алаштың,
Бар бақыттың тап жолын, – деп ағынан жарылды.
Кішкентай Ақжолдың ата-анасы – білікті ұстаз, педагог мамандар. Әкесі Саяхат Алшымбеков – Қазақ педагогикалық институтының аға оқытушысы, ал біраз жылдан бері Алматы қаласындағы № 60 «Азамат» балабақшасының меңгерушісі қызметін атқарып келе жатқан анасы Ақтамақ Сәрсембаева – Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі. Әнші болсам деген әсерлі арманның жетегінде жүрген бала Ақжол осы «Азамат» балабақшасында тәрбиеленді. Талапты ұлдың әншілік өнерге деген қызығушылығын бірден байқаған балабақшаның музыка жетекшісі Анар Мыңжасарова балдырған дарынға көп нәрсе үйретті. Нәтижесінде Ақжолдың үлкен сахналарға да жолы түсе бастады. Оның ең алғашқы жеткен жетістігі – Алматыдағы Әуезов ауданының мектепке дейінгі білім бөлімі ұйымдастырған «Балалық шақ – 2008» балалар әндері байқауына қатысып, лауреат атануы. Осы марапатқа қанаттанған Ақжол бұдан кейін Астана қаласында өткен «Кішкентай жұлдыздар» атты жастардың шығармашылық фестивалінде ән шырқап, ол жерден лауреат атанумен қатар, Болгарияда болатын халықаралық ән фестиваліне жолдама алды. Содан былтырғы жылдың тамыз айында Болгарияның Приморск қаласында өткен үлкен байқаудың сахнасында Ақжол «Жан ана» және «Ұланымын елімнің» атты екі бірдей қазақ әнін әуелетіп, әр елден келген өзге де өнерпаздарды тәнті етті. Ол орындаған әндер сол жерге жиналған халықтың көңілінен шықты. Мықты музыка мамандарынан құралған әділқазылар алқасы қазақтың кішкентай қарадомалақ баласына үлкен сыйлық берді. Осылайша, Ақжол фестивальдің бес жастағы балалар арасында сарапқа салынған Гран-при жүлдесі мен лауреат атағын жеңіп алды.
Ақжол қазіргі уақытта Алматыдағы № 173 физика-математикалық мектеп-гимназиясында оқиды. Бірінші сыныпты үздік бітірді. Алдағы күзде екінші сыныпқа барады. Ата-анасының ғана емес, ұстаздары мен сыныптастарының мақтанышына айналған ол өз ортасында әлдеқашан «әнші бала» атанып кеткен. Әлі ойын баласы болса да, ол өнерге ерекше ықыласпен қарайды. Жақында оның репертуары Тәуелсіздік тақырыбына арнап жазылған сазгер М.Құраловтың «Бұлқынды жүрек» атты ырғақты әнімен толықты. Міне, Ақжолдың ән жолы осылай жемісті де жеңісті басталып келеді. Алла тіл-көзден сақтасын!
Мерей
Алматы. «Балалық шақ – 2008» балалар әндері байқауы – лауреат;
Астана. «Кішкентай жұлдыздар» жас таланттардың шығармашылық фестивалі – лауреат;
Болгария. Приморск қаласы. Халықаралық балалар ән фестивалі – Гран-при.