Арбадағы бишілердің айтар арызы көп
Оларды тағдыр арбаға таңып қойған. Орындарынан тұрып, жерге қадам басу – мұң. Сонда да мойымайды. Қатал тағдырының жүзіне күлімсірей қарайды. Олар өнерлі. Және мүмкіндіктері шексіз. Сызылтып ән де салады, мың құбылып би де билейді. Аяқ-қолдары сау адамдардың көмегіне мұқтаж болып, қайырымдылығын сезіне алмаса да, қажымайды. Қайратына мінеді. «Мүгедек әлемі» қоғамдық қорының мүшелері Асылай Ақбергенова мен Руслан Айтбаевтарды бүгінде атыраулықтар «арбадағы бишілер» деп атайды. Облыста өтетін түрлі шараларда көрермендердің көзайымына айналып жүрген «арбадағы бишілер» жақында тағы да жүлделі болды.
Жалғыз арба жарылқамай тұр
«Данила Давыдов, Асылай Ақбергенова, Руслан Айтбаевтар өнерлерімен талайды тәнті қылып келеді. Биге бейімделген әмбебап арба – олар үшін баға жетпес байлық. Биыл «Қазақстандық мүгедектер конфедерациясы» қоғамдық бірлестігі біздің бөлімшеге осындай бір арбаны сыйға тартты. Бұл бишілерімізді жігерлендіргенімен, бір ғана арба сұранысымызды қанағаттандыра алмай отыр», – дейді Атыраудағы «Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Күлбаршын Нұржігітова. Күлбаршын ханымның бұл сөзін өздігінен жүре алмайтын мүгедектер арасында спорттық балдық биден өткен республикалық байқауда өткен жылы «Эмоционалды жұп» атағын жеңіп алған биші Руслан Айтбаев та қуаттайды. «Биге арналған спорттық арбалар біздің байқауларға дұрыс дайындалуымыз үшін өте қажет. Әзірге бары бір арба, сондықтан бірінші жұп дайындалып болғанша, екінші жұптың күте тұруына тура келеді. Тағы бір мәселе қажетті дәрі-дәрмектерді алуға мүгедектерге жеңілдік бар деп жатады. Бірақ өз басым соның қызығын көрген жоқпын. Мемлекеттік жәрдемақыларды уақытында алып тұрғаныммен, ол ақша дәрі-дәрмектен артылмайды», – дейді ол. Жүлдегерлер қатарында атыраулық болып аттары аталса да, туған жерлерінен титтей де қамқорлық көрмей отырған «арбадағы бишілерді» «Байкеновтер» балет студиясының өнерпаздары Назерке Файзуллина мен Нұрлан Жалғасбаевтар қолдап келеді. Жаттықтырушы-хореограф Гүлсина Байкенованың айтуынша, арнайы құрал-жабдықтармен қамтылған залдың жоқтығы мен арбалардың жетіспеушілігі бишілердің ынта-жігерін жасытып тұрмағанға ұқсайды. «Мүгедектердің би өнеріне деген қызығушылығы жоғары, – дейді Гүлсина Байкенова. – Дайындық кезінде «біз де билесек бола ма?» деп келетіндер көп, бірақ олардың бәріне бірдей би үйретуге құлқымыз болғанымен, мүмкіндігіміз жоқ, дайындық жасап жүрген залымыз тар әрі билейтін арба да жетіспейді».
Қаржының жоқтығы қолбайлау...
«Жағдайымыздың, қаржымыздың жоқтығына қарамастан, біздің бишілерімізді жетелеп жүрген Гүлсина Байкеноваға айтар алғысымыз шексіз», – дейді Күлбаршын Нұржігітова. Алғыс айтарлық жөні де бар, күні кеше ғана Қостанайда мүмкіндіктері шектеулі жандар арасында арбада отырып билеуден өткен байқаудан Асылай Ақбергенова мен Нұрлан Жалғасбаевтардың жұбы «Веналық вальс» бойынша бірінші жүлдені иемденіп келді. Еліміздің бес облысынан үміткерлер қатысқан бұл байқауда 27 жұп бақ сынапты. Нәтижесі – міне. Біздің бишілер — үздіктер сапында. Бірақ бұл байқауға бару атыраулық өнерпаздар үшін тағы да оңайға соқпапты. Қостанайға конкурсқа бару үшін қаржылай көмек сұраған «Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы К.Нұржігітова Облыстық туризм және спорт басқармасынан бір ай бойы жауап ала алмай сандалғанын айтады. Күлбаршын апай ақыры ел аралап жүріп, «ККТС» компаниясының қаржылай қолдауына қол жеткізген. «Қалай болған күнде де, бұл байқау біздің жігерімізді жаныды, шабытымызды оятты, – дейді биші Асылай Ақбергенова. – Жүлдегерлердің есімі аталғанда, қатты толқыдым. Барлық көрген қиындықтарым ұмытылып кеткендей болды». Қымбат көйлек тіктіруге демеуші таба алмағандықтан, сахналық костюмін өз қолымен тіккен Асылайдың өнері қостанайлық көрерменнің таңдайын қақтырыпты. Енді Асылай мен Нұрланның жұбы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтетін халықаралық чемпионатқа дайындық жасау үстінде. Қазақ елінің бір қаласынан екінші қаласына жету үшін қаражат таба алмай қиналған «арбадағы бишілердің» алдағы тағдыры беймәлім. Бізге мәлімі – олар қамқорлықты қажет етеді.