Арман Бексұлтан, сазгер: «Мен өзімді композитормын деп санамаймын...»
Қазақ эстрадасында айтылып жүрген шоқтығы биік әсем әндердің авторы – Арман Бексұлтанды көпшілік көзбе-көз кездессе танымауы да мүмкін. Әндері танымал болғанымен сазгердің өзі газет-журналдардан жылт-жылт етіп көріне бергенді аса қаламайды. Бәлкім қарпайымдылығынан болар. Сазгерлігімен қоса ән өңдеумен айналысып жүрген Арман сондай-ақ «Музарт» тобының белді мүшесі. Музыкалық продюссері. Көпшіліктің көзайымына айналған «Музарт» тобының орындауындағы көптеген әндер Арманның жүрегінен шыққан дүниелер. Әсіресе «Есіл ағады» әнінің өзі неге тұрады?! Сыры көп сазгермен оңтүстікке жолы түскенде сұхбаттасудың сәті түсіп еді.
- Әндеріңіз танымал болғанымен өзіңіз тасада қалып жүргендейсіз...
- Әннің көптің көңілінен шығып, талғам таразысын биіктетіп, ауыздан ауызға тарағаны әрине, ғанибет. Әрбір ән дүние есігін ашқан сәби сияқты. Жүрегіңді жарып шыққаннан кейін өзіңе ұнауы сөзсіз. Ал өзгелерге ұнай қоюы қиындау. «Қалай қабылдар екен, бағы ашылмай тасада қалып қоймай ма?» деген күдік кеудені кеулейді. Жарыққа шыққан әрбір әннің хит болуы мүмкін емес. Бірақ жүректен шыққан әнің жүректерден орын алып жатса онда бақыт деген сол болар. Өзімді жарнамалағанды ұнатпаймын. Барлық шоу бағдарламаларға қатысып, газет бетінен түспей танымалдылықты арттыру маған жат. Оған уақыт та тапшы. Кейде таңғы 5-6 ға дейін жұмыс істеуге тура келеді. Одан қалса эфирде жүреміз. «Музарттың» жігіттерімен үнемі біргеміз ғой. Бірақ көпшілік танымай жатады. Мен енді танылып келемін.
- Әндеріңіз сұранысқа ие. Қазақ эстрадасында айтылып жүрген әндердің басым бөлігінде сіздің қолтаңбаңыз бар. Сұранысқа ие сазгердің жағдайы қандай екен?
- Әндерімнің нақты бағасын айта алмаймын. Біреуі танысың, біреуі бауырыңдай болып кеткен. Ондайда бағасын қалай аспандатып жібересің? Қанағатшыл адаммын. Бар нәрсеге шүкіршілік айту керек. Халық ойлауы мүмкін бай екен деп. Бай болғанда қандай, біз жүрекпен баймыз. Жанымда бауырларым бар. «Музарт» тобындағы тоғыз адамның бәрін бауырым деп санаймын. Ата-анамның көзі тірі. Оған да шүкіршілік айтамын. Шіріп кеткен бай емеспіз. Күнделікті ішіп-жеміміз бар. Жақсы деп те айтуға болмайды. Жаман деп тағы айта алмайсың. Орташа деуге болар.
- Ән әлеміне қалай келдіңіз?
- Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Ордабасы ауданы Төрткүл ауылында дүниеге келгем. Одан 7 сыныпта оқып жүргенде Жетісайға қоныс аудардық. 4 сыныптан бастап дауылпазда ойнадым. 5 сыныптан бастап тойға шығып кеттім. Үлкен кісілер ата-анамнан сұрап алып «бейімділігің бар, ойнай аласың» деп тойға апаратын. Жетісайда училищеде оқыдым. Сазгерлік саласындағы алғашқы қадамым сол кезден басталды. Жетісайда «Думан» деген атышулы ансамбль болды. Мен сонда күйсандықта ойнадым. Содан Шымкентке келіп мейрамханаларда жұмыс істедім. Өзім әнші де болғам. ХҚТУ-де жұмыс істедім. 2003 жылы айым оңынан туған сәтті жыл болды. Сол жылы «Музарттың» жігіттері менің «Әттең-ай» атты әнімді жарыққа шығарды. Таныстығымыз содан басталды. Сол ән себепкер болды. «Алматы» деген топтың мүшесі Мұхит деген жігіт менің досым болатын. «Музарттықтармен» сол таныстырған еді. Таныстығымыз достыққа ұласты.
- Өнеріңізді жоғары бағалайтындар көп. «Музарттың» құрамында жүріп танылмай қалармын деген қаупіңіз жоқ па?
- О баста Шымкентте жүргенімде мені ешкім танымайтын. Әндерімді жарыққа шығару да оңайға түскен жоқ. Алғашқы әнімді «Музарттың» жігіттері тыңдап, ұнатып айтты. Содан бастап бауыр боп кеттік. Арамыздан қыл өтпестей доспыз. Шындығына келсек, Мейрамбек пен Сәкен мені Алматыға көшіріп апарып, жағдайымды жасады. Бұл жақта да жағдайым жаман емес еді. Бірақ солар көп көмек берді. Басында «көшіп кел, бірге жұмыс істейміз» деген. «Музарттың» құрамында боламын деген жоқ едім. Өнерімді бағалап Алматыға апарып ауыздандырған солар. Содан «өле-өлгенше «Музартпен» боламын» деп өз-өзіме серт бердім. Жеке шығармашылығыммен де айналысып жатырмын. «Музарттың» музыкалық продюссерімін. Әндерді сараптап, сұрыптаймын. Кез-келген әншімен жұмыс істей беремін. Оған ешкім кедергі келтірмейді. Ал жеке бөлініп кету деген жоспарымда жоқ. Ондай тілегім де жоқ.
- Әндеріңізді қалай шығарасыз? Құпиясы жоқ па?
- Әрине, оның ешқандай құпиясы жоқ. Ән туардан алдын Сәкен, Мейрамбектер мені дайындайтын сияқты. «Мына әнді білесің ғой, сол тектес болса. Сол сарындас болса» дейді. Өздерінің пікірлерін айтады. Бұл тек «Музарттқа» байланысты емес. Сол әнді тыңдағаннан ән тумайды. Бірақ идеядан идея туындайды. Содан күндердің күнінде шығады. Қиналып жүрген біреуді көресің. Махаббаттың машақатын тартып жүргендер де ой салады. Айналаңдағы тау да, тас та тұнып тұрған бір тарих. Солардың бәрі жүрегіңді толқытып, көкірегіңді шерге толтырады. Соның бәрі ой тастайды. Жаңбыр жауса да шабытты оятады. Біреудің қуанышы да көңіліңді тербетеді. Тақырып көп қой. Тек соны көре білу керек. Соны толғай білу керек. Бірде ұйықтап жатсам құлағыма бір дауыс келеді. Ойнақы әуен күмбірлеп тұрған сықылды. Тұра салып диктафонға жазып алдым. Кейде пойызда, көлікте кетіп бара жатқанда туады. Дер кезінде есте сақтап қала алсаң болғаны. Соны жүректерге жеріне жеткізіп бере алсаң болғаны... «Әттең-айды» шығаратын кезде қатты толқып жүрдім. Бір кісі бала-шағасын жеткізіп, енді қызығын көретін уақытта қайтыс болатын сияқты, арманына жете алмайтын сияқты болып көрінді де тұрды. Сол миымнан кетпей қойды. Содан ән туындады. «Ол көктем оралмайды» деген ән туарда Қасымхан Бегманов өзінің басынан өткен махаббатын айтып берген болатын. Аты айтып тұр ғой. Ауыр махаббат болған. Өзімнің басымнан өткен сияқты болды. Ол әнге басында Роза Әлқожа ән шығарған. Сәкен мен Мейрамбек өздеріне осы әннің қатты ұнағандығын айтты. Сол ән менің жүрегімнің елегінен өтті-ау, сірә. Сол сөзге ән жазылды. Одан қайтып сол әнге қайтадан сөз жазылды.
- Ән қоржыныңызда патриоттық әндер көп пе, әлде махаббат машақаты туралы ән басым ба?
- Жүрегім қашанда ұлтым, қазағым деп соғады. Ұлттық мәселе, қазақтың қайғысы менің де қабырғама батады. Әрине, патриоттық ән шығару оңай емес. Ол үшін үлкен жүрек, үлкен сезім қажет. Қазіргі қазақ жастарының ана тілінде сөйлей алмағанына, бастысы өз ана тілін менсінбейтініне қарным ашады. Осы мәселе жаныма батып, осы туралы ән шығарсам деп жүргенімде Мұхтар Шаханов ағамыз «Наурыз» деген әнін жаздыруға келді.
Әннің оранжировкасы ол кісіге қатты ұнады. Содан маған «Мәңгүрттену марселезьасы» деген өлеңін әкеп тастады. «Балам сен осыны жазасың» деді. Қарап отырсам, осы уақытқа дейін тіл жайлы ойлап жүргендерімнің бәрі әлгі өлеңде сайрап тұр. Келешекте көптің көңілінен шығатын шығар деген ойдамын. Сол ойымды өңдеуге салдым. Жақында естіп қаларсыздар. «Жебе» атты топ айтып шығады. Махаббат жайлы әндер көп. Өмір жайлы да. «Серпер» тобы «Қазақтың қара баласы» атты толғауымды орындап жүр. Мейрамбектің орындауында «Ақиқат» деген термем бар. Мейрамбектің альбомында менің 5-6 әнім бар. Оның ішінде балаларға арналған «Бесік жыры» атты әнім кең таралып кетті. Жасырары жоқ бүгінде «Бесік жыры» ұмытылып барады ғой. Жас аналар бөбегін жұбатқанда жаттап алатындай болсын деген ойдан туындаған. Патриоттық әндерім де бар. «Мұнайлы өлке» деген әнімді Майра Ильясованың жобасы бойынша құрылған «Роян» деген топ айтып жүр. Олардың да қазір құрамы өзгеріп жатыр. Соларға арнап терме жаздым.
- Сазгерліктен бөлек ән өңдеумен де айналысасыз...
- Мен өзімді композитормын деп санамаймын. Мен сазгермін. Музыкалық білімім жоқ. Баста қызығушылық болды. Содан бастап іздендім. Оранжировщик болуға менде керемет тілек болды. Мені бұған бір ағам дайындады. Қазір ол кісі Мәскеуге көшіп кетті. Сол кісіге барып жүріп компьютерде жұмыс істеуді үйрендім. Музыканы қалай өңдеуді үйрендім. Оранжировканың қыр-сырын үйреніп, оқуын оқып алайын десем дүниежүзі бойынша ондай білім беретін оқу орны жоқ екен. Бәрі бір Алланың арқасында ғой деймін. Композитор болу үшін симфония жазу керек. Лоретта, ливетта дегенді білмеймін. Негізі өңдеуші-сазгермін. Композитор деген атаққа ілінсек пе деймін. Алла бұйыртса. Алдағыны Алла біледі ғой.
- Бүгінде талқыға салынып жүрген жанды дауыста орындауға қалай қарайсыз? Келешекте елімізде тек жанды дауыста ғана айтуға мүмкіншілік бар ма?
- Ең біріншіден бізде тірідей дауыста айтуға мүмкіндік беретіндей аппаратура жоқ. Жанды дауыста керемет етіп айтатын әншілер бар. Тек соны көпшілікке жеткізе алатын аппаратура жоқ. Енді келіп жатыр ғой. Компьютер дамып жатыр. Шынымды айтсам, тірі дауыста менің өзім тыңдай алмаймын. Өйткені қисық-қыңыр бірдеңе болып шығады. Бір жері қатты, бір жері бәсең болып естіледі. Сол себепті де көпшіліктің бірі түсінеді, бірі түсінбейді. «Әнші емес екен ғой» дейді. Сондай ой туады. Мамандығым оранжировщик болған соң дауыс пен өңдеу бір-біріне келісіп тұр ма, келіспей тұр ма деп мән беремін. Жанды дауыспен жақсы айта алатын, сонысымен мақтана алатын әншілер бар. Қай жерде болса сол жерде тыңдай берсің. Ал, жаңадан шыққан жас таланттарды да апарып тірідей айтсын дейді. Олар оған үйренбеген. Тіпті, айналып келгенде тірі дауыс дегеннің не екенін түсінбейтіндер де бар. Әнді өңдеп жазған кезде де ол «тірідей» айтып жатыр. Ол біреудің дауысы емес. Кейде бір шулы дыбыстар болады. Соларды тазалап, жоғары сапада жазады. Мұны фонограммамен айтты деп түсінбей жатады. Фонограммамен айту үшін де әнші тер төкті ғой. Бізге әлі көп дайындық керек сияқты. Оған қоса көп уақыт та керек.
- Сізді көбіне Арман Дүйсенмен шатастырып жатады...
- Атымыз бірдей болған соң шығар. Әйтпесе шығармашылығымыз мүлде бөлек. Оның менен екі-үш жас үлкендігі бар. Оның өнерін де, адами қасиетін де сыйлаймын. Композитор деген атқа лайық жан. Өйткені оқыған, әндері де тамаша. Симфониясы бар ма жоқ па, білмеймін. Бірақ әндері көптің көңілінен шығып жүргеніне дауым жоқ... «Таза дарын Алладан» деп жатады. Құрманғазы атамыз оқыған жоқ. Қазаққа аты мәшһүр дүлдүлдердің көбісінің білімі болмағаны белгілі. Бір білетінім, солардың ішіндегі көшбасшылары Алланың берген сыйымен танылған.
- Өмірлік жолдасыңыздың кім екенін оқырмандардың көбісі білгісі келетіні рас...
- Жұбайымның аты – Ботакөз. Мамандығы - тігінші. Үш балам бар. Қазір жұмыс істемейді. Балаларым әлі кішкентай. Бірінен кейін бірі болғаннан кейін әзірше соларға қарап үйде отыр. Шығармашылық иелерінің жолдасы болу оңай емес. Түсінемін. Осы жолға түскелі бері маған көмек беріп келеді. Демеу болып келеді. Ара-тұра ақыл қосып қоятыны бар. Әндерімнің алғашқы тыңдаушысы да сол. Әрі сыншым. Кейде қатты шаршап ұйықтап жатсам балаларды шулатпай далаға алып шығып кетеді. Мен ұйқым қанып тұрғанша сыртта жүреді. Өмірлік жолдасың сүрінгенде демеу, құлағанда таяныш бола білсе соның өзі де бақыт шығар. Ғұмырлық таянышымды адаспай тапқаныма қуанамын. Алтындай балаларымды сыйлады. Ерін күтіп, бала-шағасын баптап отырған әйелден басқа не талап етесің?! «Бақытымның бары – отбасым» деп санаған әйелдің отағасы да алаңсыз болады.
- Сұхбатымызды дәстүрлі сұрақпен аяқтасақ, алдағы жоспарларыңыз қандай?
- Қазір «Музарт» тобының төртінші альбомын шығаруға дайындалып жатырмыз. Басқа да жекелеген әншілермен жұмыс істеймін. Біреулер оранжировка жасатады. Біреулер ән жаздыртады. Бағдат Сәмединова, Мақпал Жүнісовалардың альбомын жазып аяқтап қалдық. «Інжу» атты жоба жасап жатырмын. Төрт жігіттен тұратын «Жебе» тобы да өнер айдынына қанат қақты. Мұның бәрі де көп уақытымды ұрлайды. Кейде ұйықтамай жұмыс істеуге тура келеді. Бірақ еңбегімнің өтеуін көргенде бар шаршағанымды ұмытып кетемін. Биыл жеке шығармашылық концертімді жоспарлаған едім. Үлгере алмадым. Келер көктемге сырғыттық. Енді сол үлкен асуға дайындаламын. Ол да бар күшіңді сарқуды қажет ететін шаруа. Сол белестен өтсек ары қарай да арман, мақсаттар таусылмайды ғой. Арманы таусылған адам тоқырайды ғой. Бастысы шығармашылық дағдарыстан сақтасын деңіз...
- Сұхбатыңызға рахмет!
Гүлжан КӨШЕРОВА