Арқада Маясардай ақын өткен...

Ауыз әдебиетінің майлы жілігі – Маясардың мұрасында
Абай айтқандай, қызыл тілдің толғайтыны – тоқсан. Әсіресе бұл қазақ халқына тән қасиет сынды. Көмейінен жыр нөсері құйылып тұрған, айтары мол ақындар өмірде көп болған. Жазу-сызу білетін адам көп болмаған не тарих бетінде қалуды құнттамаған соң, олардың көпшілігі көзкөрген көнекөз қариялардың есінде ғана қалып, жалпы танылмаған. Солардың кейбірі «менмін» деп тарих кітабының бір парағында аты қалғандардан да ірі, өлеңдері де – өзекті. Кенен, Шашубайлармен иық тіреп қатар жүріп, сөз қағыстырған Арқаның айтулы ақыны Маясар Жапақов жайлы не білеміз?
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, Маясар да жастайынан өлеңге құмар болып өседі. Он бес жасында-ақ Тілекбай дегеннің қызымен айтысуы халық арасына кең таралады. Ақынның ертеректе шығарған өлеңдері кәрі құлақтың азаюынан хатқа түспей қалған. Маясар Жапақұлы Кеңес үкіметі тұсында қаншама тарихи зұлматтардың куәсі болды. Мал өсірумен күнелткен қазақты күнкөрісінен айырып, малдарын колхозға күштеп өткізуі, ашаршылық жылдары, кейін Ұлы Отан соғысының жалындаған оты ақын жүрегін қарып өтті. Ел мұңы халықтың көрген теперішіне бейжай қарамайтын ақынның есті жүрегінен өлең болып төгіледі:
Жазғалы қарындашты қолыма алдым,
Қызығы болмады ғой жиған малдың.
Бір күндік азығы жоқ, үміт бұлдыр,
Не болды енді халің, қайран халқым.
Кәмел ЖҮНІСТЕГІ, жазушы:
– Ауыз әдебиетінің дамуына өзіндік үлесін қосқан, шындықты қуаттап, өмірдің әр қадамына қуаныш лебізін білдіріп келген халық ақыны Маясар Жапақов Бұқар жырау, Кемпірбай, Шортанбай, Біржан сал, Әсеттің мұрасын молынан игерген. Ол – Қарсыбектің Төлегені, Сәрінжіп ақындардың айтыс өлеңдерін сақтап, бізге жеткізуші. Қақпан ақынды ұстаз тұтып, Шашубай, Жамбылдармен сан жүздескен. Ол төңкеріс заманынан кейін елді оқуға, білімге, еңбекқорлыққа шақырған. Оған дербес зейнеткер Сәулебек Сыздықовтың: «Ауылдық совет председателі болып тұрғанымда Маякең жеті жылдық мектеп салайық деп ұсыныс жасады. Нәтижесінде, шотпен шауып, кірпіш құйып, мектеп үйін салдық» деп аудандық «Ильич туы» газетіне жазуы дәлел.
Маякеңнің мысал өлеңдері де – ауыз толтырып айтарлықтай мол дүние. Ол өз жанынан терме-жырлар, нақыл сөздер, мақал-мәтелдер шығарған. Олардың бірқатары «Жазушы» баспасынан шыққан «Қанатты сөздер» кітабына енген:
Амандықта қадір жоқ,
алдырған соң білерсің,
Денсаулықта қадір жоқ,
ауырғанда білерсің, – десе, бірде:
Биік таудың басы жақын,
бөктері қашық,
Білімсіздің туысы бір,
көңілі қашық», – дейді.
Маякең 1940 жылы Доскей Әлімбаевтың мерейтойына арнайы келіп, толғау арнаған. Шашубаймен кездесіп:
Сәлемімді кісілікпен Шашу ағам,
Жасыңнан көп ақыннан асты бағаң.
Қарсы алып, бұл сөзімді
құп тыңдаңыз,
Айттың деп өткен күнді
ұрыспа маған, –
деп сәлемін жолдаған. Ал 1947 жылы Мәскеу қаласының 800 жылдық тойына қатысқан. Мұнда ол зор дауысты ақын екенін танытып, Үлкен театр сахнасында халық пейілін өзіне аудартқан еді. Ақынның сонда салған әні пластинкаға жазылып, бүкіл елге тарады».
Маясар Жапақұлы ауыз әдебиеті үлгілерін жинап қана қоймай, талай сөз додаларында қабырғалы ақындармен сөз тірестірген. Оған 1943 жылы республикалық деңгейде өткен айтыс айғақ. Мұхтар Әуезов бастатқан он бір адамнан тұратын қазылар алқасы Маясар Жапақовты бірінші орынға лайық деп тапқан. Сол айтыста суырыпсалма ақын Кененмен айтысып, жеңген екен. Аталған айтыстан абыроймен қайтқан Маясар ақын шабыты қарқындай түседі. М.Әуезов сол жолы өз басшылығымен «Маясар Жапақов» деген атпен деректі фильм түсіріпті. Ол фильм әлі күнге дейін мұрағатта сақтаулы.
Боранбай МАЯСАРОВ, ақынның немересі:
– Атамның ұстазы сопы Қақпан деген кісі болған. 1934 жылы Қызылжарда жеті жасында шешек шығып, екі көзінен суқараңғы боп қалған екен. Шашубай, Маясарлар іздеп барып, үлгі алған адам. Атамның мұраларын алып қалып, жинақтаған – өз әкем Әбдіқұл мен күйеу баласы Кәмел Жүнісов. Көзі тірісінде кітабы шығарылмай кеткендіктен, кейіннен топтастырып шығардық. М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының мұрағатында атамның аузынан жазылып алынған 500 беттік таспа бар. Ол ақын ғана емес, жыршы да болған. «Ләйлі-Мәжнүн», «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Қамбар», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» сынды қисса, дастандарды жатқа айтқан. Әнші және көріпкел болған. Өзі шығарған әндерін шәкірттері Рысқұл Жақанов пен Жамал Одықов және әкем жеткізген. «Қос қоңыр», «Тағылы» әндері айтылып жүр. 1932 жылғы ашаршылыққа арналған поэма іспетті «Қоңырқаяу» деген әлі жарыққа шықпаған әні бар. Сол сынды бірнеше әнін, Алла қаласа, шығармақпыз.
Табан астында тауып айтатын тапқыр ақын, бұрынғының қиссаларын жатқа оқитын жыршы, зор дауысты әнші әрі композитор болған Маясардың ұрпақтары да бұл өнерден кенде емес. «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да тартпай қоймас негізге» дегендей, ақынның немересі Боранбай да домбырамен ән салады. Ал шөбересі Жақсыкелді Маясаров ата жолын кәсіби музыкалық тұрғыда жалғап жүрген жайы бар. «Сегіз қырлы» телебайқауының екінші маусымына қатысып, 1-орын алған ол жүрген жерінде атасының әндерін шырқап, насихаттап келеді. Пайғамбар хадисінде адам өмірден өзі өтсе де, артында Құран бағыштап, дұға оқитын ұрпағы мен тек осы өмірде жасаған жақсы амалдары қалады деген екен. Жақсының аты өлмей, асыл мұрасы өскелең буынға азық болып жүргенін аңғардық. Ал Құран бағыштап, ән мұрасын жалғайтын Жақсыкелдідей ұрпағы бар. Арқаның ақтаңгер ақынының көзі кетсе де, бай әдеби мұрасының көңілден кетпейтініне сенім мол.
ӨМІРДЕРЕК
Маясар Жапақов 1879 жылы мамыр айында осы күнгі Қарағанды облысы Шет ауданының Тағылы тауындағы Жоса бұлағында дүниеге келіп, 1965 жылы қайтыс болған. Ауыл молдасынан оқып, арабша хат таныған. Он үш жасынан бастап өлеңге, айтысқа ден қоюына шешесі Сарқыт себепші болған.





