Арқасқа бардық, анығын көрдік
2013 жылы 22 маусым күні Алматыдан Жаркентке жол тарттық. Арамыздағы ақсақалымыз да, сапарымыздың ұйтқысы да – жазушы ағамыз Бексұлтан Нұржекеұлы. Ол кісіден кейінгі үлкеніміз – кәсіпкер Амантай мырза. «Қазақстан» телеарнасынан Жаңыл, Ботагөз деген танымал тележуналист, редактор қарындастарымыз бар. Тағы Сағыныш, Нұрлан деген түсіруші, жүргізуші інілеріміз де болды. Әрине, сапарымыздың үлкен мақсаты ортақ болғанымен, әрқайсымыздың жеке-жеке шығармашылық мақсатымыз да бар-тын. Телеарна қызметкерлерінің мақсаты Бексұлтан ағаның шығармашылық өсу жолынан деректі фильм түсіру болса, біз Шыңғысхан тарихына қатысты айтылатын Бұрқан, Түрген деген тарихи орындарды көзбен көріп қайтуды мақсат тұттық. Сөйтіп, барлығымыздың басымыз Жаркент киелі өлкесінде тоғысты.
Мен өзім Өр-Алтайдың қазағы болғандықтан, Шыңғысхан тарихында айтылатын Қаратал, Қалжыр, Қалғұты, Теректі (ШҚО), Сауыр (немесе Қу-Сауыр, ҚХР Жеменей ауданы) деген жерлердің аты-затына қанық едім. Ол жақта керей арысының меркіт тайпасы және жәнтекей тайпасының кей рулары, сондай-ақ найман арысының бірнеше тайпасы отыратынын да жасымнан білетінмін. Ал бізден өте шалғай жатқан Арқастағы (Жоңғар Алатауындағы) Бұрқан мен Түргенді қағаздан оқып, алыстан естіп білгеніммен, барып көрген жан емеспін. Оның үстіне Жетісуда Түрген атты жер екеу болғандықтан («Құпия шежіренің» 79-үзігінде), Бұрқанға жақыны, яғни Шыңғысхан қашып барып паналағаны қайсы деген сұрақ та алаңдата берген («Құпия шежіренің» 100-103-үзігінде айтылған). Бексұлтан Нұржекеұлы бастаған кісілер Шоқан Уәлихановқа негіздей отырып, мұны тау Түрген емес, су Түрген болса керек деп қарайды. Біз болсақ, алдыңғысы болар деген межені ұсынған едік.
Атамыз қазақ «Көп естігеннен бір көрген артық» деген екен. Шынымен де, Бұрқан, Түрген екі өзеннің арасы жақын болып шықты. Бұрқанның басы Сарытаудың шығысында болса, Түргеннің басы батысындағы шатқалдан ағады. Аяқтары Іле дариясына құймас бұрын қосылады. Ал Бұрқанның шығысында Тышқан деген тау бар. Екі өзеннің су жинайтын аймағы, яғни Арқастың осы бөлігі Бұрқанбасы аталған. Кейінгі кеңестік заманда кеңшарлар құрылып, әрқайсысы өзіне тиесілі кіші жерлердің атын көп айтқандықтан, Бұрқанбасы деген атау өте сирек қолданылатын болған. Дегенмен Бұрқан өзенінің аты ешқашан да ұмытылмаған және дәл бүгінге дейін солай айтылып, жазылып келеді.
Тегінде Түргеннің бойы тораңғылы, жиделі, жыңғылды, шиі мен қопасы бітік өскен ну болыпты. Қанша сиресе де, қазіргі күннің өзінде ені бірнеше шақырымға жайылған, ұзыны елу шақырымдай ауқымды тоғай көрінеді. Бұл жер Шоқан келген заманда (ХІХ ғ. 50-жылдары) Түрген деп аталған. ХХ ғасырдың бас кезінен бастап Өсек деп те қосымша атала жүріп, соңында сол атау дендеп кеткен. Десе де тоғайдың Түрген аты ұмытылмаған екен. Ұлы қариялар мен мұрағаттар берген мәліметтер де бұл араның тарихи атының Түрген болғанын айғақтап отыр. Біз өз зерттеу еңбектерімізде дәл осы Бұрқан мен Түргеннің жағырапиялық орналасуын анықтау үстінде көп қиналғанымыз бар. Шыңғысхан ежелгі қарсыласы меркіттен және ірге жауы, аталас дұшпаны тәйжігіттен (тайшығұт) қашқанда бірде Бұрқанға, бірде Түргенге тығылатын еді ғой. Соған қарағанда екі жердің арасы бір ауылға немесе бір кіші руға мекен болғандай жақын болса керек-ті. Ал тау Түрген мен Бұрқанның арасы екі жүз шақырымдай шалғай болатын. Енді, міне, бәрі де анық болды. Су Түрген мен Бұрқанның арасы қазақы өлшеммен атшаптырым ғана екен. Сол себепті Шыңғысхан жаудың шабуылдаған бағытына қарай не Бұрқанға, не Түргенге паналаған. Әсіресе Бұрқанның жер түзілісі «Шыңғыс-Қағанның қузауырында» («Құпия шежіреде») айтылған тарихи мәліметке өте сәйкес келеді. Өзен бойлап жоғары сағаға кірген тұста тар шатқал тап болады да, онан қалың қосын тобымен өтіп кете алмайды. Өйткені екі қапталы – тік жалама әрі қалың қарағай. Егер дәл «Қузауырда» айтылғандай, етіп беткейден қарағай жығып жолды тосып тастаса, оны аршуға қаншама күш, қаншама уақыт кетер еді. Бұл аралықта қашушы да жасырынып үлгереді. Шыңғысхан ауылы да кезінде солай жасаған болса керек. Тағы бір ғажабы, шатқалдың орта тұсында шағын ауыл қоныстанарлықтай тепсең және біраз малға өріс боларлықтай қойнау бар екен. Бірақ ол жерге жалғыз тар ауыздан басқа еш жермен келу мүмкін емес. Әрине, қоршауда қалған адам да басқа жол тауып түбегейлі ұзап кете алмас еді. Меркіттер жергілікті ел болмағандықтан Шыңғысханның өздігінен шығуын тосып жата алмай, жалғыз ауыздан шұбап кіруге мәжбүр болған. Алайда бөтен жердің ойлы-шұңқырына сүріне берген соң, ақыры шегініп кетеді. Өйткені қанша жауласты дегенмен Шыңғысханның елі қарап қалмасын олар жақсы біледі. Сөйтіп, Жошы ханға айы жетіп отырған қоңырат қызы Бөрте ананы олжалайды да, асығыс шегініп кетеді. Бөрте ханымды кейін Шыңғысханмен алтыншы атадан аталары бір, бесінші атадан аналары ортақ жақын туысы, жалайыр Саба бағадұр алып қайтады. Ол кісі әйгілі тарихшы Қадырғали Қосымұлы Жалайыридің арғы атасы еді. Бұл деректер Жошының Шыңғысханның бел баласы екенін және Шыңғысханның руы жалайыр екенін анық көрсетіп тұр.
Ал су Түргеннің жер түзілісі де осыған ұқсаңқырайды. Шамамен алғанда Бұрқанның батысы болып келеді екен. Шыңғысхан тәйжігіттен (тайшуыттан) қашқанда Түргеннің қойнауына, сол өзен бастау алған таудың шатқалына кіріп кеткен. Алайда алыстан келген меркіттей емес, тәйжігіттер Шыңғысханды ұзақ аңдуға алады. Азықсыз арып-ашқан Шыңғысханды амалдап қолға түсіреді. Мінекиіңіз, тарихи деректегі жағырапиялық сипаттаулар және топонимдер дәл қазіргі күнгісімен көп кездерде сәйкестік тауып отырады. Айталық, «Қузауыр» («Құпия шежіре») Түргенге жуық аймақта Бүркей-Ірге деген таудың болғанын мәлімдейді. Бүгінгі ономастикаға жүгінсек, Түргеннің батыс жағын ала орналасқан тау Іргетау деп аталады. Қазақ далаға жақын тұрған тауды «ірге» деп сипаттайды. Мысалы, Алтай өңірінде әйгілі Мәми бидің (бейсінің) қонысы болған Бітеуірге (бітеу+ірге) деген жер бар. Назар салсаңыз, осы топонимдердегі «ірге» сөзі – ең негізгі, жалпы, осындай жер түзілістеріне ортақ сипаттама. Ал «бүркей», «тау», «бітеу» сөздері сол жердің жеке өзіне тән даралығын көрсетеді. Сондықтан алдыңғысы тұрақтырақ, соңғылары өзгерісшең келуі мүмкін. Өйткені жаратылыстық не адамдық әсерге байланысты жердің даралық сипаты – флорасы мен фаунасы түбегейлі не жартылай өзгеріп кетуі мүмкін. Осы тұрғыдан қарағанда «Бүркей-Ірге» мен «Іргетау» бір жердің екі дәуірдегі аты деуге болады. Әр екеуінде де жер түзілісінің «ірге» сынды тұрақты сипаты, топографиялық ерекшелігі толық сақталған.
«Қузауыр» дерегіндегі Бүркей іргеге байланысты оқиғада Құм-Ырға деген өзеннің аты аталған. Соған қарап екеуінің арасын жақын деп топшылауға болады. Біз «Құпия шежіренің құпиясы» деген еңбегімізде тілдік талдау тұрғысынан бұл өзенді құмды жерді басып ағатын өзен болса керек деп талдаған едік. Сонда айтқанымыздай, «ырға» сөзі арна, жүлге, сорап деген мағына береді. Ал «құм» дегеніміз – кәдімгі құм. Дәл сол деректе сипаттағандай, аяғы құмды алқапқа құятын бір өзенше бұл күнде де бар болып шықты. Алайда оның қазіргі аты Теректі делінеді. Өзен Іргетаудың солтүстік сыртындағы ұлы таулардан бастау алады. «Қузауырда» айтылғандай-ақ батыс оңтүстікке қиыстап ағады. Енді бұндағы Бұрқан, Түрген, Іргетау деген жерлерді ұштастырып ойлап көріңізші. Бастау дерек пен бүгінгі Жетісудың топографиялық және топонимикалық болмысының осынша үйлесім табуындай құбылыс, мұндай зор сәйкестік тарих ғылымында сирек кездессе керек. Келесіде осыларға «Түгел тауарихта» («Жәмиғ ат-тауарихта») айтылатын үйсін, дулат (дұғлат), жалайыр, суан (сүгән) деген ру аттарын ұштастыра ой елегінен өткізіңіз. Сондай-ақ осы рулардың қазақ шежіресі бойынша туыс екеніне назар тастаңыз. Ең соңында қазақтың суан арысының күні бүгінге дейін осы жерде өмір кешіп жатқанын еске алыңыз. Демек, Шыңғысхан тарихы территориялық тұрғыдан да, этникалық тұрғыдан да қазақ халқының елімен, жерімен қоса қабат астасып жатыр.
«Құпия шежіренің» түпнұсқасы бойынша 79, 129, 132, 133, 135, 170, 190, 282-үзіктерінде және Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» (3-бөлім, 4-том) еңбегінде жазылған жер аттарына назар салайықшы: Нарат, Шаты, Құлжа (үшеуі де – ҚХР қазақтары жерінде); Бұрқан, Түрген, Қарқара, Шарын (Шарғын), Қапшағай (Зерен-Қапшағай), Қара-Зұрық (Қаражырық), Аралтөбе (Көде-Арал), Шұбар (Қорғанақ-Шұбар), Тұлыған-Бөлтақ (Шаған), Теліген-Бөлтақ (қос Қотырқай), Алтынеміл (бұлар Жетісуда); Талас (Жамбыл) және Сайрам (Шымкент); Ұлытау (Ұлық-Тақ, Жезқазғанда); Ырғыз және Сазды (Ырғын және Сазғыш, Қостанай мен Ақтөбеде); Қаратал, Қалжыр, Қалғұты (ШҚО) т.б. Бұларға әлемге әйгілі Алтай, Алатау (Алақ-Тақ), Алакөл (Алақ-Көл), Сауыр (Қу-Сауыр), Ертіс, Іле (Ілеті), Жете, Моғолстан (Жетісу), Еділ, Жайық сынды жер мен су аттарын қосыңыз. Ал Алмалық, Отырар, Бұқара, Самарқант, Сарай, Сарайшық т.б. толып жатқан түрік қалаларын жаңылмай санап шығудың өзі қиын. Енді бұған жалайыр, дулат, қоңырат, қыпшақ, қырғыз, қарлық, қаңлы, ұйғыр, үйсін, алшын, татар, ноғай, түмет, керей, найман, уақ (оңғыт), арғын (арғынты), суан (сүгән), албан (албат), сіргелі (сіргеті), шанышқылы (шаншығұт), ұраңқай, төлеңгіт т.б. деген түрік руларын қосыңызшы. Әрине, бұларды да тура санап тауысу мүмкін емес. Осы айтылған ономастикалық атаулар, топонимдер мен этнонимдер – түгелдей Шыңғысхан тарихындағы аса маңызды атаулар. Оларсыз Шыңғысхан әулетін көзге елестету мүмкін емес. Ал бұлардың барлығы түрік халықтарының елі мен жері, қаласы мен даласы болып табылады. Соған қарап-ақ Шыңғысханның қайсы жерде, қай елде туып-өскенін білуге болады. Ұлы Шыңғыс-Қағанның басқа ешбір халықпен осыншалықты тығыз байланысы жоқ. Тіпті тарихи себептермен Шыңғысханға зорлап таңылған қазіргі моңғол халқынан да осындай байланыстың оннан бірін де табу мүмкін емес. Қазақтың барлық хандары – Шыңғысханның тіке ұрпақтары. Керісінше моңғолдың ешбір ханы Шыңғысхан нәсілінен емес. Әз оқырман, қалғаны – сіздің таразыңызда. Өзіңіз безбендей беріңіз.
Біз осы жолғы сапарымызда Құрқайшыдағы «Қоскүмбез» немесе «Ақкүмбез» деп аталатын екі байырғы құрылысты зияраттадық. Үсті дөңгелек күмбезді, керегесі сегіз қырлы қос мазар әрі қарапайым, әрі сәулеткерлік (архитектуралық) шешімімен кісіні еріксіз таңырқатады. ХІХ ғасырда салынса да, мұнда біз енді игеріп жүрген капелдеу технологиясы қолданылыпты. Өрнегі де, бедері де – таза ұлттық үлгіде. Қарап тұрып мазардың қасында екеніңді ұмытасың да, жаныңа жылы леп кіріп, таза көркемдік ләззат құшағына енесің. Сөйтесің де, көшпенді делінетін қазақ халқының сәулеттік дарынына еріксіз бас иесің. Бір әттеген-айы, осынша керемет мәдени мұра еш қорғаусыз, түк күтімсіз айдалада жетімсіреп тұр. Шіркін, мемлекеттік қорғауға алынғанда ғой. Әйтпесе халқымыз тағы бір асыл жәдігерінен айырылғалы тұр екен. Осы Құрқайшы деген жер аты есімізге «Қузауырдағы» Құр-Шоқыны түсіреді.
Сондай күтімсіз, күйсіз тағы екі асылымыз Арқас төріндегі Белжайлауда тұр. Оның бірі – үш балбал, екі обадан тұратын көне түркілік үлгідегі байырғы мазар. Суық тасқа өлмес жан бітірген қайран бабалар-ай! Мыңдаған жылды артқа салса да, ұрпаққа үмітпен қарап әлі де сабырлы күйінде тұр. Қарапайымдылығына қарамастан, сонша парасаттылықпен қашалған. Тіпті жынысы мен жасын да шамалауға боларлықтай. Көрген жұрт «бірі – ер, бірі – әйел» десіп жатты. Тағы біреулер «ер кісі – орта жаста, әйел жастау екен» дейді. Енді бір кісілер «жалғыз тұрғаны толысқан жастағы ер-азамат секілді» деп топшыласады. Бұлар да ұрпақтарының, мемлекеттің аялы алақанын күтіп тұрған аяулы жәдігерлер екен.
Тағы бірі – өзіміз дүрілдетіп тойлаған әлемге әйгілі Орбұлақ шайқасының жұрты. Кезіндегі ауыр экономикалық қиындыққа қарамастан, Елбасының бастамасымен 1993 жылы 24 тонналық әйдік белгі тас қойылған екен. Алып қызыл гранит тас көрген жанға бекем бірлікті, мызғымас беріктікті әйгілейді. Алайда осынша танымал, әлемде өте сирек кездесетін ұлттық құндылықты зерттеу, әсіресе тарихи тағылым, әскери тактика тұрғысынан зерттеу жетіспей тұрғаны бірден байқалады. Әсілі, оған жүйелі археологиялық қазба жұмысы жүргізілуі керек еді. Сондай-ақ бұл жұмысқа әскери мамандар, археологтер, тарихшылар, мұражай мамандары, журналистер, жазушылар қатынасса абзал болары талассыз. Сонда ондағы археологиялық мұралар жинақталып, сол олжалар көргізбе жолымен, ақпарат құралдарымен халыққа насихатталар еді. Тарихшылар – ғылыми қырынан, жазушылар әдеби қырынан зерттеп, ата даңқын болашақ ұрпаққа қалдырар еді. Ал археологтер мен әскери мамандар табылған заттарға өз тараптарынан үңіліп, зертханалық, әскери-тактикалық және басқа жақтарынан зерттер еді.
Кезінде Салқам Жәңгір хан қосыны осы орынды өте парасаттылықпен таңдап алған. Бұл орын, әсілі, Ордың бұлағы мен Белжайлаудың арасындағы елеусіздеу қыр жал (жота) еді. Жал солтүстікте ұлы тауға тірелген де, оңтүстікте тар шатқалға мінбелеген. Ал жалдың Белжайлау жақ (шығыс жақ) қапталы құр сайға, батыс жақ қапталы бұлақты сайға тіреледі. Жалдың жалпы ұзындығы екі мың метрден артық. Үстінің көп жері ат бойы ендемейтін өте тар қыр. Ор сол қырдың сәл батыс жақ (қазақ қолының өздері жақ) қапталын ала қазылған. Сөйтіп, жау оғынан тасалайтын табиғи қалқан қалыптасады. Үсті кеңдеу немесе жалы ойлау тұсқа сай тағанынан үлкен малтатас әкелініп жиналған. Тастардың салмағы 100 – 300 кг шамасында болуы мүмкін. Осындай қорғаныста отырған 600 адамдық қазақ қосынына қалмақтың 50 мың кісілік ауыр қолы шабуылдаған екен.
Әрине, бұл арада қазақ қосынына батырлықпен бірге теңдессіз әскери парасат есқатқан. Егер жау көптік жасап лап қойса, алдыңғы сарбаздары қазақ беттегі жотаға шыға алмайды да, олардың соңындағы жау жаппай тосылады. Осы кезде сай тағанындағы сарбаздар соңғы лектің табанының астында қалады. Сөйтіп, өздерін-өздері бөгеп, бірін-бірі жаншып босқа қырылады. Аңғары күші басым жау ә дегенде өктемдік жасай қоямыз деп солай қырылған секілді. Соның нәтижесінде қазақтың десі көтеріліп, қалмақтың мысы басылған. Ал олай етпей аз-аздан келсе, 70 градус шамасындағы өрден тырмысып шыққан жау жасағын қазақ сарбаздары оп-оңай сайып түсіре берген. Өлген көлік пен жасақ соңғы жаудың алдын тосып, оңды қимылдауға мүмкіндік бермеген. Бір жағынан тасада жатқан қазақ қолы қарсы беттегі жау тобын да садақтың астына алып баудай түсірген секілді. Осылайша жаудың мысы әбден құрыған. Ең соңында төртқара Жалаңтөс баһадүрдің көмекші қолы келіп үлгерген. Онсыз да тауы шағылып, жігері мұқалып тұрған жау тың күшті көргенде қашудан өзге амал таппайды. Бұл арада қазақ халқының бөлінбес бірлігі тарихи түрде тағы бір мәрте дәлелденген еді.
Бізше, Жалаңтөс баһадүр жаудың келетінінен күн ілгері хабардар болған. Яғни Салқам Жәңгір хан екеуі жаудың соғыс жоспарын, жорық жолын алдын ала біліп алып сәйкесті түрде тактикалық қимыл жасаған. Керісінше жау жағы қазақтың соғыс жоспары мен шеп түзілісінен және сарбаз санынан бейхабар болған сыңайлы. Жалаңтөстің алыстан шаң беруі де нағыз шеберлікпен жасалған айла еді. Олай дейтініміз – қазақ жағы осы тәсіл арқылы жауға үрей салған әрі шегініп кетуге мүмкіндік те жасаған. Шегіну қарбаластығында шебі әбден бұзылған жау Аяқсазға қарай бет алғанда, Белбұлақ жақтан тиген тағы бір бағыт қазақ қолы аш бүйірден қадала жайпаған. Қыспақта қалған қалмақ қолы енді биік тау, тас қысаңға қарай қашуға мәжбүр болған. Яғни жау қазақ қосынының күн ілгері жасаған бар тактикалық тұзақтарына түсіп, ең соңында ауыр шығынға ұшыраған. Міне, бұл аз күшпен көп жауды жеңу сынды әлем тарихында сирек кездесетін немесе мүлде болып көрмеген соғыс тәсілі еді. Ал бұл – Қазақ хандығының әскери барлау ісінің өз заманына сай озық деңгейде болғанының айғағы. Сондай-ақ бұл – қазақ әскери істер мамандарының әрбір стратегиялық нүктелерді жетік меңгергенінің де күндей жарқын дәлелі. Жайшылықта аңқасы кең, бадамшасы аз, саны басым жау тұрғысынан мүлде қауіпсіз сезілетін жерде мұндай тапқырлықпен тактикалық бекініс салып, шеп құру тек биік парасат иелерінің ғана қолдарынан келеді. Сондықтан да біз оны терең зерттеп, Орбұлақтың даңқын әлемге әйгілей түсуіміз керек. Атын ауыл, аудандарға қойып, даңқын асыра түсуіміз қажет. Осынау тарихи орынды саяхат нүктесіне айналдырып, ұлттық идеологиямызға, ұлттық экономикамызға қызмет еттіруге тиіспіз. Осылай істегенде ғана өткен ата-бабалар мен келер ұрпақтар алдында жүзіміз жарқын болады.
Үйгентастың белінде жатқан Салқам Жәңгір жерленген деген обаны да көрдік. Хан жерленетіндей жер екен. Міне, солай Арқасқа барып қайттық, үлкен әсер алып қайттық. Көкейдегі көп сауалға келелі жауап тауып қайттық.