«Арт-Дала» дала өнерін паш етпек
Жаңа заман, жаңа талап, жаңа өнер суретшілерді бей-жай қалдырмақ емес. Қазақстан суретшілері жаңа өнерді өз мәдениетімен дұрыс ұштастыра білуінің арқасында шетелдерде жоғары бағаға ие болып жүр. Сондай суретшілердің бір тобы ауқымдылығы жағынан елімізде алғаш рет ұйымдастырылған «Арт-Дала» жобасын қолға алып отыр.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өтетін көрме Астана халқын он күн бойы шаттыққа бөлемек. Тоғыз қылқалам шеберінің 100-ге жуық туындысы қойылатын көрмеде қазақ даласына қатысты құндылықтың барлығы көпшілік көзайымына айналмақшы. Бұл көрменің басқа көрмелерден ерекшелігі – суреткерлік өнердегі барлық жанрдың қамтылуында болып отыр. Қатысушылардың үздік шығармаларын топтастырған көрмеде көшпелі және отырықшы мәдениеттің, Азия мен Еуропа құрлығының түйіскен тұсын, дыбыс пен жарықтың үздік үйлесімін бейнелейтін композициялар болады деп жоспарлануда.
Смайл БАЯЛИЕВ, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Көркемсурет академиясының корреспондент мүшесі:
– Шараның негізгі мақсаты – Астана халқына дала өнерін паш ету, ұлттық кескіндеме саласын кеңінен насихаттау деп білемін. Астананың төрінде осындай ғажап көрме өткізу көптен жоспарлап жүрген шаруамыз болатын. Бірақ соның сәті енді түсіп тұр. «Сабақты ине – сәтімен» дейді ғой атамыз қазақ. Бұл өнердің жаңа түрі болғандықтан, өнерсүйер қауым қалай қабылдайды деген қобалжу да бар. Мақсатымыз – дала өнерін мейлінше жан-жақты көрсету. Дала бейнесі, қызықты көріністер біздің суретшілеріміздің экспозицияларында жақсы ашылған. Адамға кәдімгідей ой салатын туындылар жетерлік. Суреткерлердің шығармаларына арқау болған – қазақтың көшпелі мәдениетіндегі тұрмыс-тіршілігінде қолданған бұйымдары. Біреулер қойтастан, енді біреулер киізден, тағы бір топ сүйектен, толып жатқан материал түрлерінен түрлі дүние жасап шығарған. Сондықтан «Арт-Дала» жобасы кескіндеме, сурет өнерінің жаңа бағыты деп айтсақ, қателеспейміз. Бұл – сурет, кескіндеме, көркемсурет, сызба, сәулет өнері, мүсіндеу сияқты көптеген бағыттың жиынтығы деп ойлаймын. Ал жиынтық болған жерде сын да болады, қолдаушылар да табылады. Әзірге сыншылар тарапынан қолдауға жақын, жанашыр пікірлерді ғана естіп жатырмыз. Бастысы – халықтың қабылдауына байланысты.