Асаба деген кім өзі?

Асаба деген кім өзі?

Той десе қу бас домалайды деп, кім шақырса да тойдан қалмайтын қазақтың бірі мына біз боламыз. Несие алып, қалтасы қағылса да той жасайтындардың қатары көп-ақ. Тіпті, бірінен-бірі асырып, кейін қарызға белшесінен батып жататындар да жоқ емес. Бірақ бұл жолы осы арада арандары апандай болатын асабалар жайлы «Алаш айнасы» тілшісі сөз қозғамаққа бекінді.
Өткенде нағашы ағамның қызы тұрмысқа шығып үйлену тойына бардық. Әдеттегідей, ортаға жас асаба жігіт шығып әзілдерін айта жөнелді. Жорға тілдің майын тамызған асабаның сөз шеберлігіне таң-тамаша қалып алақанымыз ашығанша қол соғып отырдық. Апырай, мына жігіттің шешенін-ай, қайдан ғана келістіріп айтады деген сөздер жан-жақтан ду-ду етіп естіліп жатты. Тіпті, тоқтамай сарнағанда талайды көрген ақсақалдардың ауызының суы құрып ұйып қалыпты. Енді ақша төлегесін барын аясын ба? Шынымен тәуір асаба екен деп біз де желпініп қалдық. Алдымызға ет те келді. Ет дегенде бет бар ма? Бұл жолы да асабамыз әдемі әзілдерін түйдек-түйдегімен ағытты ма дерсің! Кәдүлгі қасиетті қазақы сөздің нық білгірі. От ауыз, орақ тілді деп осыларды айтады-ау. Бірталай сөз білетін біз де мына асабаның жанында сөзден шаң қауып қаламыз-ау деген ой да болдық.
Тіпті, әрбір тілек пен тостты берген сәтте астарлы әзілмен сөз саптап тілек айтушыны да сүйрік тілмен түйреп-түйреп алып жатты. Ара-тұра кейбір қонақтардың намысына тиетін сөздерді де айтып, көзге оғаш көрінер қылықтарын да көрсетіп жатты. Сондай сәттерде асаба қалжыңынан  кірерге тесік таппай қалған жандарда аз болмады. Ал асабаның онымен шаруасы жоқ. Бұрыннан елге белгілі ойындар мен әдіс-тәсілдер де қолданылып жатты ара-тұра. «Бәрімізді аузына қаратты ғой, жас та болса алғыр екен» деген сөздер жиі айтылып жатты.
Не керек айналдырған 4-5 сағат ішінде той да өтті. Қызымыз да ұзатылып кете барды. Асаба да міндетінен құтылып, аспап-құралдарын жинай бастады.
Бірнеше күннен соң тағы бір тойдың сыйлы қонағы болу бұйырды. Бір әріптесімнің ұлының тойы. Тағы бір асаба аузы-аузына жұқпай тақпақтай жөнелді. Тыңдап отырмыз, қарап отырмыз Тыңдаған сайын таңданып тұрмыз. Әзіл сөздер өткен жолғы аузымыздың суы құрыған асабаның сөздерінен аумай қалған. Тіпті, еш өзгеріске де ұшырамаған. Осыдан бұрынғы асаба жігіт маскасын шешіп тастап, басқа адам болып шыға келген сияқты. Ішімізден тынып отырсақ та, той сценарийі мен сөздерінің айна қатесіз қайталанып тұр.
Кім кімнен ұрлады? Асабалардың жаттанды сөздері мен әзілдері бір-бірінен аумай қалған. Халықтың да бұған еті үйренген. Қайта-қайта қозғалақтап, сол әзіл мен анекдотты алғаш рет естігендей ду қол шапалақтайды. Ет жеп, ащы суды ұрттап алған ағайынның енді асабада шаруасы да жоқ. Қандай сөз айтса да, құптап-қолпаштаған сөзге есерлене билеп жатыр. Осылай той да өтті.
Басқа да тойларға бардық. Той асабалары бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай. Аз-маз өзгерісі болмаса әзілдері мен сөз саптаулары сол баяғы күйінде. Бұл сөзімізбен әрине барлық асабаға топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, адамның тірлігінде бір-ақ рет болып, шаңырақ құратын тойдың қазір тек ақша табудың жолына айналғанына қарнымыз ашады.
Бұл заман талабы дейтіндер де табылар. Дегенмен той дәстүрінде алтыннан да құнды тілімізді орнымен қолдану жағы сын көтермей тұрғаны алаңдатады. Той бизнесіне енген асабалар да ізденіске түсіп, ертеден қалған ата салтымызды жаңғыртса нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ олай болмай тұр.
Бизнес демекші, шынында да қазір тойда қызмет көрсеткен асабалардың дәурені жүріп тұр десек қателеспейміз. Бір тойдан 40-50 мың теңгеден 5-6 мың АҚШ долларға дейін алатын асабалардың мұрттарын балта шаппайды. Тіпті, күн санап бағасының өсіп жатқаны да белгілі. Бұған беташарды қосыңыз. Бұл да жастардың үйленуіне кедергі келтіріп жатқан тағы бір күрделі жай деуге болғандай. Иә, тойдың материалдық жайы айтыла-жазыла әбден жауыр болған тақырып. Дегенмен, біздің айтпағымыз рухани жағдай.
Қазіргі таңда біздің халықтың материалдық жағымен қатар, рухани байлықтан сусап отырған жайы бар. Театрға барып өнер кештеріне қатысып жүрген жандар азайған. Ал, тойға барып табаны тесілгенше тасырлата билеп, асаба әзілдеріне құлақ түрмеген жан жоқ. Осы орайда бір ойдың шеті де қылтияды.
Бәлкім, асабалар арқылы әдебиетімізді байытатын, рухани құндылықтарымызды, ең бастысы ана тілімізді ардақтайтын азамат қалыптастыруға көңіл бөлеміз керек болар? Ол кезде әрине мұндай жаттанды сөз бен жалған мақтаулардан аса алмайтын асабаларымыз қол болмайды. Ол үшін мүмкін асабаларға да арнайы лицензия беріп, тек белгілі бір шарттарды бағындырғандары ғана той басқару құқығына ие болса. Бұл біріншіден қазақы тойлардың қасқыр тонын жамылған лепірме асабалардан құтқарар ма еді. Екіншіден, тіл қасиеті мен құдіретіне бас иген жастарымыз ана тіліне қарай бет бұрар ма еді деген ой  да келеді. Әрине, мұның бәрі болашақтың еншісіне тиетіні сөзсіз. Сіз қалай ойлайсыз?

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста