Әселдің ән шеруі
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Ән–шеру» бағдарламасы
Авторы: Әсел Ергешқызы
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сенбі күні сағат 22:00
«Ән айтсаң, жаныңды жеп айтасың» демекші, әнші болу да оңай шаруа емес екендігін көпшілігіміз біле бермейміз. Ол — кез келгеннің бағына бұйыра бермейтін тағдыр сыйы, сонымен қатар сыны. Табиғат берген дауысты қару етіп, өнер атты үлкен майданға өз еркімен енген жандардың қиыншылығы да аз емес. Композитор мен ақынның шабыттарын бір арнаға тоғыстырып, бүкіл ақыл-ой парасатын салған шығармасын тыңдаушы жүрегіне жеткізе білудің өзі де үлкен қажыр-қайрат пен еңбекті, талант пен білімді қажет етері сөзсіз. Осыны ескерген «Алаш айнасы» газеті Қазақ радиосымен бірлесіп, «Әселдің ән шеруі» айдары арқылы оқырманның назарына ән мен әншілерді таныстыруды қолға алды. Айдардың авторы – Қазақ радиосының «Ән–шеру» бағдарламасының жүргізушісі – Әсел Ергешқызы.
Алаштың үздік әнін таңдаңыз
(16-айналым)
Қазақ радиосында бұған дейін Ән шерудің 15-айналымы қорытындыланды. Шарт бойынша әр айналымға сегіз жаңа ән қатысып, бақ сынайды. Қатысушылар жасына шектеу қойылмаған. www.kazradio.kz сайтының негізгі бетіндегі «Ән – шеру» бөліміне кіріп, сол айналымда бақ сынап жатқан әннің толық нұсқасын тыңдай аласыз және ұнаған әнге «Дауыс беру» тетігін басу арқылы қолдау білдіруге болады. Сондай-ақ әр сенбі сайын кешкі сағат 22:00-де басталатын тікелей эфир барысында 8 /7172/ 55 33 55 байланыс телефоны арқылы да хабарласуға мүмкіндігіңіз бар!
60 пайыз дауыс жинаған ән «Алтын қорға» қосылады
Жалпы, дауыс саны бойынша 60 пайыздан астам тыңдаушыға ұнаған ән көркемдік кеңестің шешімімен Қазақ радиосының «Алтын қорына» қабылданып, арнайы тіркеуге алынады. Ал ән 80 пайыздан артық тыңдарманның дауысына ие болса, Халықаралық «Дала дауысы» радиофестивалінің жартылай финалына қатысуға жолдама алады.
Сонымен, 16-айналымда бақ сынап жатқан ән мен әншілер тізімі:
Қанат Үмбетов — «Анашым» әні мен сөзі Жақсыбек Қалелбек
Ғани Мәтебаев — «Бір арман» әні Әуезхан Салабеков сөзі Серік Томанов
«Жігіттер» квартеті — «Жылдар, жылдар...» әні Ержан Серікбаев сөзі Бақытжан Ауданбаев
Роза Әлқожа, Әбдіжаппар Мәлік — «Қазақия» әні Роза Әлқожа сөзі Мұқағали Мақатаев
«Серілер» тобы — «Ауылым» әні Болат Есмұханов сөзі Алмас Темірбай, Талант Арғынғали
Әйкерім Қалаубаева — «Құрбым» әні Арман Дүйсен сөзі Айсәуле Бейсенхан
Алмас Кішкенбаев, «Ви-Әлем» тобы — «Кең дала» әні Алмас Кішкенбаев сөзі Ринат Зайытов
Қуаныш Құрманбаев — «Қарлығашым менің» әні мен сөзі Бекжан Әшірбаев
Алғашы екі аптада дара шыққан ән
Бұл айналымның алғашқы екі аптасында Қазақ радиосы сайты арқылы дауыс беру нәтижесінде тыңдаушылар таңдауына ие болған ән – «Бір арман». Орындаушысы — Ғани Мәтебаев. Ғани тыңдаушыларға «Дүнген қызы», «Аңғал досым-ай» әндері арқылы жақсы таныс. Оның дауысындағы қазақы бояу мен сұлу тембр және әнді тыңдаушыға жеткізе алу шеберлігі Ғаниды үздіктер қатарынан көрсетеді деген сенім бар.
Ғани МӘТЕБАЕВ, Жамбыл облыстық филармониясының әншісі:
— Мен, негізі, Әуесхан ағаның әндерін танымал әншілерге ұсынатынмын. Оның ішінде Асқар Жүнісбеков орындап жүрген «Хат жазып тұр» әні, «МузАРТ» тобының репертуарындағы «Рахмет саған, туған ел» әні, Ән шерудің 15-айналымында бақ сынаған Кенжебек Жанәбіловтің орындауындағы «Анашым» әндері бар. Әуесхан ағаның әндерін тыңдап отырып, «Бір арман» әнін ерекше ұнаттым. Сазды, жүрекке жағымды екен. Әуесхан Салабековтің айтуынша, марқұм Серік Томанов әуелі өлеңді өзі ұсыныпты. Мәтіндегі бақыт та, бақ та көшпелі деген сөз маған қатты ұнады. Енді тек әнді өңдеп, орындау ғана қалған еді. Гитараның сүйемелдеуімен орындаған жөн шығар деп шештім де, әннің сапасы үшін арнайы Алматыға барып жаздырдым.
Роза Әлқожа. Бұл есім Қазақ радиосы тыңдармандарына жақсы таныс. Розаның шығармашылығымен етене таныс тыңдаушылар ол додаға қандай әнін қосса да, қолдау білдіріп, белсенділік танытуда әлсіздік танытқан емес.
Роза ӘЛҚОЖА, әнші-сазгер:
— Кішкентайымнан өлеңге деген махаббатымды оятқаны үшін ең әуелі Мұқағали Мақатаевқа, Мұхтар Шахановқа, сосын Фариза Оңғарсыноваға алғысым шексіз. Егер отанға деген сүйіспеншілік, махаббатқа деген адалдық, достық сезімін бағалай білу, мінез-болмысыңды сақтай білуді қайдан үйрендің десе, мен қай жолаушыны да осы үш ақынның өлең ауылына қарай сілтеп жіберер едім. 8-9 сыныпта Мақатаев өлеңдерін жатқа оқып, түрлі әуенге салып айтып жүрдім. Алматыда Мұқағали сынды ақындар бар, соларды көрсем деп те армандадым. Сол құрмет әлі де азайған емес, керісінше, қайталап оқыған сайын Мұқағали мен өлеңнің бір ұғым екенін түсініп келемін. Санамда әбден жатталып қалған «Сен менің көтерілген еңсем бе едің?» өлеңіне жақында өзінен-өзі ән туған еді. Бұйыртып жатса, ол да жарыққа шығар.
Бекжан ӘШІРБАЕВ, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты:
— Әннің әуезді шығуы, жүректерге жетуі оның әрленуі мен орындаушысына да байланысты. Бұл жерде ән шығару мен оған сөз жазу аздық етеді. Жақсы туынды мықты орындаушысын тапқанда ғана тыңдаушының көңіліне ұя салары анық. Бұл ретте, Қазақ радиосының «Ән шеруі» байқауына қатысып жатқан «Қарлығашым менің» әнінің бағы жанды деп ойлаймын. Әнді орындаған Қуаныш Құрманбаев – дарынды музыкант, ән әрлеуші және күміс көмей әнші. Өзі де композиторлық қырымен танылып жүр.
Әннің «Қарлығашым менің» деп аталуының да өзіндік себебі бар. Қарлығаш – оның жұбайының есімі. Қуаныш «Екі жастың махаббатын, алғашқы сырласу сәтін, өмірге, сұлулыққа құштарлығын көрсететін ән болса» деген өтінішін айтты. Мен де оған «Керемет дауысың бар, кез келген әнді шырқағанда құлпыртып жібересің, өзің неге кәсіби әншілікке бет бұрмайсың?» дегенді көп айтушы едім. Міне, ән осылай өмірге келді. Әні мен сөзі, оған әрленуі үйлескен туындыны тыңдарман жылы қабылдап жатыр. Бұл шығармашылық адамына шабыт сыйлайды. Қуаныш қазірге дейін менің 25-тей әнімді әрледі, әншісін тапқандары орындалып та жүр. Қуаныш өзі «құда түсіп» отырған тағы екі әнім бар, алдағы уақытта ол да жарыққа шығып қалады.
Ән шерудің 16-айналымында бақ сынап жатқан өзге де әндер жайындағы ақпараттар айдардың келесі шығарылымында жарияланады. Ең бастысы, Алаштың үздік әнін бірге анықтайық!