Астана циркі баспасөз орталығын ашты
Кеше Астана циркінде Балтабек Жұмағұлов атындағы баспасөз орталығының салтанатты ашылуы болды. Мұндағы мақсат – бізде кенжелеп қалған цирк өнерінің насихатын күшейту. Қазақ циркін әлемдік деңгейге паш етуде Б.Жұмағұлов қосқан үлес аз емес. Еліміздегі тұңғыш кәсіби сиқыршылардың бірі саналатын оның ортамыздан кеткеніне де біраз уақыт өтті. Қайталанбас дарын иесінің қазақ цирк өнерінде қалдырған ерекше қолтаңбасы – елорда циркі екені даусыз.
Сондықтан да болар, цирк көрермендері марқұм Балтабекті Астана циркінің негізін қалаушысы санайды. Елордада сай келетін ғимараттың болмауына байланысты көпке дейін өз циркі болмады. Тек 2001 жылы жаңа ғимарат бой көтере бастады. Сәл кейінірек Елбасымыздың жарлығымен «Астаналық цирк» атты жаңа өнер ұжымы шаңырақ көтерген еді. Оның алғашқы басшысы Балтабек Жұмағұлов аз ғана уақыт ішінде цирк ғимаратының құрылысынан бастап, жаңа өнер ұжымын жасақтап, сан-алуан аң-құстар мен жануарларды жинау т.б. қыруар жұмыстарды атқарды. Майталман өнер иесі өмірінің соңғы жылдарында Астана циркін толығымен ұйымдастырып, өнер ұжымының аяғынан нық тұруына бар ынта-жігерін арнады. Цирктегі жастардың өнерін жетілдіру мақсатында оларды Қытайда, Ресейде оқытуға күш салды. Бүгіндері бұл өнер ұжымында 320 адам қызмет атқарады.