Астанада Маңғыстау облысының мәдени күндері аталып өтті
Астанада Маңғыстау облысының мәдени күндері аталып өтті. Мұнайлы түбектен барған делегация екі күн бойы елордалықтарды өздерінің ерекше өнеріне тәнті етті. Сонымен қатар арнайы жәрмеңке ұйымдастырылып, Арқа тұрғындары Маңғыстаудан жеткен табиғи дәмге разы болысты.
Астанаға барған маңғыстаулықтар бір нәрсені ойға тоқып қайтты. Ол – Арқада өмірінде түйе етін жеп көрмеген азаматтар көп екен деген пікір. Себебі арнайы ұйымдастырылған ауылшаруашылық жәрмеңкесіне маңғыстаулықтар, негізінен, түйе еті мен шұбат апарған еді. Астаналық тұрғындар алыстан жеткен жеңсік асты екі сағатқа жеткізбей талап әкетті. Негізінен, облыс алыста орналасқандықтан, қолда бардың бәрін көтеріп бару қиынға түскен. Дегенмен елордаға 60 тоннаға жуық өнім жеткізілді. Оның 10 тоннасы ет болса, 30 тоннасы – жергілікті көкөніс, сондай-ақ 10 тонна балық, 9 тонна сүт өнімдері және 1 тонна қазы-қарта мен құрт-жент сияқты қазақтың ұлттық тағамдары да арнайы апарылған болатын. Арқаның тұрғындары, әсіресе Маңғыстаудың шұбатына ұзын-сонар кезекке тұрды. Сондай-ақ Маңғыстаудың маң түйесінің етінен дәм татып көріп, өркеш майын асағысы келетіндер бір-біріне телефон соғып, тез келуін сұрап жатты. Ал қарт Каспийдің балығының дәмін татып көргендер Астанада, әрине, көп. Сондықтан 9 тонна балық тек жолы болғыштардың қолына ғана тиді десе де болғандай. Жалпы айтқанда, маңғыстаулықтар жәрмеңкеде 172 өнім түрін ұсынды. Ең бастысы, оның бәрі қолжетімді бағада сатылды. Мысалға, шұбаттың литрін 500 теңгеден, түйе етін 800-900 теңгеден саудалаған. Ал түйе сүтінен жасалған балқаймақтың дәмін татқандар тек саусағын сорып, бас шайқап қалды десе де болады. Сондай-ақ маңғыстаулықтар осы жәрмеңкеде елордалықтарды бақша өнімдерімен де қамтыды. Ақкетіктің жылыжайында өскен қияр мен қызанақ та дәмі жағынан болсын, бағасы жағынан болсын, көптің көңілінен шықты. Құрықтан барған «Құрық ассортиі» кәсіпорны да тұздалған қияр-қызанағын айналасы екі-үш сағаттың ішінде сатып тауысты.
Дегенмен маңғыстаулықтардың Астанаға арнаған сыйы тек бұл емес еді.
Мәдени күндер аясында Елордада «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясымен жарық көрген 50 томдықтың тұсауы кесілді.
Маңғыстау облысының – 40, Ақтаудың 50 жылдық мерейтойына ерекше тарту болған көптомдық – астаналықтар үшін де ерекше сый. Көп томдықта Абыл, Ақтан, Нұрым, Қашаған мен Қалнияз, Аралбайдан бастау алған өлке әдебиетінің маржандары қамтылған. Бағзының аңыз-әпсанасы, салт пен дәстүр, батырлық туралы дастандарымен қатар, бүгінгі шат заманның тамаша табыстары да суреттеледі. Достық, жастық пен махаббат мақамдары да кеңінен көрініс тапқан. Бас-аяғы 93 қаламгердің еңбегі бес ай көлемінде жинақталыпты. Көп томдықтың бірі – «Жастар жырлайды» деп аталады. Әдебиет айдынына қанат қаққан жас ақындар да өлкенің энциклопедиясы саналатын 50 томға өздерінің үлесін қосты. 50 том елордада жоғары бағаланды. Сиясы кеуіп үлгермеген жаңа басылым, ең алдымен, Ұлттық академиялық кітапхана сөрелеріне орналастырылатын болды.
Ал мәдени күндер «Астана – арманым, Маңғыстау – мәңгі әнім» атты Маңғыстау өнерпаздарының гала-концертімен қорытындыланды. Қасиетті өлкенің сәлемін арқалай барған 200-ге жуық үздік шығармашылық ұжым ән мен жырдан шашу шашып, астаналықтарға әдемі кеш сыйлады. Концертті Абыл Тарақұлы атындағы ұлт-аспаптар оркестері мен «Жорға» ансамблінің бишілері ашып берді. Ағайынды Асқар және Асанәлі Көшеровтер «Өз елім» әнімен көрерменнің қошаметіне ие болды. ХІХ ғасырда өмір сүрген жеті өнерпаз – Жеті қайқының асыл мұра, рухани жәдігерліктерінің ішінде ғасырлар сүзгісінен өтіп, бүгінге жеткен көл-көсір ән қазынасын Айгүл Қосанова, Ақмарал Ерімбетова, Нұрым Асқанов пен Әсемхан Баймағанбетовтер астаналықтарға паш етті. Жиналған қауым маңғыстаулықтардың табиғи колоритін ғана емес, әртістердің киген ұлттық киімдерінің де ерекше нақышын атап өтті.