Астанадағы алғашқы мюзикл
Мюзикл – музыкалық-сахналық шығарма. Оның ішінде диалог те, ән де, музыка да бар. Бәрі бір қазанда қайнайтын жанр. Бұл жанрда хореография маңызды рөл атқарады. Турасын айтсақ, мюзикл оперетта, комикалық опера, водевиль, бурлеск сияқты бірнеше жанрдың басын қосқан. Десек те, театр өнерінің жеке бір жанры ретінде көпке дейін мойындалмаған. Мюзикл – қойылымы жағынан өте күрделі, сондықтан да қымбат саналады. Коммерциялық жанрдың бірі десек те болады. Осы жанрдың кәсіпқой қойылымы елімізге де келіп жетті. Бұл – Қазақстан тарихындағы алғашқы қойылым.
Астана күніне орай 25-26 маусым күндері елордада Бейбітшілік және келісім сарайында «Астана» мюзиклінің тұсаукесері болады. Осыны естіп қызықтаған біз алдын ала дайындықтарын тамашалап, қойылымның басы-қасында жүрген Күләш Байсейiтова атындағы Ұлттық Опера және балет театрының бас директоры Төлеубек Әлпиевті әңгімеге тартып, мән-жайды сұрап білдік.
Мюзиклдің авторы – Алмас Серкебаев, Ермек Серкебаевтың баласы. Америкада тұрғанына 15 жылдан астам уақыт болған. Мюзикл жанры Америкада өте жақсы дамыған соң, сол жанрға қанығып өскен Алмас елімізге де бұл жанрды алып келуді жөн санайды. Либреттосын жазған – Юрий Кудлач. Қоюшы режиссер, суретші, хореографтарды Санкт-Петербургтен шақыртқан екен. Қоюшы режиссері – Ресейдің халық әртісі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Достық» орденінің иегері Юрий Александров, қоюшы суретшісі – тура осындай атағы бар Вячеслав Окунев. Ал әртістері 100 пайыз Қазақстаннан. Алматыдағы Абай және Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы Опера және балет театрының әртістері.
Сюжет қысқаша былай өрбиді. Астананың әуежайына Жапониядан Асами есімді қыз келіп қонады. Оған сол жерде қазақтың жігіті ғашық болады. Аты – Арман. Алайда қызды Тамура есімді жапон бизнесмені қарсы алады. Асамиді «қалыңдық етемін» деп, дәмеленіп жүрген байшыкеш. Бірақ дәмесі ойдағыдай болмайды, Асами да Арманды ұнатады. Оған себеп болған – Естайдың «Құсни Қорлан» әні. Арманның әуезді дауысы жапон қызын елітіп қоя береді. Соңында «тең-теңімен, тезек қабымен» дегендей, сүйген жандар қосылады. Соңы жар-жармен, қазақы тоймен бітеді. Тамура да өз теңін табады. Сөйтсе, қызды Қазақстанға атасы жібереді екен. Соғыс жылдарында Асамидің атасы тұтқынға түсіп, Қазақстанда болыпты. Мұнда оны қазақтың бір келіншегі қамқорлығына алып, аш қалдырмай, бағып-қағады. Атасы сол мақтан тұтқан Қазақстанды немересіне барып көріп келуін өсиет етеді. Мұндағы негізгі мақсат – Астана жастарының қандай екенін көрсету. Астананың махаббат пен бейбітшілік қаласы екенін жұртшылыққа паш ету.
Жедел сұхбат
Төлеубек ӘЛПИЕВ, К.Байсейiтова атындағы Ұлттық Опера және балет театрының бас директоры:
– Мюзикл қай тілде қойылады?
– Мюзикл әзірге орыс тілінде қойылады. Тәуелсіздік күніне қарай қазақшасын қоямыз. Қазір қойылымды аударып беруге ақын-жазушы Есенғали Раушановқа бердік. Болашақта ағылшын тіліне аударып, «Бродвейде» қою жоспарда бар. Астанамызды әлемге танытсақ, бұл – біз үшін үлкен мәртебе.
– Біз үшін жаңа жанрды қоюда қандай қиыншылықтар кездесті?
– Мұнда балет, хореографиялық билер бар. Ал мюзикл жанры осы заманға сай болуы тиіс. Біздің бишілер сахнада көбіне ұлттық билерімізді, классикалық балетті билеп үйреніп қалған. Ал мына жерде басқаша, бұл жерде дискотекалық, клубтық билер бар. Мұндағы билердің көбісі қазіргі жастардың билейтін биіне икемделген. Осындай билерге бейімделу бастапқыда қиынға соқты.
– Біздің білуімізше, мюзиклде ауызекі диалогтер бар. Оны опера әртістері қалай орындап жатыр?
– Оныңыз рас. Бұл жерде де қиналған тұстарымыз болды. Мұндай диалогтерді драма театрының әртістері жақсы ойнайды ғой. Ал бізде тек қана опера әртістері. Ондайға үйренбеген адамға қиын екен.
Бұл жанр бізге өте қажет. Бір ғана жанрмен шектелмей, театр өнерінің ауқымын кеңейтуіміз қажет. Қазір режиссерлердің қасында біздің мамандар жүр. Олар да көп нәрсеге үйреніп жатыр. Келешекте шетелдік мамандардың көмегіне сүйенбей, өзіміз-ақ осындай мюзиклдерді қоя білуіміз керек.