Астаналық журналистер «Что? Где? Когда?» зияткерлік ойынында бақ сынады
Танымал ойынның құрметті магистрі, ресейлік Александр Друзь елорда журналистерінің зияткерлік қабілетін сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Зияткерлік ойында 3 командадан құралған елорда журналистері, өз білім-біліктерін ортаға салды. Барлық саланы қамтыған сұрақтарға команда жетекшілері ауызша және жазбаша жауап беру мүмкіндігі берілді. Аталған ойынның белгілі қатысушысы және бірнеше дүркін жеңімпазы Александр Друзь алдымен ойын ережесімен таныстырып өтті. Мұнда сұрақтың жауабын команда болып ақылдасып, ішінен топ басшысы жауап беруі тиіс. Тағы бір ерекшелігі, ол неліктен бұлайша жауап бергеніне дәлел-дәйек келтіруі тиіс және бірнеше нұсқасын ұсынуға да болады, бірақ, соңында бір ғана жауап талап етіледі. Ойын барысында БАҚ өкілдері барлығы 20 сұраққа жауап берді. Берілген тапсырмалардың негізгі мазмұны логикалық сұрақтардан тұрды.
Одан бөлек, А.Друзь зияткерлік ойын және тапсырмалардың адам миы мен оның ойлау қабілетіне тікелей әсер ететінін айтты.
Айта кетсек, «Что? Где? Когда?» ойыны Астанадағы оқушылар сарайында орналасқан атом энергиясы бойынша ақпараттық орталығында өтті. Аталған орталық атом ғылымы саласын жас жеткіншектерге таныстырып, үйретумен айналысады. Онда орналасқан 3D мультимедиалық бағдарламасы арқылы атом әлеміне саяхат жасап, сала туралы толық деректермен танысуға болады.
«Көп адамдар атомды қауіпті дүние деп есептейді, оны алдымен табиғи құбылыс деп тану керек. Біздің мақсатымыз - атомның соншалықты қауіпті құбылыс емес екенін адамдарға жеткізу. Бұған дәлел атом саласы заманауи технологияларда. Атап айтар болсақ, бұл энергетика мен ядролық медицинада кеңінен қолданылады», -деді зияткерлік ойында болған Челябі атом энергиясы орталығының директоры Лариса Матвеева.
inform.kz