Асылдың сынығынан айырылдық
Мұхтар Әуезовтің тұңғышы Мұғамила апа 92 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Әкесі еркелетіп, Мұғаш деп атап кеткен Мұғамила 1917 жылы Шыңғыстауда дүниеге келді. Мұғаш Мұхаңның қазақ жолымен айттырып алған қосағы Райханнан сүйген қызы еді.
Ол кісі Мұқаң өмірбаянының тірі шежіресі іспетті болды. Дегенмен көп ашыла бермеуші еді. Асылдың сынығы қанша сырды өзімен бірге ала кеткенін бір Алланың өзі біледі. Жазушыға қатысты сырды көп ешкімге айта бермейтін Мұғаш апа көп көзіне ұмсынбай тұйық ғұмыр кешті. Тек әуезовтанушы, жазушы Тұрсын Жұртбаевтың қолқалауымен кейбір көмескі жайды әңгімелеп бергені белгілі. Бұл жазушының өмірбаянын баға жетпес деректермен байыта түсті. Сонымен қатар Мұхаңның 100 жылдығы қарсаңында Мұғаш апа әкесі жайлы «Тұңғышы едім әкемнің...» деп аталатын естеліктер жинағын шығарды.
Қаншама мехнат шегіп, қанша қиындық көрсе де, Әуез әулеті деген атқа кір келтірмей, қарапайым тіршілік кешкен Мұғаш апаның тұла бойынан тектілік есіп тұратын еді. Осыдан бір мүшелдей бұрын өзінің бүгінгі барар жерін әзірлеп, Кеңсайдан өзіне арнап зират тұрғызып қойғаны да сол тектілік пен жинақылықтың белгісі болар...