Асылы апайдың кітабы шықты

Алматыдағы Ұлттық кітапханада белгілі қоғам қайраткері Асылы Османның «Тіл тәуелсіздігі – ел болашағы» атты кітабының және ҚР Ұлттық кітапханасы дайындаған «Асылы Осман» атты библиографиялық көрсеткішінің тұсаукесер рәсімі өтті.
«Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Достық» және «Парасат» ордендерінің иегері, филология ғылымының кандидаты, қазақ тілінің жанашыры – Асылы апайдың оқырманға ұсынып отырған жинағына әр жылдары жарық көрген ғылыми және көпшілік мақалалары, сұхбаттары мен хаттарының таңдаулылары іріктеліп берілген. Кітапта автордың дер кезінде көтере білген өзекті тіл мәселелері мен ұтымды ұсыныстары топтастырылған.
Мамай Ахет, Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасының бастығы:
– Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырылып шығарылған бұл еңбектер тіл білімі ғылымымен айналысатын жастарға, жалпы, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге берерлік құнды дүние болары сөзсіз. Асылы Осман – қазақ тілінің жанашыры ғана емес, мемлекеттік тілдің мәртебесіне немқұрайды қарайтын өзге ұлт өкілдеріне өз ісімен үлгі болып жүрген қайраткер тұлға. Аталған кітаптар осындай қайраткер тұлғаларды ұрпаққа үлгі ету мақсатында жарық көріп отыр.
Қайраткер ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған библиографиялық көрсеткіш 1972 жылдан 2011 жылдың наурыз айына дейін жарияланған қазақ және орыс тіліндегі әдебиеттердің библиографиясын қамтиды. Көрсеткіш ғылыми қызметкерлерге, тіл мамандарына, кітапханашыларға, мәдениет қызметкерлеріне, студенттерге және жалпы оқырман қауымға арналған.
Аталған мәдени-танымдық шара барысында Ұлттық кітапхана қорынан Асылы Османның шығармашылығына арналған «Қазақтың Асылы» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды.





