«Асыранды күйеу» немесе қазақтың альфонстары қайдан шықты?
«Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» деуші еді, бүгінде қамыс та сиреп, намыс та азайып бара жатқаны жанға батады. Намыс азайып еді, ұрғашы ұрдажыққа, ал еркек (бәрі бірдей емес) шалбарын жаулыққа айырбастауға дейін азғындауға айналды. Біз мұны жоқ жерден айтып тұрғанымыз жоқ, бүгінде қалтасы қалың әйелдерді аңдып, шешесімен жасты болғанына қарамастан, соған «тиіп» алатын жігіттер жайлап барады қоғамда. Алғаш Алла Пугачева Киркоровқа тұрмысқа шыққанда, таңғалып едік, ал қазір бір-бір «балаларын» қолтықтаған өз «Аллалары» барлар жетіп-артылады.
Әйелдің жүрегіне жол сала отырып, қалтасына қармақ салу өнері тамырын тарихтың сонау тұңғиығынан алады. Психологияда ондай адамдардың өз аты бар – «альфонс». Алдымен құрбандығын дәл тапқан әлгіндей арамза бір оқпен «екі қоянды», яғни жүректі дәлдеп, қазынаның есігіндегі құлыпты қоса атып түсіреді. Әсіресе бұл қармаққа күйеуінен ажырасқан, табысқа өз күшімен қол жеткізіп, ұл-қызын ешкімнен кем қылмай өсіріп жетілдірген жалғызбасты әйелдер ұшырайды екен. Әрине, қалталы.
Сән салонындағы әңгіме:
– Соңғы кездері сәнқойлық пен сыланып-сыбануда қыздарды жолда қалдырған жігіттерге таңғалушы едім, «осынша сәнделіп не керек, жігітке тым кербездік жараспайды ғой» деп. Бір жағдай менің көзімді ашып берді. Тұрақты клиенттерімнің бірі, жасы жиырмаға жаңа шыққан бір жігітті осында үнемі мамасы бірге алып келіп, процедуралар біткенше күтіп отырып, біткен соң өзімен бірге алып кететін. Киген киімдері мен мінген көлігіне қарағанда әлгі әйел өте бай, әдетте ондай отбасындағы әйелдер ер жеткен түгіл кішкентай баласына сонша қамқор болмаушы еді, сондықтан «қандай қамқор, ғажап ана?!» деп таңғала әрі сүйсініп жүрдім. Бәлкім, жалғыз ұлы шығар деп ойладым. Сөйтіп ем, оның сыры көп ұзамай ашылды. Бір күні әлгі жігіт пен «анасы» ұрысып қалды. Сол ұрыс барысында барып тұрақты клиент жігітімнің әлгі әйелдің баласы емес, «асыранды күйеуі» екені айқындалып шыға келді. Баласындай жас жігітті дүниемен байлап, көзінен бір елі таса қылмайтын әйелді қатты аяп кеттім. Ал дүние мен байлыққа өзін сатқан әлгіні жезөкшеден де жек көрдім.
Сырт келбеті көрікті әйелге «ғашық» болған кейіп танытатын альфонс-жігіт, алғашында оған қамқорсып, оның өмірінде жоқ ер адамның рөлін тамаша ойнайды. Ал біртіндеп әйелдің нәзік жүрегіне жеткен ол адамның жүрегі ауыратын оқиғалар мен көзге жас үйіретін небір жағдайларды айтады деңізші. Байғұс жүрегі жұмсақ әйелдің бойында аналық мейірім оянып, оны қандай жағдайдан болсын құтқарып қалу үшін барын аямайды. Тамақ пен киім-кешек, сыйлықтар былай тұрсын, пәтер сыйлайтын да жомарт әйелдер жүр арамызда. Тіпті шоу-бизнесте жүрген ханымдарға қол созатындары да бар көрінеді.
Ақбота Керімбекова, әнші:
– Қазір қазақтың жігіттерінде намыс қалмай барады. Менен жас шамасы әлдеқайда кіші жігіттер (10-15 жас – автор) «мені алыңызшы, қасыңызда жүре берем, өзіңіз үйретіп аласыз ғой бәріне» деп арланбай, ашық айтады. «Сені бала қылам ба, не істеймін?» деп ұрыссам да, ұялу былай тұрсын, қытықтарына да тимейді ол сөз. Сонда олардың көздегені жайлы тұрмыс, белдерін ауыртып ақша тапқылары келмейді, бәрі дайын қыздарға үйленіп, дәлірек айтқанда, «тиіп» алса, бар мәселе шешіледі. Қит етсе, «қазір қыздар көп, біз жігіттер азбыз» деген статистиканы алға тартып шыға келеді. Рас, қазір қыздар мықты: оқу оқып, жұмыс істеп, әлеуметтік жағдайын жасап алады. Солардың арасында әлгіндей жігіттерді үйіне кіргізіп, еркелетіп отырған құрбыларым да жоқ емес. Мен соларға еш түсіне алмаймын... Жігіттің өзін емес, ақшасын, атағын «сүйетінін» қалай көрмейді? Күні ертең-ақ беттің ажары кеткен соң, онысы бұдан әлдеқайда жас қызға үйленіп, мұны әрі сезімдік тұрғыдан қасірет шектіріп, әрі пайдаланып кете бармасына кім кепіл?! Жақсы азаматтар бар ғой, қыздар, соларды тани білейік те!
«Шешесінің етегіне оралған бала»
«Альфонс» кім? Ол дерт пе әлде адамның саналы түрде баратын іс-әрекеті ме? Қазақ қалай оған тап болып жүр? Осындай сауалдарды біз психологқа қойып көргіміз келді.
Әбдуәлі Мамәділ, психолог:
– Мен мұны ер адамның психологиялық тұрғыдан жетілмей қалуынан болатын құбылыс деп түсіндірер едім. Ол көбіне жалғызбасты аналар өсірген балаларда көп ұшырасады. Ер адамның тәрбиесін алып көрмегендіктен, еркек болудың міндетін білмейтін баланың санасында «әйел – асыраушы, әйел – жылу». Сол себепті де ол биологиялық есею жасына 20-30, тіпті 40-қа келсе де әйелдің тамағын, әйелдің тапқан табысын, үйін, мүлкі мен қаржысын пайдаланудан еш арланбайды. Әдетте еркек үшін өлімнен намыс күшті болса, «альфонс» намыс деген ұғымды білмейді. Қазақ балаға «шешесінің етегіне оралып» деп ұрсады ғой, альфонстар дәл солай шешесінің етегіне оралып жүреді де қояды.
– Ал енді оған тап болатын әйелдер арадағы жас айырмашылығын көрмей ме? Осы менің қай жеріме қызығады деп ойламай ма?
– Білесіз бе, олардың бойында өте ерекше бір балалық бар. Олар – әртіс. Кішкентай бала шешесін алдап қалай керегін алғызатынын білесіз ғой? Жылайды, қорқытады, еркелейді. Яғни альфонстар әйел адамға тура сондай қылықтар танытады. Ол солай кез келген «ойыншықты» алады, яғни қандай қитұрқы әрекетке барса да, ол дегенін істетпей қоймайды. Былайша айтқанда, олар өз құрбандықтарын алыстан-ақ таниды, исінен сезеді.
– Альфонс қазаққа қай кезде, қалай келді?
– Қазаққа ол 90-жылдардағы тоқырау тұсында келіп жабысты. Себебі сол тұста біздің елімізде саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдай тұрақсыз еді. Ер адамның тірлік жасап, қаржы табатын мүмкіндігі болмай қалды да, тіршілік қамытын әйелдер киіп кетті, амалсыз. Сондайда жалғыздық кешіп, қиындық көрген еркек өмір жолында ұшырасқан әйелдің қолына кірді. Былайша айтқанда, уақытша қиындыққа төтеп бере алмай, әлсіздікке берілді. Өкініштісі, қазір оның өзіміздің қазақтардың арасында кең тарап келе жатқаны... Ал өзге жұртта ол бұрыннан бар. Сондықтан қазаққа ұлт тәрбиесін ерекше қолға алатын кез жетті.
Баяғыда бойжеткен қызын бір жерге жіберіп тұрып ата-анасы «байқа, қызым, алып қашып кетпесін» деп ескертетін. Себебі, айтқандай-ақ, ол кезде жігіттер, яғни біздің әкелеріміз өзінің болашақ жарын бір көргеннен танып, сол қызды алып қашса да шаңырағына келін қылып түсіруші еді. Ол нағыз махаббатпен қоса, намыстың жоғары кезі екен ғой. Ал қазір... алпамсадай ұл туғызған арғы аталарымыз тіріліп келсе, «альфонстарды» тәубасына келтіргенше қамшы мен дүренің астына алар ма еді?..
P.S.
Таяуда Алматыда тіпті күйеуді жалға беретін арнайы орталық ашылды. Қалталы әйелдер енді ешқайда да бұрылмай, сонда тартатын шығар... «Күйеуіңізді сатыңызшы» деген спектакль көруші едік, енді оны шын өмірде ұшырататын болыппыз ғой...