Ат әбзелдеріне сұраныс төмен
Қазақ халқы қолөнерінің өмірмен біте қайнасып, қалыптасқанын дәлелдеп жатудың қажеті шамалы. Басқасын айтпағанның өзінде, ер-тұрманды жасаудағы шеберлігі жөнінен қазекең алдына жан салмайды. Оны әшекейлеуде ұсталық пен зергерлік шеберліктер қажет.
Ғасырлар бойы қалыптасқан қолөнердің ғажайып технологиясын бүгін де дамытып отырған азаматтар аз емес. Ат баптап, көкпарға қызығатындардың арасында Түркістан қаласының тұрғыны Тасболат Сүйінбаевты білмейтін жан жоқ. Ол ер-тұрман жасауға сонау 1988 жылы қызығушылық танытқан. Ат әбзелдерін жасайтын ұсталардың жылдан-жылға азайып бара жатқанын байқаған ол колхоз директорының орынбасары болғанына қарамастан, ұлттық өнердің қыр-сырын меңгеруге кірісті. Тасболат ұстаның шеберлігіне ешкім де шек келтіре алмақ емес. Өйткені оның қолынан шыққан ат әбзелдерін бүгінде ең мәртебелі деген қонақтарға ұсыну дәстүрге айналған. Мәселен, 1992 жылы Ордабасыда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Президенттері бас қосқанда олар мінген ақбоз аттардағы ер-тұрмандар Тасболаттың қолымен жасалған. Елбасының 2005 жылғы Оңтүстікке келген сапарында тағы да Тасболаттың құнды ат әбзелдері сыйға тартылды.
Ер-тоқым жасаудың технологиясын 20 жылдан бері зерттеп келе жатқан және бір белгілі шебер – Төле би ауданының тұрғыны Құрбанәлі Арыстанбек. 90-жылдардың басында бесік, сандық жасаумен шұғылданған. Алайда бұл бұйымдарға деген сұраныс төмен болғандықтан, ер-тұрманға қызығушылық танытып, ата дәстүрді үйренуге бел буыпты.
– Ер-тұрман жасау – екінің бірінің қолынан келе бермейтін күрделі өнер. Бесік пен сандық ешкімнің денесіне батып, ыңғайсыздық тудырмайды ғой, басқаша айтқанда, оның қай жерін дұрыс, қай жерін бұрыс жасағаның біліне бермейді. Ал ер-тоқым сәл қисық болса, жылқы жауыр болып, арқасын жаралайды. Жақсы ер-тұрман атқа да жайлы, адамға да ыңғайлы болуы тиіс. Сондықтан өнердің бұл түрін үйрену үшін ұқыптылық аса қажет. Алғашқыда жасаған ер-тоқымдардың көбісі қисық, сәтсіз шыққан. Бірақ ат баптаушылардың ұсыныс-тілектері мен ескертулеріне зейін қойып, кемшіліктерді жоюға әрекеттендім, – дейді Құрбанәлі Арыстанбек.
20 жылдан бері өнерін шыңдап, ер-тұрман жасаудың қыр-сырын меңгеріп келе жатқан Құрбанәлі шебердің айтуынша, ат-әбзелдерінің көпшілік біле бермейтін тұстары мол. Ердің қаңқасы құралған соң оны тарамыспен тартып, терімен қаптайды. Әдетте түйенің терісі қолданылады. Ер жасайтын ұсталардың айтуынша, бұл жануардың терісі ер-тұрман жасауда таптырмайтын материал көрінеді.
– Ердің формасын ұстап тұруға қара малдың да терісі жарайды. Бірақ ол дәл түйенікіндей мықты болмайды. Таңқаларлығы сол – түйенің терісі аяқкиімге немесе басқа нәрсеге жарамайды. Былайша айтқанда, Алла тағала бұл жануардың терісін ер қаптауға арнайы жаратқан секілді. Тері міндетті түрде тұздалуы тиіс, әйтпесе ол қағаз сияқты жыртылып кетеді. Ерді қаптар кезде теріні суға салып жібітіп, үстіндегі жүндері қырып тасталады, – дейді Құрбанәлі шебер.
Ұлттық құндылықтардың құны еш уақытта түскен емес. Түспек те емес. Керісінше, арта беретінінде дау жоқ. Керек десеңіз, шетелден келген туристер бірінші кезекте бүгінгі жылтырақтардан бұрын, осындай ұлттық қолөнерге көбірек қызығатыны дәлелдеуді қажет етпейді. Десек те, ат баптаған халқымыздың өз арасында ат әбзелдеріне сұраныстар төмен екені рас. Олай болса, ұлттық қолөнерді дамыту саласына көбірек көңіл бөлу керек секілді.