Атақты шебердің мұражайы күрделі жөндеуден өтті
«Мәдени мұра» бағдарламасының аясында Алматы облысында тағы бір мәдени ошақ күрделі жөндеуден өтті. Тірісінде-ақ «қолөнердің атасы» атанған белгілі шебер, этнограф-ғалым Дәркембай Шоқпарұлы музейінің жаңаша түрге енуін жұртшылық осы күнге дейін асыға күткен еді. Сондықтан да болар, кеше ғимараттың салтанатты ашылу рәсіміне жиналған халықтың қарасында шек болмады.
Ұста Дәркембай Шоқпарұлы атындағы қолөнер музейі коммуналдық кәсіпорын ретінде 2006 жылы Еңбекшіқазақ ауданы, Ақши ауылында құрылған болатын. Ал 2007 жылы облыс әкімі Серік Үмбетовтің бастамасымен, мәдени орынды күрделі жөндеуден өткізу жоспары қолға алынды. Бұл үшін облыс бюджетінен 50 миллион теңге қаржы қарастырылды. Негізінен бұл ғимарат 1962 жылы салынған, жалпы көлемі 375 шаршы метрді құрайды. Музейдің директоры Дәулет Дәркембайұлының айтуынша, бұл үйде өмірінің соңғы он жылында ұстаның өзі тұрған. Қазіргі күні музейде барлығы 2400 экспонат бар. Олар жасалу материалына қарай, атқарар қызметі мен орындалуына байланысты топтарға жіктелген. Музейдің экспозициялық зал көлемі – 210 шаршы метр. Ол «Дәркембай Шоқпарұлының шығармашылық өмірі мен қызметі», «Жігітке жетпіс өнер де аз», «Үй жиһаздары мен ыдыс-аяқ», «Халық саз-аспаптары және зергерлік бұйымдар», «Саятшылық, аңшылық. Ер-тұрман, қару-жарақ, құрал-саймандар», «Дәркембай Шоқпарұлының үй жиһаздары» деген алты көрме залдарынан тұрады. Д.Дәркембайұлының сөзіне қарағанда, мұражайға ұстаның көзі тірі кезінде жинаған заттары қойылды. Ал ұстаның өзі жасаған бұйымдарың көбі Қазақстанның әр аймағына тарап кеткен. Жұрт назарына ұсынылған жәдігерлердің ішінде, әсіресе, Қарасай батырдың мүсіні ерекше назар аудартады. Бұл мүсінді Д.Шоқпарұлы Алматыда тұрған кезінде жасаған екен. Сондай-ақ «Қаблан», «Мешін», «Теке», «Студент қыз», «Ахмет ата» мүсіндері де алыстан көз баурайды. Д.Шоқпарұлы – тек қолөнер шебері ғана емес, ұлағатты ұстаз бола білген адам. Қазір Қазақстанның барлық өңірлерінде қолөнермен айналысатын ұсталар осы Д.Шоқпарұлының шәкірттері болып есептеледі. Міне, сондықтан да халық бұл адамды «қолөнердің атасы» атап кеткен.
Серік Үмбетов, Алматы облысының әкімі:
– Бұл мұражайды күрделі жөндеуден өткізуді өзіме міндет деп санадым. Сондықтан ауыл, ауданның ақсақалдарымен ақылдаса отырып, 2007 жылы музейді күрделі жөндеуден өткізу мақсатын жолға қойдым. Дәркембай Шоқпарұлының артына қалдырып кеткен мұрасы – өлшеусіз. Біздің мақсат – сол мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу, насихаттау.
Әшірбек Сығай, театр сыншысы:
– Дәркембай Шоқпарұлы жан-жақты талант иесі болған. Ол қалжыңдасып жүргенді ұнататын, өте ақкөңіл адам еді. Әттең, дүниеден ерте озып кетті. Бір күні мен Шоқпарұлынан: «Дәке, аман-есен жүрсіз бе?», – дегенімде, ол: «Иә, қара жер мені басқанша, мен қара жерді басып жүре тұрайын», – дегені бар. Міне, ол осындай сөз тапқыш әрі шешен де еді.
Балтабай Ыбыраев, шебердің шәкірті:
– Д.Шоқпарұлы – қазақтың ұсталық өнеріне қайта жан беріп, оны тірілткен адам. Қазір Қазақстанда ұсталық өнермен айналысып жүрген азаматтардың барлығы осы кісінің шәкірті деп айтуға болады. Д.Шоқпарұлы тек ұста ғана емес, саяхатшы да болған. Ол қазақтың қолөнер туындыларын әлемге насихаттап, танытуға көп еңбек сіңірді. Белгілі этнограф әлі де халқының шын бағасын ала жатар деген ойдамын.
Дерек
Дәркембай Шоқпарұлы 1946 жылы Еңбекшіқазақ ауданы, Ақши ауылында дүниеге келген. Белгілі қолөнер шебері, этнограф-ғалым, Қазақстан Суретшілер, дизайнерлер одақтарының мүшесі. Ол 1966 жылы жастарды қолөнерге баулитын «Асыл» атты шеберлік мектебін ашты. Д.Шоқпарұлы 200-ден астам ғылыми-танымдық еңбектердің және бірнеше республикалық белгілі тұлғалар мүсіндерінің, ескерткіштерінің авторы.