Ататқаннан балбалтас табылды
Балбалтас қазанның 3-і күні Аягөз ауданының Мыңбұлақ ауылына қарасты Ататқан деген жерден табылған. Иесіз жатқан мүсін тас жайлы ауыл тұрғындары қаладағы оқу орындарының біріндегі оқытушыға хабарлапты.
Содан өте сирек кездесетін, салмағы 150 келіге жуық, биіктігі 118 см жәдігер қаладағы өлкетану мұражайына сый ретінде табысталды. Қазір мұражай алдында осыған ұқсас 11 тас орнатылса, мына жәдігер он екінші болды. Граниттен жасалған мүсінде ер адамның бейнесі сомдалған. Оның бір қолында – қанжар, екінші қолында ыдыс ұстап тұрғаны анықтап қарағанға бірден көрінеді. Осыған ұқсас жәдігер бұл мұражайға осыдан 39 жыл бұрын әкелініпті.
Өлкетанушылардың пайымдауынша, мүсін тас көне түркі дәуіріне жатады. Енді тарихшылар балбалтасты зерттеп, өз тұжырымдарын жасайды. «Қай заманда өмір сүрген адамдардың қолынан шыққанын сол дәуірге тән белгілерге қарап анықтайтын болады. Тіпті мүсіндегі ыдысқа қарап, оның қай жүздің адамы екенін анықтауға болады», – дейді мұражай қызметкерлері. Қазір өлкетану мұражайының басшылығы осы өңірде қараусыз жатқан тағы бір балбалтасты әкелуге дайындалып жатыр.
Ләззат ӘЛЖАНОВА, облыстық Семей тарихи-өлкетану мұражайы ғылыми-ағарту бөлімінің меңгерушісі:
– Мүсін өте жақсы сақталған. Қаншама мың ғасырлар бұрын жасалғандықтан жақсы деп айтуға болады. Өйткені адамның кескінінің соншалықты анық көрсетілуі, ол ер адам екені, қолындағы ыдысы, қанжары, оң қол, сол қолы жаңағы тас мүсінде анық көрсетіліп тұр. Жалпы, мен ойлаймын, қазақ даласындағы тас мүсіндер бір-біріне өте ұқсас. Әлде сол кездің бір ерекшелігі, ережесі болды ма? Мына адамның көзі, қасы, содан кейін бет-әлпетін бір пішінде салған. Яғни технологиялары бір деп айтуға болады. Біздің мұражайдағы бұрынғы тас мүсіндерге өте ұқсас. Айырмашылығы, бойы жағынан қазір ең биігі деп айтуға болады.