Атажұрттың бір жұтым ауасын армандап кеткен қаламгер
Алғаш ана құрсағынан мына жарық дүниеге келіп, тәй-тәй басқаннан-ақ табанымыз туған жердің топырағына тиген біз соның қаншалықты бақыт екенін білмейді екенбіз. Әр тыныс алған ауаны еркін далада сіміре жұтып, туған жердің сылдырап аққан бұлағын шөл қандыра ішіп жүрген біз алыс шекара сыртында күндіз-түні түнек басқан қапаста әлдебір жанның тіпті бір сызаттан сыздықтап түскен жарық сәулеге зар болып жатқанын ойладық па? Атамекенін, асыл қазағын армандаған Алаштың тағы да бір арда ұлы сол құсадан айықпаған күйі жалғаннан көшіп кете барды...
86 жылдық ғұмырының жартысынан көбін түрменің сыз еденінде өткізсе де, өз жағдайын ойламай, арғы беттегі қазақтың қасіретін қағазға түсірген Қажығұмар Шабданұлының Атажұрттың тым болмаса бір жұтым ауасымен тыныстай алмай кеткені өзекті өртер өкініш емей, немене?!
Кезінде Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының басшысы Қалдарбек Найманбайдың ұсынысымен жазушының «Пана» атты романын Жәркен Бөдешұлы аударып, осында бастырған екен. Ең алғаш Қажығұмар Шабданұлының туған жерде жарық көрген туындысы сол болса керек. Сол қолына алғаш тигенде көңілі қатты толқыған жазушы алғысын жаудырып, көзіне жас алған екен. Онысын Жәркен Бөдеш інісіне жолдаған хатында: «Рақмет саған, бауырым, мен қазір жылап отырмын. Қарт адам жыламайды дейсің бе, жылайды. Бірақ менің көз жасым, шіркін-ай, ата топырағына тамбады-ау, ең құрығанда», – деп егілген.
Жәркен Бөдеш, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
– Қажығұмар Шабданұлы – қазақтың ең ұлы жазушыларының бірі. Бір кездерде заманның қиқуымен, тағдырдың тақсыретімен көп қазақ ауып кетті ғой. Сол ауып кеткен қазақтардың тарихын Қажығұмардай толғаған жазушы кемде-кем. Бұрын осы тақырыпта, мәселен, Қабдеш ағамыз «Соңғы көш» секілді дүниелер жазды ғой. Ал бұл кісі оны қайталамай, ең алғаш қазақтар Қытайға қалай барды, сондағы өз көзімен көрген, бастан өткізгенін алты том қылып жазды. Ол тұтас бізде басылды. Өз басым жазушыны көрген емеспін, бірақ шығармалары арқылы жақсы білемін. Баяғыда Қабдеш ағамыз екеумізді шақырған соң, Шәуешек аймағына бардық. Сол тұста Қажығұмар ағамыз түрмеден босап, бірақ мырза қамауда отыр екен. Бірақ, амал не, Қытай үкіметі бізге ол кісімен сәлемдесуге рұқсат бермеді. Сондықтан ол кісіні көруге мүмкіндігім болмады. Тұңғыш рет менің ол кісімен байланысым жазушы Үрімжідегі үлкен түрмеде жатқанда басталды. Менің «Тасбесік» деген поэмам осы Қажығұмар ағамыздың ғұмырына арналған еді. Сол алғаш басылып шығысымен ең біріншісін адамдар арқылы жазушының өзіне түрмеге жібердім. Өзі – өмір бойы түрмеде отырып, жарық дүниені көрмеген адам. Поэманы да сол қапаста жатып оқып, оқығанда, өмірінің соңғы сәтінде тек қана бір нәрсені армандады, сол үшін қайта-қайта хат жазды да, ол арманы Атамекенді бір көру еді... Ал енді Қытайдың саясаты бойынша ол кісінің сыртқа шығуына рұқсат жоқ екен. Сол себептен бе, бізден де болды ма, әйтеуір, жазушы елге жете алмаған күйі арманда кетті. Атажұртының бір қасық суын ішуді армандаушы еді. Өмір бойы соны ойлай-ойлай, дертке шалдықты, ақыры сол дерт өлімге алып барды.
Бір көңілге медеу боларлығы, Қажығұмар Шабданұлының шығармалары ол кісінің көзі тірісінде Атамекенінде алты том болып жарық көрді. Сол арқылы біз бүгін «Қылмысты» оқығанымыз тарихымызбен қауышып, оқымағанымыз сол кітапты сарыла іздеуге көштік. Қажығұмар деген ат қазақ әдебиетінен ғана емес, әр қазақтың жүрегінің түбінен орын алды. Алла Қажығұмар атамыздың шығармашылық ғұмырына мәңгілік мәртебесін сыйлағай...
Өмір-дерек
Жазушы, ақын, драматург Қажығұмар Шабданұлы 1925 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Таңсық елді мекенінде дүниеге келген.
1930 жылдары қазақ елін Голощекиннің қолдан жасаған аштығы жайлаған тұста ата-анасымен Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қарасты Дөрбілжін ауданына ауып барған.
Алғаш рет 1958 жылы «оңшыл», «солшыл» деген саяси айыптаулармен сотталып, 22 жылға бас бостандығынан айырылған. Сөйтіп, Такламакан шөліндегі Тарым лагерінде жазасын өтеген ол бостандыққа 1980 жылы шығады.
1986 жылдың желтоқсанында «ұлттық дербестікті көздейтін «Үміт» атты партия құрды және Қазақстанның астыртын ұйымдарымен байланыс жасады» деген айыптаулармен, «шетел жансызы» деген желеумен Қажығұмар Шабданұлы тағы 13 жылға екінші мәрте түрме жазасына кесіледі. Өмірінің соңғы кезінде ғана бостандыққа шығып, Шыңжаң автономиялы ауданына қарасты Шәуешек қаласында тұрған жазушы ақпанның 15-і күні қайтыс болды.