Аттыдан жаяу жүріп кегін алған

Аттыдан жаяу жүріп кегін алған

Ұлыларын ұмытпайтын, ұлықтайтын ел едік. Әйткенмен іздеушісі, жоқтаушысы, пәрменді ұрпағы барлардың ғана аты аталып, насихатталуда. Ал өзге қазақтың қаншама марқасқа­сын көзден кеткен соң, көңілден де жоғалтып алып жатқаны­мыз – өкінішті жайт. Бүгінде насихаттық жұмысы кемшін түсіп, жалпақ жұртқа жауһар туындылары дұрыс жетпей жүрген алып тұлға – әділет күрескері, ақын, әнші, композитор Жаяу Мұса Байжанұлы. Осы мақсатта белгілі өнер зерттеушілері мен қаламгерлердің ой-пікірлерін ұсынып отырмыз.

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
Жаяу Мұса мұрасы әлі де зерттеуді қажет етеді
– Өлең емізіп, өнер сауғызған өлке өз өренін өзекке тепсе, өзегіңді өксік шалмас па? Сол өксік серт болып серпіліп, дерт бо­лып шертіліп, намысыңның найзағайын ойнатар. Шырмауы көп шырғалаңнан шы­рай іздер шақ емес ол. Есер обырдың ессіз әрекеті естіні есейтпей қойсын ба? Бір мү­шел­ге толар-толмастан елден безіп, Омбы мен Қызылжарды кезіп, тыншу алмас дү­ние­нің тылсымдарын сезіп қайтуы ғұмыры­ның келесі кезегінің беташар сапа­ры іспет­тес.
Жаяу Мұсаның Абай, Шоқан, Сұлтан­махмұт, Иса, Тәттімбеттермен кездесуі жөніндегі айтылып келе жатқан деректер өте жұтаң. «...Жаяу Мұса әндері ауыздан-ауызға таралып, Абай ауылына да жеткен. Әндердің өзгеше құрылымына, болмысы­на, саздылығына тәнті болған ақын Мақай деген кісі арқылы сәлем жолдап, оны Шыңғыстауға шақыртып алады. Айнала­сын­дағы ақын, жыршы өнерпаз­дармен бірге Жаяу Мұсаның әндерін, өлеңдерін Абай ықыласпен тыңдаған. Музыкалық-эстетикалық талғамы қалып­тасқан ақын­нан ол Батыс елдерінің әдет-ғұрпы, өнері, халықтарының тұрмыс-тіршілігі жайында сұрап біледі. Абайдың ақыл-парасатына риза болған Жаяу Мұса:
    Құнанбайұлы Ыбырай,
    Өнерің жүр зымырай.
    Бір ауыз тағылым
                                 сұраймын,
    Білмедім жұмыс түрін-ай.
    Бір жақсыға бір жаман
    Тұрмайды екен ұрынбай,
– деп өзінің ақыннан ақыл-кеңес күтеті­нін білдіреді». Бұл дерек «Абай» энцикло­пе­диясында Ә.Телғозиевтің авторлығымен берілген. Қазақ әніне өзіндік бояу-реңк сіңірген Жаяу Мұсадай дара талант иесінің мол мұрасы әлі де зерделі зерттеуді қажет етеді.

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, әнші, өнер зерттеушісі:
Ән өнеріне жаңа мақам әкелген
– Жаяу Мұсаның қазақ музыка мәде­ниетіне сіңірген еңбегі өте зор. Біржан сал бастаған қазақтың классикалық музы­ка­сын үлкен биікке көтерген тұлғалардың бірі. Жаяу Мұса – дара композитор. Әні де бөлек. Ән өнеріне жаңа мақам әкелген кісі. Бүгінде оның бізге 45-ке жуық әні, бес күйі жетіп отыр. Әртүрлі нұсқаларымен қосып есептегенде шығармалары 70-тің үстіне шығып қалады. Көбі нота қалпында қағазда қалып қойды да, рухани айналымда 20-ға жуық әні жүр. Бірақ толықтай мұрасы сақталған. Себебі ол бүкіл өмірін күнделікке түсірген. Баласы да әндерін орындай білген. Артында адал шәкірттері қалған. Сондай төл шәкірттерінің бірі – Жабай Тоғанов Қарағандыда бертінге дейін өмір сүрді. Қали Байжанов, Бисмилла Балабе­ков, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұландар көзін көріп, әнін үйреніп қалған. Затаевичтің «Қазақтың мың әніне» Әміре Қашаубаев – 13 ән, Қали Байжанов – 10 ән, Майра Уәлиқызы 11 ән бергенде, Қаныш Сәтбаев 25 ән жаздырыпты. «Егер сіз әнші болсаңыз, ұлы әнші атанады екенсіз», – дегенде, Қаныш: «Қазақта одан басқа шаруалар көп қой»? – деп жауап беріпті. Жаяу Мұсаны Жарылғапберді, Естайлар ұстаз тұтты. Біржан сал, Ақан серімен дәуірі бір. Шоқан Уәлихановпен достық қарым-қатынаста болған. Шетелдерді аралап, соғысқа қатысып, өмір көрді. Сол кездегі жетілген технологиялармен таныс болды. Көзі ашық, көкірегі ояу болғандықтан, отаршыл­дық саясатты жетік түсінген. Жұрт Жаяу Мұсаны Шорманның Мұстафасымен алысып өткендей көреді. Бұл – Кеңес үкіметінің таптық көзқарасы тұрғысындағы ұғым. Шындығында, мәселе одан да терең­де жатыр. Жаяу Мұсаның бай үйіндегі ақ патшаның суретін жыртуы соны аңғартады. Биліктегілер мен бұқара арасындағы шие­леніскен ахуал, жер дауы сияқты мәселе­лердің негізгі себебі отаршылдық жүйеде жатқанын ол жақсы сезінген. Патшаның суретін жыртып, Тобылға 12 жылға жер айдалуына себеп – көзі ашықтығы. Шор­ман­ның Мұстафасы елдегі патшаның өкілі екенін де ұғынған. Әйтпесе Шорман балаларымен соншалық жауласып қайтеді? Оның үстіне, бір қасарысса, оңайлықпен қайтпайтын қияңқылығы тағы бар. Қанжығалы Бөгенбай батырдың немересі Саққұлақ шешеннің Сұран деген сұлу қызын Шорманның Мұстафасы алады. Мұстафа мен Сұраннан Гауһар туады. Мұса мен Гауһар арасындағы байланыс Мұстафаның намысына тисе керек. Жаяу Мұса – ойын-сауықтың гүлі, қыздар қызы­ға­тын сол заманның серісі. Ел билеген Шорман әулеті де ешкімді місе тұтпайды. Жаяу Мұсаны қызына тең көрмейді. Осын­дай кішкентай кикілжің кейін үлкен дауға ұласады. Шорманның үлкен ұлы Мұса інісі сырқат болғандықтан, «қой» деп айта ал­мап­ты. Мұстафа 43 жасында 1850 жыл­да­ры қайтыс болса, Шорманның Мұсасы 1885 жылы өмірден озады. Одан кейін де қанша жау табылады. Барлығы – патшаның қойған шенеуніктері. Жер үшін тартысады. Жасыбай көлінің жағасында Жаяу Мұса әулетінің жерленген қорымы бар. Демалушылар соның қасында диско­тека ұйымдастырады. Жаяу Мұсаның баба­лары – малғозылардың бәрі сонда жатыр. Жаяу Мұсаға Әлкей Марғұлан, Олжас Сүлей­менов­тер жақын туыс болып келеді. Бұлар – Олжабай батырдың ұрпақ­тары. Шорман әулеті патшаға қызмет етті, қазақ­қа да пайдасы көп еді. Ақылды, сая­сат­кер Шорманның Мұсасы Жаяу Мұсамен та­р­тыс­қа түсуге аса құштар бол­ма­ған. Мұса Білал деген ұлын жұмсап, бір үйір жылқыға сары бүркітін айырбастамақ болғанда илікпейді. Шорманның Мұсасы мен Жаяу Мұса арасындағы қақтығыс Жәңгір хан мен Махамбет, Жанбота мен Біржан сал арасындағы дау іспетті отаршылдық сал­дары тұрғысынан қаралуы тиіс. Жаяу Мұса қажыр-қайратының арқасында ұзақ жаса­ды. 1929 жылы 94 жасында дүниеден озды. «Жауларымның бәрін жеңдім. Өйт­кені олардың маған өмірі жетпеді», – депті ол.

Мұрат ӘБУҒАЗЫ, күйші, өнер зерттеушісі:
Аспаптың алуан түрін меңгерген
– Жаяу Мұса сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз болған ғой. Домбырамен қоса, бірнеше еуропалық аспапта ойнай білген. Әншілігімен қоса, өз жанынан күй шығарып тартқан дейді. Кенен, Жамбыл тәрізді әнші-композиторлардың да жекеле­ген күйлері бар. Олардың түпнұс­қа­лық тар­тылуы бізге жетпей, тек нота үлгісінде сақталған. Нотаның қаншалықты дәрежеде түскені беймәлім. Тура сол нотадағы қал­пын­да шығарсақ, күй заман талабына сай келмей қалады. Сондықтан күйшілер репер­туарына енбей жүр. Сол себепті Жаяу Мұсаның күйшілігі тыс қалып, әншілігі айтылады. Жаяу Мұса мен Мәди Тәттімбеттің күйлерін орындаған деген дерек бар. Жаяу Мұса әндері Тәттімбеттің күйлері сияқты иірімге бай болып келетіні – соның әсерінен. Тәттім­бет­те теріс бұраудағы күйлер көп. Жаяу Мұсада да басқа композиторлармен салыстырғанда теріс бұраумен тартылатын әндер басымырақ. Әбікен Хасенов Жаяу Мұсаның «Ләйлім» әнін күйге айналдырып тартқан. Ол күйтабаққа түсіп, біздің зама­нымызға жетті. «Ләйлім» күйін Хабиба Еле­бе­коваға Әбікен Хасенов үйретіп кет­кен екен. Сол Хабиба апамыздан әннің сөзін де алып, «Сарыарқа әндері» жина­ғына кіргіз­дік. Жаяу Мұсаның Қали Байжанов, Жүсіп­бек Елебеков, Қосымжан Бабақов сияқты орындаушылардан жа­зып алынған әндері ғана таралып жүр. Нотаға түскен оның көптеген мұрасы сах­на­ға шықпай келеді. Жаяу Мұса Арқаның сал-серілік дәстүрінде өзіндік мектеп қалыптастыра білді. Ол кісі­нің көп жер көрген, көп оқыған білімдар­лы­ғы ескері­луі тиіс. Еуропадағы әртүрлі әскери жорық­тар сапарынан алған әсері ән өне­ріне маршқа ұқсас екпінді ырғақтар ретінде көрініс тапты. Жаяу Мұса – өмірде көп қудалауға түскен тұлға. Әндері де кү­рес­­керлікке толы. Қайтпас қайсарлыққа, жігерлілікке үндейтін Жаяу Мұса шығарма­ларын Дина Нүрпейісова да жоғары бағалаған екен. Дина шешей тіпті күрескер рухтағы әндерді Құрманғазының жалынды күйлерімен шендестіре қараған көрінеді. Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Құлтума, Жарылғап­бердідей сал-серілер жәрмеңкелерде ән айтысып, бір-бірінің жаңа әндерін үйре­нетін болған. Жаяу Мұса әндері – мәңгілік өлмейтін асыл мұра.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста