Аты да, заты да – КЕМЕЛ...
Шытырман хикаялы проза жанрында қалам тартқан белгілі жазушы Кемел Тоқаевтың туғанына 3 наурызда 90 жыл толғалы отыр. Аудармашы, детектив жанрының жанкүйері Заманбек Әбдешовтің жазбаларына жүгінсек, шығармалары кезінде Ішкі істер министрлігінің шытырман оқиғалы детектив жанрына тағайындаған арнайы сыйлықтарын иеленген Кемел Тоқаевтың бір кітабы 450 мың данамен шыққан кезі де болыпты. Соған орай сол кездегі баспа ісі саласының басшысы Шерияздан Елеукенов «Әуезовтің шығармалары да мұндай тиражбен шықпаған» деген екен.
Жазушы Алматы облысы Қаратал ауданы Кәлпе ауылында дүниеге келген. Жиырмаға толар-толмас шағында Ұлы Отан соғысына аттанып, 226-шы атқыштар дивизиясында, кейінірек 7-ші гвардиялық танк полкінің құрамында Сталинград, Белоруссия, Украина жерлерін азат етуге қатысқан. Майданда екі жарым жыл шайқасқан ол оң аяғынан ауыр жарақат алып, II топтағы мүгедек болып елге оралған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген соң Жамбыл облыстық газетінде қызмет еткен, кейін Алматыға келіп, «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жұмыс істейді.
Тұңғыш кітабы – «Жұлдызды жорықты» жазушы республика пионерлерінің өміріне арнаған. Одан кейін Кемел Тоқаев милиция қызметкерлерінің ауыр еңбегі туралы «Тасқын» атты көркем туынды жазады және ол тек қазақ оқырмандарының ғана емес, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия оқырмандарының да жүрегіне жол табады. Артынша жазушының кеңес чекистері тақырыбына арналған 10-нан астам кітабы, сондай-ақ «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?», «Сиқырлы сырлар» пьесаларының, «Қыс қарлығаштары», «Болашақ туралы ойлар», «Түнде атылған оқ» повесі, «Ұясынан безген құс», «Соңғы соққы», «Солдат соғысқа кетті» іспетті басқа да романдары қазақ және орыс тілдерінде басылып шықты. Қазақстанның Халық Қаһарманы, әйгілі партизан, жазушы Қасым Қайсенов баспасөзге берген бір сұхбатында: «Маған үйір боп, табандылық танытып, мен туралы қазақша, орысша кітап жазған Кемел Тоқаевтың еңбегін жоғары бағалаймын», – деген екен. Қасым Қайсенов туралы кітабын жазу үшін Кемел Тоқаев Қасым ағамен тіпті Украинаға дейін бірге барып, партизан достарымен кездесіпті. Бұл жазушының еңбекқорлығы мен табандылығының дәлелі іспеттес. Жүз мыңдаған тиражбен шықса да, Кемел Тоқаев туындылары кітап сөрелерінде тұрмайтын. Себебі оның еңбектері оқырмандардың үлкен сұранысына, қызығушылығына ие болатын және шығармалары жас талғамайтын.
Қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленген, қазақ әдебиетіндегі алғашқы детективтік шығарма – «Соңғы соққы» романы. Бұл романы жарыққа шыққаннан кейін жазушыға сыншылар мен көптеген оқырмандардан жақсы пікір мен алғыс білдірген хаттар түскен. «Соңғы соққы» романынан кейін жазушы өзінің ғұмырнамалық «Солдат соғысқа кетті» атты тарихи романын жазады. Романда қан майданды еш боямасыз, шынайы, әдеби көркем тілмен суреттейді. Кемел Тоқаев қазақ әдебиетінің ірі тұлғалары – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқановтарға үлкен құрметпен қараған. Ал өз замандастарының арасынан Әбділдә Тәжібаев пен Әбіш Кекілбаевты, кейінгі буын жазушылардан Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақ, Асқар Сүлейменов, Мұхтар Мағауин, Сәтімжан Санбаев, Баққожа Мұқай, Қоғабай Сәрсекеев, Оралхан Бөкей, Дулат Исабековтің шығармаларын жоғары бағалаған. Жазушының шытырман оқиғалы хикая, романдары шынайылығымен, өзіндік жазу стилімен, көркем тілімен ерекшеленетін.
Мемлекет қайраткері, көрнекті дипломат Қасымжомарт Тоқаев «Әке туралы толғаныс» атты ғұмырнамалық кітабында әкесі Кемел Тоқаев пен анасы Тұрар Шабарбаева туралы естелік әңгімелерін жазған. Бұл – перзенттің ата-анаға деген құрметі, жүрек сыры. Осы кітабында Қ.Тоқаев: «Әкем үшін Отан деген ұғым бәрінен де жоғары тұратын. Әкемде жекеменшіктік психология деген атымен болмайтын, қоғамның, мемлекеттің мүддесін әрқашан бәрінен жоғары қоятын. Ол шын мәніндегі зиялы адам болатын. Адамдар туралы ешқашан өсек айтпайтын, реніші мен ашуын сыртқа шығармайтын. Мұндай мінез әркімде бола бермеуі мүмкін. Ол ылғи да қиын немесе ыңғайсыз жағдайға тап болған басқалар үшін мазасызданатын. Әкемнің кітаптары оның мінезінің айнасы іспеттес: ол білімді, жан-жақты толысқан адам болды. Ол әдебиетке көзсіз берілген жан еді, сондықтан да күн демей, түн демей еңбек етті», – деп құрметпен еске алған.
Кемел Тоқаевтың өнегелі өмір жолы, еңбекқорлығы мен адами қасиеттері жас ұрпаққа үлгі болуға лайық. Ал оның туындылары әдебиет тарихындағы асыл қазына, өшпес мұра болмақ.
Замандастар лебізі
Шерияздан ЕЛЕУКЕНОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор:
Ол кісіні білмейтін адам кемде-кем еді
– Кемекеңмен Баспа комитеті жүйесінде қызмет етіп жүргенде таныстым. Оған дейін сырттай есіміне қанық болатынмын. Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ ССР Ішкі министрлігі кеңес милициясы мен чекистерге арналған шығармаларға бәйге жариялағанда бірінші бәйгені қатарынан төрт рет алып, қайран қалдырған лауреатты ол кезде білмейтін адам кемде-кем еді. Сондай-ақ детектив жанрына төселіп алған жазушының «Көмескі із», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма» повестері кітап сөрелерінде шаң қауып жатпай, тез арада өтіп кететіндіктен, баспа орындары пайда табу мақсатында әлденеше рет қайта басып шығарғанын да білетінмін. Сырттай сыйлап жүретін адамыңмен кездескенде қалай сөйлесіп шүйіркелесетінің белгілі. Орта бойлы, қапсағай денелі, толқынды қою шашын сол жақ самайына құлата қайыратын, үстіндегі киімін бипаздап, қыл жұқтырмай ұстайтын, әрқашан сабырлы, орнықты Кемекеңмен әрдайым жылы шырайлы сыйластық қатынаста болдық.
Мұзафар ӘЛІМБАЙ, Қазақстанның Халық жазушысы:
Уақытын жеке шығармашылығына арнады
– Кемел Тоқаев біртоға, тіпті тұйық мінезділеу, аз сөйлеп, көп тыңдауды қош көретін жігіт еді. «Кемел біреумен сөзге келіп қалыпты, жүз шайысыпты» деген сияқты әңгімені әсте естіген емеспіз. Әлдебіреулердің үстінен алыстан ғайбат айтып, айбат шеккенін де көрген емеспіз. Жазушы Кемел Тоқаевтың көркем әдебиет сынына атсалысып, қатар құрбы-қаламдастарының жаңа кітабына, газет-журналдағы әңгіме, хикаяттарына пікір білдірген тұсы да есімде жоқ. Ол өзін де, уақытын да жеке шығармашылығына арнаған қажырлы қаламгер болды.
«Социалистік Қазақстан» газетінде жауапты хатшы, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының «Жаршысында» бас редактор, Жазушылар одағында әдеби кеңесші болды да, бізден алыстау жүрді. Замандастары арасында сынапша сырғып, алты айда бір қызмет ауыстыратын баянсыздармен салыстырып қарасақ, Кемелдің ұстамдылығы, орнықтылығы ерекше еді. Өз басым тікелей, жиі араластық дей алмаймын. Бірақ кездескен сайын Кемел жаңа бір қырынан ашыла түскендей әсер қалдыратын.