«Атымды адам қойған соң...» қойылымы хақында

«Атымды адам қойған соң...» қойылымы хақында

25 қараша күні сағат 14.30-да Өскемен қаласының Ж.Жабаев атындағы облыстық драма театрында осы театрдың бұрынғы директоры әрі көркемдік жетекшісі, өмірден қыршын өткен дарынды режиссер, ақын Рүстем Есдәулетті еске алу шарасы өткізіледі. Бағдарлама бойынша  өнер шеберлері мен әріптестерінің естеліктерінен соң жұртшылыққа Р.Есдәулет туралы түсірілген «Бөрінама» деректі фильмі мен оның отандық және халықаралық бірқатар фестивальдың жүлдегері атанған, ұлы Абай жырларын өзек еткен жұлдызды қойылымы – «Атымды адам қойған соң...» спектаклі ұсынылады. Осыған орай марқұм режиссердің шығармасын арқау еткен жас ақын, әдебиетші Ұларбек Нұрғалымның ой-толғамын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Елорданың еңселі сарайлары мен ай­ту­лы алаңдарын дүбірлетіп «Шығыс Қа­зақ­стан облысының Астанадағы күндері» өтіп жатқан. Бағдарлама қағазының ішін­де­гі «бару керек» деп сызып қойған ны­са­на­мыздың бірі –  театр. «Атымды адам қой­ған соң…» қойылымы болмақ. Қоюшы ре­жиссері марқұм Рүстем Есдәулет екені жа­зылыпты.
Бардық. Қойылым әдеттегі көріп жүр­ген спектакльдерден мүлде өзгеше болып бас­талды. Басынан бақайшығына дейін лай-батпаққа сыланған адамдар күңгірт кө­леңкеден көлбеңдеп бой көтере бастады. Ор­тада – аспалы ағаш көпір. Оның ал­дын­да – су толтырылған құдық. Көп адамның бі­реуінің қолында – білтелі шам.
Қойылымға алғаш қозғалыс әкелетін оқи­ға – сәбидің дүниеге келуі. Ол нә­рес­тенің қазақ екені бесенеден белгілі болды. Кө­пір үстінде іңгәлаған сәбиді қазақы ана әл­диі тербетуі соны ұқтырды. Дәуде болса осы нәресте Абай болып ержететін шығар деп отырдық. Жоқ, олай болмады. Бұл қо­йы­лым дәстүрлі қойылымдардан өзгеше. Абай болып ержетсе де, ол бейнесімен көз­ге түспейді. Ақиқатқа суарылған сө­зі­мен тұлғаланады.
Қойылымда желі қуалаған пәлендей оқи­ға жоқ. Кейіпкерлер де бір-бірімен әдет­тегідей тіл қатысып сөйлесіп жатпайды. Бі­рақ бір кезең ғана емес, заманалардың ауы­суы батпақ кешкен адамдардың әр қи­мыл-әрекеттерінен, ым, ишараларынан тай­ға басқан таңбадай айқын көрініп тұр. Ал батпақ кешкен кейіпкерлердің де өз есім­дері бар. Олардың аттары адамның се­зім, түйсік аттарымен аталады. Олар: Ниет, Шүкір, Нәпсі, Қызғаныш, Сезім, Са­на, сосын Тобыр.
Мұнда ең басты дүние – шам. Ол қо­ғам­ның идеологиясы, яғни рөл ұстаушысы ретінде көрсетіледі. Енді осы шам кімнің қо­лына түссе – сол қожа. Қалағанына би­лік жүргізіп әкіреңдеп бағады. Шам Се­зім­нің қолынан Қызғаныштың қолына өтіп тай­таластар жүріп жатады.  Тобыр болса шам кімнің қолына өтсе, қоғадай жапы­ры­лып соның соңынан жүгіреді. Сол шамның бір кезде атеистік қоғамның қолына өт­ке­ні­нің шебер көрсетілгені сондай – қазақ даласын отарлаған басқыншы жұрттың зорлық-зомбылығы көз алдыңыздан тіз­бек­теліп өтеді. Дүнияуи қажеттілік бірінші орынға шығады. Соның жолында бәрін құрбандыққа шалатын Нәпсінің қолындағы шам алаулай түседі...
Әлмисақтан мұсылман қазақ ата дінінен аластатыла бастады. Шүкір, Тәубе, тіпті Сананың өзі Тобырдың ортасына түсіп, жұ­тылып бара жатты. Қазақтың жаны сон­да шырқырады. Абайдың тілінен зар шықты.

Есі кетіп елірген жұртқа:
Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап, алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойлан, шырақ!

– дейді. (Өлеңдер әр жағдайға байланысты әр кейіпкердің аузынан дыбысталады).
Дүние үшін бірін-бірі жеуге айналып, көздері қарауытып анталаған қалың нөпір мұны құлаққа ілер емес. «Дүниеге бой алдырған» Тобыр қайдан ұқсын! Ал олар ұқпады екен деп Ақиқат өзгеруші ме еді?! Ашулы Абай Нәпсі билеген қоғамның бетіне күйдіріп тұрып таңба басты.

Адам ғапыл, дүниені дер менікі,
«Менікі» деп жүргеннің бәрі Оныкі.
Тән қалып, мал да қалып,
                                      жан кеткенде,
Сонда ойла, болады не сенікі?

Есі ауып қалған Тобыр бұл сұрақтың жа­уабын ойланбақ түгіл, сұрақтың өзін кө­тере алмайтын еді. Көздерін бағжаң ет­кізіп сәл тұрды да, бастарын шайқап-шайқап жі­беріп, ары қарай лағып берді...
Абай дауысы ақыры сабырға көшті. Тү­бі оралар деді де, ары қарай жалғады.
Ақыл мен жан –  мен өзім, тән – менікі,
«Мені» мен «менікінің»
                            мағынасы – екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ
                              әуел бастан,

«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі.
Адам деген күрделі құбылыстың кім екені, не үшін өмірге келгені және жан мен тәннің мағынасы енді тіпті айқындала түсті.
Шырақтар, ынталардың «менікін» де,
Тән құмарын іздейсің күні-түнде.
Әділеттік, арлылық, махаббат пен –
Үй жолдасың қабірден әрі өткенде. –

Бұл – қайталап ескерту һәм түсіндіру. Баға­на­ғы құлағын бір көтеріп лағып кеткен То­быр­дан әлі де болса үміті бар еді. Ақиретке ненің баратынын, ненің осында қалатынын, ненің пана болатынын қолына таяқ ұстатқандай тәптіштеу – бұл.
Заманалар толқыны түйдектеліп келіп бір арнаға түйіліскен тұста қойылымның шие­ленісі шырқау шыңға шықты. Зұ­лымдық жайлаған қоғамда батпақтан (кү­нә­дан) аяқ алып жүргісіз болып күр­де­лі­ле­не­ді. Санадағы қайшылықтардың қақ­ты­ғысы қылыш тірескен сәтке жетті. Енді қайт­пек?
Енді батпақтан көзі жылтырап сүйретіліп құдықтың басына әзер жеткен Ниет мөп-мөлдір құдыққа қойып кетеді. Бұл құдықты исламға символдапты. Құдыққа түскен адам­ның бірінші айтатын сөзі кәлима, яғни «Лә илләһа иллаллаһ, Мұхаммед расул Ал­лаһ» екен. Енді жапа-тармағай сол құ­дық­қа бас қойды дерсіз. Пәленбай жыл жо­ғалтқан ақиқатпен, асыл дінімен қайта қа­уышты. Батпақтан көзі ашылғанда бір-бірін енді танығандай болып мәре-сәре болды. Бірақ мұның да қиындығы алда екен. Бұл да оңай болмады. Құдықтан шы­ғып, кәлимасын қайталап көпірді бетке ал­ған әлгі адамдарды енді үсті-басы батпақ жан­дар жүргізсеші! Алдын бөгеп кес-кес­теп тұрып алады. Құдықтан шыққан адам­дар­дың үстіне өз денелеріндегі батпақты жағып қуалайды. Ақыры барлығы қуаласа, қауымдаса, бір ілгері, бірін кейін тарта жүріп көпірге қарай беттеді.
Тұтастай Абай өлеңін арқау еткен аса күр­делі қойылымды көрермен демін ішіне тартып отырып көрді. Қойылым басталарда күлкі мен сауық жайында ойлап отырған жұрт енді тегіс күнә мен сауап жайында ойланды білем. Ойсыз-мисыз ыржалақтап отырған әлдебіреулер де желкесінен су кеткендей мүлгіп қалыпты.
Абай сөздері байыз таппай аласұрып ау­нақшыған жүректі қақ жарып кіріп ор­ныға қалды. Өз кеудемізден өзімізге жылы орын табыла кеткендей рақат бір күй кештік. Әлдеқайдан қаңғалақтап тіл ұшына сөз оралды. «Көңілден кірді қашырса, адамның хикмет кеудесі». Құдыққа біз де шо­мылғандай сейіліп, сілкініп қалдық. Өмі­ріміздің ақиқи мағынасын түсінуге (егер ары қарай ізденсек) қол созым жер қал­ғандаймыз!
***
Кеше ғана бәріміз «жап-жас жігіт…» деп мүрдесін жерге тапсырған Рүстем марқұм алпысты алқымдаған ақылман Абайдың тереңіне осылай бойлаған екен. Абай – адамзатқа ортақ ақиқатты танып, оны өз ортасы қазақ өмірімен өре отырып, өлеңге айналдырған тұлға. Рүстем оны театрлық тә­сілмен сөйлетті. Әрі мүлде басқаша әдіс­пен. Рүстемнің бұл еңбегі – театр саласында адамзат руханиятына қосылған айрықша үлес. Абай құпиясы секілді оның да құндылығы уақытқа байланысты ашыла бермек.
Абай тағылымының өзегі – адам. Ал адам – ақылымен адам. Ол ішіп-жеп, ұр­пақ қалдырумен ғана шектелетін хайуани са­на ма? Әрине, жоқ. Сосын да Абай «атым­ды адам қойған соң...» дейді. Ақыл-қай­ратын Алла жолын танымақтыққа жұм­сай­ды. Режиссердің осы сөзді қойылымның аты етіп алуын әлдебір кездейсоқтықтан деп әсте ойламаңыз.
 Тәнінен жаны әлдеқашан ажырап кет­кен, Рүстемге біздің мадақтың керегі жоқ та шығар, бәлкім. Бастысы, адамзат ба­ла­сын ақиқатқа үндеген бұл еңбегін ақиретке са­уабы барып тұрар игі амалдарының бірі болар деп ойлаймыз, иншалла!
 «Жас еді... жақсы еді..» деп жанарына жас үйірген жора-жолдас, жақын, қимас жан­дарына соңғы рет сахналаған қой­ы­лы­мы­мен Рүстемнің өзі басу айтып тұр­ғандай:
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел баста,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі.

Ақиқаты да – осы. Өмірдің бұдан өзге қандай байлауы болмақ!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста