Атып өлтіремін: Белгілі журналист Төреғалидің әкесі қоқан-лоққы жасағанын айтты
Отандық журналист, шоу бизнес саласында он жылдан бері қызмет атқарып келген Зарина Мүсілім Төреғалидің әкесі өзін қорқытқанын айтқан. Өзі айтқан сөздерін эфирге жібергені үшін Төреәлі мырза "сені атып өлтіремін" деп қоқан-лоққы көрсеткен деп хабарлайды "Жұлдыздар әлемі" сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Жуырда Төреғалидің Павлодардағы әрекетіне наразы болып, желі парақшасы арқылы оның халықтан кешірім сұрауын талап еткен Зарина Мүсілімнің айтуынша, ол жұлдызды отбасының көрсеткен қырына таңғалмайтын болған. Себебі бұған дейін де талай рет Төреғалидің әкесінен сөз естіп, тіпті "атып өлтіремін" деп қорқытқанын да жеткізді.
"Сайып келгенде, бір терінің пұшпағын илеп жүрміз ғой, сондықтан, Төреғалиға жұдырық емес, жанашырмын. Былапыт сөзі үшін, кешірім сұрағанын қаладым. «Әй, Төреш, кешірім сұра» деп жазсам, ол мән бермес те еді. Өзімен бір сахнада жүрген әріптестерінің айтқаны дұрыс қой. Сондықтан, ағаларға тиістіріп жаздым.
«Имидж үшін, бір топты қуып жіберуге дайын еді, «Әр қазағым – жалғызым» деп әдемі пост жазатындар – залдағы мың қазаққа пасық сөз айтылғанда, неге үнсіз?» дедім.
Бағлан Әбдірайымов түсінді. «Ninety one» тобына қарсы шыққандардың бірі сол еді.
«Құлақтағы сырғаларыңды шешпесеңдер, еркекше сөйлесеміз» деді ол. Төреғалиға да бірден: «Кешірім сұра» деп ұрысып алды. Боксер ғой, тәтті сөйлей алмайды, турасын айтады. Төреғалидің бұлай деп еркінсінгені бірінші рет болып тұрған жоқ. Шымкенттік әріптесіме де дөрекі жауап қайтарғанын көрдік.
Ол қыздың әлеуметтік желіде жақтастары болмай, жабулы қазан сол күйінде қайнап тұр әлі. Жарайды, журналистер өздері үшін тұра алады ғой, ақпарат қаруы – қолымызда. Халық ше? Төреғалиді жақтаушылар: «әлгі ағаның өзі кінәлі, кішкентай балалармен сахнада суретке түсе бергені үшін, Төрешті жазғырған» деп жатыр.
Сол жерде Қайрат Нұртас болса: «аға, келіңіз сізбен де суретке түсейін» – деп, мәселені басқаша шешер еді", - деді ол.
Ол Төреғалидің бұл әрекетіне еш таңғалмағанын айтты.
"Екі жыл бұрын, Төреғалидің әкесімен ұрысып қалған едім. Ол: «Еркені танытқан Төреғали» деп сұхбат беріп, соңы дауға ұласқан. Сол сұхбатымды неге шығарасың деп, маған телефон шалып, аузына келгенін айтқан-ды. Берген өзі, Еркенің абыройын түсір деп қинағамыз жоқ.
«Мен сені атып өлтірем, жоқ қылам, Қазақстанда жүргізбей қоям» деп уәде етті. Өзгелерге айтқанымда, көзіне жас алғандар болды. Емізулі сәбиім бар еді, сүтім тартылып қалды. Сенесіз бе? Қателігім сол, диктофонды қоспаппын. Тек жылап тұра беріппін. Маған, қаршадай келіншекке солай сөйлеген адамның баласы былапыт айтты дегенге таң қалмауым – осыдан шығар?!", - деп наразылығын білдірді Зарина.
Дегенмен журналист Төреғалидің өзгелерден ерекшеленетін тұлғалық қасиеттерін де жоққа шығармады.
"Оның әндері – сөзімен ерекше. Ақын ғой. Қайнар Алагөзов жазып берген туындылары – тіпті керемет. Қайнар – сөздің жанглёрі. Жанглер қолындағы шарларды қалай шебер ойнатса, Қайнар да сөзді солай лақтырып, қағып алып отырады. Сөзді түсінетін, әнді түсінетін, «Жаным қазақ» деп шырқаған жігіттің – сахнадағы ісіне неге ренжігеніміз – енді түсінікті болған шығар?! «Нельзя очаровываться, чтобы не было больно при разочаровании» дейді орыстар. Сондай болып тұр ғой. Бірақ, кешірім сұрады, тұтас ел болып, кешірімін берді", - дейді ол.
Сұхбаттасқан Ғалымжан Сәңкібаев