Аударма ел мен елді жақындастырады
Соңғы кезде аудармалардың сапасыздығы, тұрпайылығы, мағыналық қайшылығы, ондағы түрлі өрескел қателіктер жайлы баспасөздерде жарыса жазылуда. Теледидарда қаншама хабарлар беріліп, пікірталастар өрбуде. Осының бәрі түптің түбінде білімді, білікті аудармашы мамандар даярлаудың қажеттілігін өткір көтеруде. Осы орайда біз белгілі журналист-публицист, болашақ аудармашыларды даярлап жүрген ұстаз, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Әнуар Тарақовтың бірауыз пікірін білген едік:
– Тәуелсіз мемлекетіміз үшін аса маңызды осынау міндетті шешуде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті біршама бағдарлы жұмыс жасауда. Бұрын орыс-қазақ, қазақ-орыс тілдерінде аударма жасап жүрген студенттер соңғы жылдары қазақшадан – ағылшын тіліне, ағылшыннан қазақ, орыс тілдеріне әртүрлі шығармалар аударып жүр. Студенттердің аудармашылық машығын жетілдіру бағытында да оң істер бар. Ең бастысы – кафедра оқытушылары аударма ісіне маманданған. Соңғы кездері көптеген негізгі пән бойынша оқу құралдары әзірленді. Аударматану ғылымының әлемдік жетістіктері жаңа зерттеулерге негіз болуда. Диплом жұмыстары мен магистрлік диссертацияларда қазақ көркем шығармаларының орыс, ағылшын тілдеріне аударылу деңгейі сараланумен бірге, шетел және ТМД елдері әдебиетінің қазақша тәржімелену сапасы да сарапталуда. PhD докторанттар мен магистранттардың қазақ аударматану ғылымы туралы мақалалары шетелдік беделді басылымдарда жариялануда. Аударма ісі бөлімін үздік бітірген студенттеріміз мемлекеттік органдарда, Қазақстандағы шетелдік компаниялар мен фирмаларда және еліміздің әр саласындағы ірі мекемелерде аудармашылық қызметін жалғастырса, магистранттарымыз жоғары оқу орындары мен колледждерде ұстаздық етуде. Әрі аударматану ғылымы саласындағы ізденістерін жалғастыруда.
Аудармашы – аса қиын мамандық. Тәуелсіз еліміздің бүгіні мен келешегіне қажетті мамандық. Қазақстанның барлық құрлықтағы мемлекеттермен қарым-қатынасы артып келе жатқан кезде әртүрлі байланыстардың жасалуы аударманың қай түрінің де маңыздылығын айқындай түседі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетіндегі аударма ісі бөлімі талапкерлердің аудармашы болу арманын жүзеге асыруына толық мүмкіндік жасауда. Соңғы уақытта ауызша аударма түрінен (синхронды және ілеспе аудармашы) маман даярлау қолға алынуда. Қазіргі заманғы техникалармен, аппаратуралармен жабдықталған кабинеттер бар. Мұндағы пәндер мен курстардың мазмұны аударманың бұл түрінен мамандануына толық сәйкес келеді.
Тәржіме – талай ғасырдан бері халықтар арасындағы қарым-қатынастың, сан алуан байланыстардың алтын арқауы. Бұл – мәңгілік үзілмес мықты арқау. Ел мен елдің арасындағы түсіністік пен туыстықтың қуаты, тірегі. Халықтар арасындағы сан салалы қатынастың қолдаушысы аудармашы мамандығы екенін айтсақ, аудармашы болу – әрбір саналы, білімді жастың асыл мұраты. Сол асыл арман-мұратты іске асырар білім мен ғылым ордасы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің аударма ісі бөлімі. Ол қазіргі уақытта халықаралық коммуникацияның аса қажетті буыны – аудармашы деген қадірлі мамандықты даярлайды. Мұнда студенттер қазақ, орыс бөлімдерінде ағылшын тілін оқумен бірге аударманың барлық түрін меңгеріп шығады.
Қаперге
ҚазҰУ-дың филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде 15 жылдан астам уақыттан бері аудармашылар даярланып келеді. Бұрын «әдеби шығармашылық және көркем аударма теориясы» аталған кафедра қазір «аударма теориясы мен әдіснамасы» деген атауға ие. Кафедра негізінен жазбаша (ақпараттық) аудармашылар даярлайды. Яғни аударма ісі бөлімін бітірген студенттер ғылыми-көпшілік, техникалық ресми-іскери және басқа да қоғамдық саладағы әдебиеттерден аударма жасауда. Мұнда негізгі басымдық көркем аудармаға беріледі.