«Әуезов» «Қуанышбаевқа» сыймай, «Байсейітоваға» барды
Алматыдағы «әкемтеатр» аталған М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театры Астанаға гастрольдық сапармен келді. Бұл жолы Арқаға ат басын тіреген өнерпаздарымыз Көкшетаудан келе жатыр екен. Қоржындарында өздерімен ала келген бес қойылым – «қонақ-кәделері» бар көрінеді.
Өкініштісі сол, Елордамыздағы театр саласының үлкен проблемасы – театр ғимаратының тарлығы. Бұл мәселені «Алаш айнасы» да талай мәрте көтерген еді. «Әкемтеатрдан» келген өнерпаздарымыздың алдында осы жағынан ұятты болған жайымыз бар. Астанадағы қазақ театрының қара шаңырағы саналатын – Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театры Алматыдан келген қонақтарға өз сахналарын ұсына алмады. Тым тар. Алматылық өнерпаздарымыз амалсыз Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының ғимаратын қанағат тұтуына тура келді. «Біз сахна декорациясының 30 пайызын ғана алып келдік, соның өзінде сыймай жатыр», – деді әртіс Азамат Сатыбалды. «Ал Астана театры барлық керек-жарақтарын асынып, гастрольдық сапармен бізге келгенде, біздің сахнаның тек жартысын ғана алғаны есімізде. Сосын сахнаны толтыру үшін өзіміздің декорациялық бұйымдарымызды бергенбіз», – деді Қазақстан халық әртісі Бекжан Тұрыс. Расымен де, ұялады екенсің. Сахнаның жағдайы келіңкіремегендіктен, «Томирис», «Гамлет» тәрізді үлкен-үлкен спектакльдерді әкеле алмапты. Өкінішті-ақ... Десек те, «Қаллеки» театрының саңлақтары бүгінде талай жетістіктерді бағындырғаны ақиқат. «Шетінен сен тұр, мен атайын деген жігіттер екен. Келешекте «қара шаңырақты» (М.Әуезов атындағы театр. – Авт.) басып озуы мүмкін». – дейді Бекжан Тұрыс Астана әртістеріне берген бағасында. Әттең, ғимаратқа жарымай отырмыз, әйтпесе елордалық әртістеріміздің бағындырар шыңы бұл ғана емес еді.
Астананың әр бұрышынан күн сайын бір ғимарат құрылысының тұрғызылып жатқанының куәсі боламыз. Бірақ арасынан қазақ театрының сұлбасы әлі көрінбейді...