Әуезов сабақтары
Соңғы уақыттарда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 75 жылдық мерейтойына орай осы оқу орнында көптеген мәдени-танымдық кездесулер мен түрлі көрме, конференциялар ұйымдастырылуда. Осы орайда мерейтойлық бағдарламалар жобасына енген шаралардың бірі ретінде кеше университетте «М.Әуезов және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Ұлы суреткердің туған күніне негізделген конференция барысында жазушының шығармашылығы мен ғылыми-зерттеу еңбектерінің басты бағыттары және қазақ әдебиеті мен әлем әдебиеті арасындағы байланыстар, сондай-ақ М.Әуезов мектебінің дәстүрі мен шығармашылығы жайлы жоғары мектепте оқытудың келелі мәселелері талқыланды.
Аталған шараға алыс-жақын шетелдерден және республикамыздың жоғары оқу орындарынан танымал әдебиеттанушы ғалымдар, белгілі ақын-жазушылар, сондай-ақ студенттер мен магистранттар қатысты.
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ, филология факультетінің деканы, филология ғылымының докторы:
– Мұқаң 30 жылға жуық осы қара шаңырақта ғұмырын өткізді, қазақ ауыз әдебиетінен, манастану, абайтану, әлем әдебиетінен лекциялар оқыды. Сонымен қатар қабырғалы қаламгер өзінің «Абай жолы» эпопеясын және қазақ әдебиетіне байланысты оқулықтарының көпшілігін осы қара шаңырақта қызмет еткен жылдары жазған. Сондықтан Әуезовтің біздің университеттегі орны ерекше дейміз.