Әуезов театры 90 маусымын ашты
Қазақ өнерінің қарашаңырағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 90-маусымын «Абай» спектаклімен ашты.
Маусым премьерасы алдында театр ұжымы тілшілерге арнап арнайы баспасөз мәслихатын өткізді.
Оған театр директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл, Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның еңбегі сіңген әртісі Данагүл Темірсұлтанова, жас режиссер Елік Нұрсұлтан қатысты.
Баспасөз мәслихатында биылғы жылы атқарылған шаралар жайы сөз болып, алдағы маусымның жоспары таныстырылды.
Жыл сайын театр маусымының ашылуына келуді дәстүрге айналдырған тілшілер қауымы үшін биылғысы жаңалыққа толы болды. Атап айтқанда, ұжйым басшысы болып Ерлан Біләл келгелі бері театрға 10 актер жұмысқа қабылданса, өнер ұжымының төлтаңбасы, яки логотипі жаңартылған. Сондай-ақ, театрдың бірқатар актерлары «Қазақфильм» кино студиясы қолға алып отырған сан салалы туындыларына түсуге мүмкіндік алып, халықаралық форумдар, фестивальдер мен семинарларға қатысып, тәжірибе алмасып қайтуды жоспарлауда. Одан бөлек жаңа маусым қарсаңында театрдың елуден аса актері қыркүйектің 11-і күні «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған Елорда төрінде өткен «Мәңгілік ел» атты театрландырылған қойылымға қатысып, ел мерейін үстем етіп қайтты. Ал қазанның 9-ында Тараз қаласындағы Орталық стадионда «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай өткен театрландырылған көрініске қатысқан 500-ге жуық әртістің тең жарымын нақ осы ұжымның қызметкерлері құраған.
«Осы маусымда бұдан бөлек Ж. Ерғалиевтің «Қилы жол» драмасы (сахн. Нұсқасы: реж. А. Кәкішева) сахналатын болса, ал демеушілер табылып жатқан жағдайда басқа да спектакльдерді көрермен назарына ұсынамыз деген ойдамыз. Театр ұжымы Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығы қарсаңында бірқатар шараларды да қолға алғалы отырғанын атап өткім келеді», - деді Е. Біләл.
Театр басшысы сондай-ақ кейінгі жылдары сахналып жатқан әр спектакльге мониторинг жүргізіп, қай туындыға көрермендердің көп немесе аз келетінін анықталып отыратыны, осы мониторинг негізінде көпшіліктің сұранысына ие туындылар репертуарға жылма жыл автоматты түрде қосылып отыратынын айтты.
«Біз неге көрермендердің көңілінен шыққан, театрымызға қосымша кіріс әкеп отырған туындылардан бас тартуымыз керек. Егер әлдебір шығарма өнерсүйер қауымның зор ықыласына бөлініп жатса, ондай шығарманың өміршең болуы заңдылық», - деді театр басшысы.
Көңілге медеу болатыны театр ұжымы бүгінгідей әлемдік деңгейдегі дағдарыс орын алған шақта спектакльдердің билет құнын ешбір өзгеріссіз бұрынғысынша қалдыратынын ескертіп өнерсүйер қауымға зор қуаныш сыйлағандай болды.
Театр жыл сайын жаңа қойылымдар фестивалін өткізетіні белгілі. Алдымыздағы «Театр көктемі-2016» фестивалінде театр өзінің 90 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтуді жоспарлап отыр.
«Жаңа заман туар, жаңа ұрпақ келер. Заман өзгереді. Ол заманды мен көре алмаспын, бірақ көре алмасам да, сол заманға сәлем деңдер, сәлем деңдер достарым» деп Абай аманат еткендей, зымыраған уақыт керуені тоқтаусыз жылжыса да, 1940 жылы А.Тоқпановтың, 60 жылдары Ә.Мәмбетовтың, 90 жылдары Ж.Хаджиевтің, Б.Атабаевтың, 2010 жылдан Е.Обаевтың режиссурасымен сахналанған қойылым әдемі жалғасын тауып келеді. Әр режиссер, актер ақын жанын әр қырынан ашты, әр кезеңнің өз Абайы, өз көрермені болды.
Ұлы Абайдың шығармашылық тұлғасы өз алдына, қараңғылық қыспағындағы қазақ арасынан асып шыққан, сол қоғамдағы жаңа заманның, өркениеттің бастауы болған, ортасынан оза шапқан шәкірттерінің ішіндегі жақсысын тани білген, адамгершілікті ту еткен, зұлымдықпен күрескен соқтықпалы, соқпалы ғұмырын сахнаға алып шығу бағы мен бабы қатар шапқан өнер иесіне ғана бұйырады. Өмірін өнерге арнаған, театрға жанын беріп, терін төккен талай театр тарланының арманына айналған, еншісіне тимей, қанжығасына байланбай кеткен “Қазақтың бас ақыны” Абай рөлін сомдау – М.Әуезов театрының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләлдің сомдауымен сахна төрінен орын алмақ. Сонымен қатар, “Абай” трагедиясында өнердің жілігін шағып, кіл майын ішкен М.Әуезов театрының сахна саңлақтары өнер көрсетеді. Атап айтқанда, Әйгерім – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Д.Жүсіп, Айдар – «Серпер» Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Е.Дайыров, Ажар – «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері Н.Қарабалина, Мағауия – Ж.Байсалбеков, Әбдірахман – Б.Айтжанов, Оразбай – ҚР еңбек сіңірген артисі А.Бектемір, Жиренше – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Б.Тұрыс, Тәкежан – Ж.Әміров, Керім – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Д.Ақмолда, Баймағамбет – ҚР еңбек сіңірген қайраткері О.Қыйқымов, Зейнеп – ҚР еңбек сіңірген артисі Р.Хаджиева т.б.
Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көңілін қойып, көзін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Думан – саулық ойда жоқ әуел баста – ақ, – деп Абай толғанғандай, заман озса да, артына тозбайтын сөз қалдырған Ұлы ақынның өмірін, шығармашылығын арқау еткен қойылымды көргіңіз келсе, М.Әуезов театрына асығыңыз!
Дәурен Құдайберген